Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:56, 09 Сәуір 2024

Зардап шеккендердің бәрі «алып қалайын» деп аузын ашып отырған жоқ

Мансия Садырова
Фото:

Қазір еліміздің он облысында су басып отыр, бұл өте қиын жағдай. Бір жағынан шынымен қар мен жауын-шашын көп болғаны үшін туындаған табиғи апат шығар.

 Бірақ екінші жағынан су қоймаларының тозуы мен жауапты органдардың жұмысы да себеп болғаны анық. Биыл қар жауғанын көріп отыр, ертеден тиімді шараларды қолға алу керек еді.

Су тасқыны салдарынан ауыл-аймақтағы көп адам үй-жайынан, жиған-тергенінен айырылып қалды. Оларға гуманитарлық көмек беріліп жатыр. Мемлекет, қалталы азаматтар мен ұйымдар шынымен сапалы өнімдер жіберетін шығар. Бірақ қарапайым адамдар гуманитарлық көмекті шамасына қарай береді, киім-кешек, азық-түлік алғанда барынша қолжетімдісін таңдауға тырысады. Бұл жерде таңдауға мүмкіндік жоқ деп ойлаймын.

Ал керек емес заттар жайлы айтсақ, менің ойымша, киілген киім беруге болмайды деген сөз жоқ. Бірақ тұтынуға жарамайтын, тозған заттарды беру дұрыс емес. Бұл соны берген адамдардың мәдени деңгейін көрсетеді. Көмекті орта деңгейлі немесе жоғары деңгейлі адамдар беріп отыр деп ойлаймын. Олар апатқа ұшырағандар қандай дүние болса да тұтына береді деп ойлай ма, әлде мәдени деңгейі төмен бе деген сұрақ туындайды. Сол үшін жұрттан жиналған көмекті таратқан кезде ұйымдастырушылар дұрыстап қарап, керексізін алып тастап отырғаны жөн.

Адамдар жарамсыз заттарды не үшін береді? Кейбіреу «осы да жарайды» деген көзқараста болуы мүмкін. Бірақ көбі көмек деген соң бір пайдасы тиер деген жақсы оймен береді деп ойлаймын. Мысалы, той көйлегін жіберген тұрғын, су тасыған өңірде той болуы мүмкін деп ойлаған шығар. Сол үшін көмек берген адамдарды кінәлай алмаймыз. Өйткені олардың қандай оймен бергені белгісіз. Шынымен сол зат керек деген жақсы ойда болған шығар.

Кейбір адам қолында барын берсе, тағы біреулер дүкеннен сатып алып беруі мүмкін. Бұған адамның ой-санасы, қызығушылығы, мәселені қалай түсінетіні және апатқа ұшыраған тұрғындарға деген көзқарасы әсер етеді. Ең бастысы, зардап шеккен халықтың жағдайын қалай қабылдауына байланысты, қайырымдылық жасаған адам көмекке зәру адамға не керек екенін түсініп, сол адам тұрғысынан ойлана алуы керек. Адамның бәрі бірдей емес, мұны әр адам әр қалай түйсінеді. Бұл адамның жасына, жұмысына, статусына, тәжірибесіне және біліктілігіне байланысты. Көп адам халыққа не керек екенін білмей, өзінде бар артық затын беріп жатады, қарсы тарапқа не керек екенін ойлайтын деңгейге жете қойған жоқпыз. Мұндай мәдениет бізде әлі жоқ па деп ойлаймын.

Ал гуманитарлық көмекке қиындыққа ұшыраған халықтың таласуының да өз себебі бар. Бір жағынан кезек күтіп отырсам, маған жетпей қала ма деген өзіне және билікке деген сенімсіздігі әсер етеді. Екінші жағынан мұнда да адамның мәдени өресі мен адамгершілік деңгейіне байланысты болады. Бұл бір өңірдегі тұрғындардың немесе жеке адамның емес, ұжымдық мәдениет. Мысалы, қазақстандықтардың мәдениет деңгейі жайлы айтсақ, бірдеңе тегін беріліп жатыр дегенді естісе, көп адам «тобыр заңына» ілесіп кетеді.

Мұндайда өз кезегін күту тәртібі сақталмайды. Көбі тегін заттың бәріне бірдей жететініне сенбейді. Сол үшін жапа-тармағай таласып, алып қалуға тырысады. Халық арасында әртүрлі адам бар. Біреу үлкен адаммын дейді, біреу аурумын дейді, тағы біреулер саналы түрде көбірек алып қалуды көздейді. Сол үшін жауапты адамдар халық таласпайтындай тәртіппен ұйымдастырып, қадағалап, реттеп отыру керек.

Апаттан зардап шеккендердің бәрі алып қалайын деп аузын ашып отырған жоқ, бірақ адамның табиғи сұранысы деген болады, олар үйінен, жиған-тергенінен айырылып отыр. Қатты қиналғандықтан берілген көмекті барынша алып қалайын деп ойлауы мүмкін. Бірақ халықтың бәрі тегінге таласа береді деп ойламаймын, көбі өз жағдайын өзі жасап, шыдамдылықпен өмір сүріп жатыр.

Мансия Садырова, әлеуметтану ғылымының докторы