Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:02, 04 Сәуір 2024

Сол айнаға қарауға қорқасың кейде...

Досхан
Фото:

Бишімбаевтың соты клоунада ғой кәдімгі. Бұл жолы билік су тасқынынан халық назарын аударту үшін ештеңе ойлап тапқан жоқ. Жәй ғана бар нәрсені оңтайлы пайдаланып отыр.

Ескі сценарийдің жаңа кейіпкерлері.

Біздің қоғамда өзі апат бола қалса бір хайп жаңалық дайын тұрады емес пе? Сайлаудан кейін Байзақова деген үйленемін деп шулатты. Айканың тізімі тағы бір былықтың бетін жабу үшін шыға қалды. Әлеуметтік желілерде су тасқыны басталғалы бері «Төреғали мен Қайрат Нұртас бірдеңе бүлдіреді-ау» деп күдіктенді. Әзіл десек те, халықтың мұндай сценарийлерді біліп қалғаны байқалады. Бір штамптан шыққан Голливуд фильмдері сияқты.

Топан судан ел назарын аудару үшін Бишімбаевтың соты болмаса, тағы бір список шығар еді. Болмаса, Ерке мен Райым ажырасайын деп қалатын еді. Тіпті болмаса бір есерсоқ блогер тағы бір нәрсе істейтін еді.

Бұл саяси ойынның ажырамас бір бөлігі ғой. Оған кінә қоюға да болмайтын шығар. Бірақ саяси кинолардың соңғы уақытта сапасы қатты нашарлап кетті.

Ал тікелей Бишімбаев соты туралы, оның әрекеті туралы не айтуға болады? Ештеңе айтудың қажеті жоқ шығар. Бәрі көрер көзге көрініп тұр. Адамның өз ішінде ар соты болады дегенге сенімім әлсіреп қалды. Әйелін өлтіріп алып, артынан мұнша сабырлықпен кінәнің көбін марқұмға арту үшін қандай дәті берік болуы керек? Тіпті сот отырысында «көріпкелге хабарласқанда ол ештеңе болмайды» деп айту үшін қандай «арлы» болуы керек адам? Білмеймін…

Адамның ары – оның рухани өзегі. Ондай адам адам өлтіруге бармайды. Өкінішке қарай, өзегі дамыған, иммунитеті бар адамдар көп емес. Ал адамның қадір-қасиеті жалпы қоғамнан тыс және одан тәуелсіз болмайды. Қоғамның әлеуметтік, ұлттық, діни, индивидуалды және тұлғалық саралануы адамның санасы мен сезіміне, арына, деңгейіне, сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан адамның қандай ортада, я қандай қоғамда өсуі һәм тәрбие алуы маңызды. Бишімбаевқа келер болсақ, ортасы қандай болды, қандай қоғамда өсті, оған да назар аудару керек шығар, бәлкім.

Қандай жағдайда да адамдар бір-біріне қол көтермеуі керек деп ойлаймын. Ол әйел болсын, еркек болсын, бір-бірінің құқын таптауға жол берілмеуі тиіс. Бірақ осы сот отырысынан біздің қоғамдағы адам құқықтарының қорғалу деңгейін көруге болатын шығар. Жалпы қоғамда орын алып жатқан, халық артынан еріп кетіп, талқылап жатқан бүкіл проблема жалпы біздің айнамыз.

Сол айнаға қарауға қорқасың кейде...

Досхан Жылқыбай, жазушы

Фото: baribar.kz

Тегтер: