Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 09 Сәуір 2024

Көбімізде қоғамға қатысты жауапкершілік сезімі жоқ

Есбол Нұрахмет
Фото:

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуде екі жағдайды байқауға болады. Мұның бірі, көмек қолын созу мәселесі, екіншісі, пайда көру деген нәрсе.

Екеуінде екі түрлі психология. Көмектесуші ескі де болсын затын елге беріп, артық дүниелерден құтылып жатыр. Және біреуге көмектесе алдым, мен де қол ұшымды создым деген адами эгоға, жарылқадым деген сезімге бөленеді. Сол психологиядан келіп кісімсу, пайдалы бола алғандай күйлер келеді. Адам – әлеуметтік жануар. Дәл осы себептен де адам баласы ешкімге жақсылық жасамай, ешкімге көмектеспей өмір сүре алмайды. Онсыз өзін толық адам ретінде сезінуге бірнәрсе жетіспей тұрады. Біреуге жол көрсетіп жіберу немесе қандай да бір жағдайда мейірім таныту, сәл демеп жіберу адамның ішіндегі бір кем-кетігін толықтырады. Осы тұрғыдан келгенде көмек жіберіп жатқан адамдар ішіндегі осы бір орынды толтырып жатыр деуге келеді. Бұл тұрғыда оларды мен расымен кішкене де болсын көмектесе алдым ба, жоқ па деген сұрақ аса алаңдата қоймайды. Көмектестім деген өзін алдау санасы басым.

Ал қажетті заттарды бір жерден алып екінші жерге сату шын мәнінде де кәсіпкерлердің ісі емес. Таза кәсіптің адамы, шынайы кәсіпкер дәл мұндай кезеңде, керісінше, бағаны барынша азайтып, қолынан келгенше көмек жасайды. Мына ұят тірлікті жасап отырғандар үнемі әр нәрседен пайда көруге тырысып қалатын адамдар. Енді мұндай адамдар неге көп туындайды деген сұрақ та ойға оралады. Қай қоғам болса да «еліктеу» барлық жерде бар. Біріне қарап бірі үлгі алады. Сол секілді бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар бір-біріне қарап «мен де неге солай жасамаймын, неге жасамасқа» деген ой қалыптастырады. Әуелде ешкім ондай қадамға бармаса «ұят» деген түсінік тұрып, адамдар ондай әрекет жасамас па еді. Бірақ ұяттың қақпағы ашылып, оның қадірі қалмаған жерде не айтасың? Мәселен, барлық тұрғыдан көршіңмен бірдей сияқтысың, әлеуметтік жағдайың, өмірің, сөзің, бәрі. Егер оның бір ұлылығын көріп қалсаң, бір күні сенде де неге көрмеске деген ой пайда болмай қоймайды. Ол әбден мүмкін.

Бір жағынан бұл 30 жылдық Назарбаев билігінің инерциясы деуге де болады. Мәселен, ол кезде биліктегілер, шенді қызмет алғандар тек жайлы креслосы мен жұмсақ орнын, мансаптық өсуін, қарақан басы мен өз қамын ойлады. Қалтаны, ақшаны күйттеді. Ал астарындағы жауапкершілікті, халық алдындағы жүгін сезінбеді. Мәртебесі мен көтерілуіне риза болып жүре берді. Ішінара болған шығар, бірақ көпшілігі баю үшін, жағдайын жасау үшін ұмтылды. Отбасыма, өз балаларыма жасайын деген түсінік болды. Өзімізді асырасам, жеткізсем болды деп қоғамға деген жауапкершілікті ұмыт қалдырды. Содан болар, көбімізде қоғамға қатысты жауапкершілік сезімі жоқ. Ондай жерде бәрі өз пайдасын ойлап, басқа нәрселерге бас қатыруды қояды.

Бұл орайда жаңа билік, жаңа қоғамдық түсініктер қалыптасып, әр азамат қоғам үшін жауапкершілікті сезіну керек. Әр әкім азаматтарға қарағанда жауапкершілігі бірнеше есе көп екенін, әр облыс әкімі аудан әкімдерінен 3-4 есе көп жауапкершілік алатынын түсіну қажет. Президенттен бастап, оның айналасындағылар жауапкершілікті түсінгенде ғана ниет түзеледі.

Есбол Нұрахмет, жазушы