Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:49, 04 Сәуір 2024

Қазақ қоғамы қатыгезденіп барады

Кәдірбек Сегізбайұлы
Фото:

Экс-минситр Қ.Бишімбаевқа қатысты сот ісі жүріп жатыр, оған бәріміз куә болып көріп отырмыз. Менің бір байқағаным, осыған қатысты айтылып жатқан нәрселерден бөлек адамдардың бір-бірін қадірлеуі, бағалауы қазір азайып бара жатқан сияқты.

Адамгершілік деген болады. Қазақта сөз бар, «қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» деген. Бишімбаев оқыған, тоқыған, көзі ашық азамат еді, жастайынан министр де болды. Өзіне тән сүйкімі де жоқ емес еді. Ал енді мына елдің бәрі көріп отырған әрекетін түсіне алмаймын, қалай да оның жазасы ауыр болуы керек.

Осыған қарап отырып адамның адамды бағалауы мен қадірлеуі деген нәрсенің жұтап бара жатқаны ма деп те ойлайсың. Басқаны емес, бөтенді емес, өз әйелін қорлау, қинау деген адамшылыққа жатпайды. Ал енді осы әрекетін ақтап алуға тырысып жатқан туыстары мен адвокаттарына тіпті де таңғаламын. Олар да ештеңеге қарамастан, «қолымен істегенді мойныңмен көтер» деу керек еді.

Жалпы алып қарасақ, қазір адамдар тым қатал болып кеткендей көрінеді. Адамның құқығы деген елеусіз нәрсеге айналып бара жатқанына қарсымын. Бәрін қойғанда, көшедегі итті атуға болмайтын заман туды. Бәрінің құқығы қорғалған. Баяғыдан қалған «қанға қан деген» сөз бар. Бірақ қазір қылмыскер адам бірді қырып тастаса да, жүзді қырып тастаса да оған өлім жазасы секілді ауыр жаза түрі қолданылмайды. Қатыгездікпен қылмыс жасағандардың жеңіл-желпі жазамен құтылып кетіп жатқанын көрген қоғам қатыгездене береді.

Тіпті осы қатыгездік деген мектеп оқушыларына дейін жетті. Бірін-біріне әлімжеттік көрсетіп, тепкілеп, соққыға жығатын, аяушылықты білмейтін жастарға қарап адамгершілік деген қасиеттің қайда қалғанын білмей, жағамызды ұстаймыз. Бір-біріне аяушылық деген жоқ. Мектептегі төбелес, жанжал бұрын тек ер балалардың арасында кездессе, қазір қыздардың да арасында мұндай сорақылық белең алып тұр. Мектеп кезінен бір-біріне пышақ алып жүгіргендер, ертең есейгенде не істеуі мүмкін? Қазір қоғам, заман не болып бара жатқанын біле алмайсың. Жас балалардың өзі аяушылық дегенді білмейді. Мектептің балалары бір-бірін жұлып, тепкілеп жатады. Демек, адамдар қатыгезденіп кетті. Бүгін төбелескіш балалар ертең кісі өлтіруден тайынбайды. Құдай бетін ары қылсын, ертең кісі өлтіретін адам осындай балалардан шығады.

Қазақ «қыбырлаған құмырсқаны да ая, оның да арпалысып жүргені өмір ғой» дейді. Біздің шешелеріміз бала кезімізде көк шөпті жұлдырмайтын: «мұны Алла мал үшін жаратқан, жұлуға болмайды» деп. Мен өзім қойшының баласымын, кейде киіз үйге жылан кіріп кететін. Сонда жыланды да өлтіртпейтін. Басына ақ құйып, шығарып жіберетін. Осындай кісіліктер, адамгершіліктер өткен дәуірмен бірге құрыды.

Қоғам бұл түрімен қайда баратынын болжаудың өзі қиын. Қоғамдық көлікке кірсең сақалың сапсиып тұрасың, біреуі: «Ата, отырыңыз» деуді білмейді. Жастардың бәрі қатқылданып кеткен, Бишімбаев та осындай ортаның түлегі.

Қоғам қатыгез болмауы үшін, бірін-бірі бағалап, адамгершілікпен қарым-қатынас құрсын десек, балаларды кішкентай күнінен бастап дұрыстап тәрбиелеуіміз керек. Қазақты бұрын дін ұстады ма, адамгершілік ұстады ма, қазақы мінез, қазақы қасиет басқаша болатын. Сол құндылықтардың қазір бірі де жоқ.

Осыдан екі жыл бұрын біздің ауламызды жаңартып, таңертең-кешке дене шынықтыратын түрлі құрылғылар орнатқан еді. Соның бәрін жастар тепкілеп, сындырып тастады. Қазір түгел қирап бітті. Бұл енді жастардың ішіне тұнған ызаның белгісі болса керек. Іштегі жауыздықты сыртқа шығару үшін олар кез келген нәрсені жояды, сындырады, құртады. Мұндай адамдар ертең қоғамға да ешқандай жақсылық әкелмейді.

Негізі аса қатыгездік танытып, ауыр қылмысқа барғандарды аямай жазалау керек. Ол да қоғамды тәрбиелеуге септігін тигізеді. Бишімбаевтың жағдайында да сол. Төрелігін сот айта жатар. Бірақ қазір оны ақтап отырғандар да, ақтаған адвокаттары да қоғам үшін жақсы үлгі емес.

Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы

Тегтер: