Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:01, 08 Сәуір 2025

Жиров, Шүменов, Головкин және Әлімханұлы. Елде тағы бір үлкен бокс кеші өтті

Әлімханұлы
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов

5 сәуір, сенбі күні Астанада үлкен бокс кеші өтті. Кештің басты жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) жеңіп, чемпиондық атағын сәтті қорғады.

Әлімханұлы араға сегіз жыл салып, өз елінде өнер көрсетіп отыр. Ол бұған дейін 2017 жылы қыркүйекте Астанада жекпе-жек өткізген болатын. Жәнібек кәсіпқой мансабының басындағы екі кездесуді ғана өз елімізде өткізді. Дебюті 2016 жылы қазанда Алматыда өтсе, араға бір жыл салып, елордада шаршы алаңға шыққан. Одан кейінгі 13 жекпе-жегін кәсіпқой бокстың отаны – АҚШ-та, 16-кездесуін Аустралияда өткізді.

2017 жылы Әлімханұлы Астанада кәсіпқой аренаға енді аяқ басқан жаңа есім ретінде өнер көрсетсе, сегіз жылдан кейін өз дивизионындағы ең мықты боксшы ретінде оралды. «Қазақ стилі» сегіз жылды бекер өткізген жоқ. Екі тұжырым бойынша әлем чемпионы атанды, 16 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Әрине, өкініш те жоқ емес, кәсіпқой бокстың жазылмаған қатаң заңы Жәнібекке атағынан ат үркетін алпауыттармен жұдырықтасуға мүмкіндік бермей отыр. Яғни танымалдығы мен қаржысы аз боксшы үшін супер жекпе-жек өткізу өте қиын.

Астанадағы жеңісінен кейін Әлімханұлы бокс статистикасын жүргізетін әлемдегі ең танымал портал – BoxRec рейтингінде көш бастады. Бұған дейін орта салмақтағы тізімнің 3-сатысында тұрған Жәнібек ресми түрде өз дивизионының «королі» атанды. Жәнібектен кейін кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) мен британиялық кіші Крис Юбэнк (34-3, 24 КО) тұр. Лара – WBA, ал Юбэнк – IBO белбеуінің иегері. Бұл салмақтағы басты белбеулердің бірі WBC титулы доминикандық Карлос Адаместің (24-1-1, 18 КО) қолында, ол BoxRec рейтингінде 5-орынға жайғасқан.

 Төрехан Сабырхан
Фото: vesti.kz

Астанада кімдер өнер көрсетті?

«Барыс Аренада» 10 жекпе-жек өтті. Ұйымдастырушылар кардты жақсы толтырғанын айта кеткен жөн. Әлем чемпионы Әлімханұлынан бөлек бұл кеште Сұлтан Зауырбек, Батыр Жүкембаев сияқты қазақстандық үздік кәсіпқой боксшылар, ағайында Төрехан мен Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шықты. Әуесқой бокста ұзақ жыл Қамшыбек Қоңқабаевпен қарсылас болған өзбек боксшысы Баходир Жалолов та кештің көрігін қыздырды.

Турнир шымылдығын бірінші орта салмақтағы Әлішер Әбдулалим (Қазақстан, 4-0, 2 КО) — Ашиш Чаудхари (Үндістан, 3-1, 0 КО) жекпе-жегі ашты. Төрт раундқа созылған кездесуде жерлесіміз төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Бірақ екінші кездесу біз үшін сәтсіз болды. Жартылай орта салмақта бақ сынайтын Ақниет Әлімбай (2-1, 1 КО) чехиялық Йозеф Дубскиге (2-0, 1 КО) есе жіберіп, мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Чех спортшысының бокс стилі қызық екен, қос қолымен жасаған мығым блоктың артына жасырынып алып, орайы келгенде оң қолымен ауыр соққы жасап отырды. Бұл соққыларға Ақниет дайын болмай шықты.

Осыдан кейін Астана шаршы алаңында 19 жастағы жас шебер Төрехан Сабырхан ойнақ салды. Ол кәсіпқой бокстағы дебютінде чехиялық Иржи Хаукені (4-7, 2 КО) үшінші раундта бүйірден ұрып, нокаутқа жіберді. Төреханның әуесқой бокста ересектер арасындағы додаға араласқанына бір жыл толған жоқ. Бірақ осыдан бір ай бұрын өткен «Странджа» кубогында чемпион атанып үлгерді. Сондай-ақ ол кіші әлем чемпионатына баланған турнирдің үздік боксшысы атанған. Сабырхан елордада жартылай орта салмақта өнер көрсетті.

Ал жартылай жеңіл салмақтағы Отабек Холматов (Өзбекстан, 13-1, 12 КО) пен Джейсон Каной Манигос (Филиппин, 30-13-2, 20 КО) арасындағы жекпе-жек сегізінші раундта аяқталды. Холматов нокаутпен жеңіске жетті.

Бұл кеште қыздар арасында бір жекпе-жек өтті. Қазақстандық Балауса Мұздыман (7-0, 5 КО) Филиппин өкілі Мария Тереза Пинилиді (7-2, 2 КО) төрешілер шешімімен жеңді. Әу баста Балауса америкалық танымал боксшы Розалинда Родригеспен (14-0, 3 КО) жұдырықтасады деген ақпарат тараған. Бірақ ол Астанаға келе алған жоқ.

Осыдан кейін рингке Төреханның ағасы Махмұд Сабырхан (1-0, 1 КО) көтерілді. Бірақ оның қарсыласы тым әлсіз болып қалды. Вьетнамдық Данг Дак Хайнх (2-2, 2 КО) Махмұдтың деңгейіндегі боксшы емес екені салмақ өлшеу рәсімі кезінде-ақ белгілі болған. Сабырхан екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Махмұдтың қарсыласы үш рет ауысып, ақыры Вьетнам спортшысымен кездесті. Бұл ең көп сынға ұшыраған жекпе-жек болды.

Бірінші жартылай орта салмақтағы Батыр Жүкембаев (Қазақстан, 24-1, 17 КО) — Кейн Гарднер (Ұлыбритания, 17-5, 7 КО) жекпе-жегі толық 10 раундқа созылып, жерлесіміз төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Батыр бір кездері өз салмағында болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшы атанып, чемпиондық белбеуге жақындап келе жатқан. Алайда 2021 жылы мамырда пуэрто-рикалық Субриэль Матиастан жеңіліп, мансабын бұралаң жолға бұрып алды. Бірақ одан кейін де 6 мәрте шаршы алаңға шығып, жеңіске жетті. 34 жастағы Жүкембаевтың әрі бір атары бар екені анық.

Аса ауыр салмақтағы Баходир Жалолов (Өзбекстан, 15-0, 14 КО) мен Игорь Шевадзуцкий (Украина, 12-3, 10 КО) жекпе-жегі де 10 раундқа жалғасты. Жалолов жеңіске жеткенімен, бокс сарапшыларының сынына ұшырады. Чемпиондық жекпе-жек өткізуге дайынмын деп жүрген «үлкен өзбектің» Астанадағы сәтсіз өнері кәсіпқой бокстағы мансабына кері әсер етеді деген болжам бар.

Әу баста Баходир қазақстандық Иван Дычкомен жұдырықтасады деген ақпарат тараған. Жанкүйерлерге қызығы да осы жекпе-жек еді. Бірақ бұл кездесу өтпей қалды. Жалолов әуесқой бокста өзі есе жіберген Дычкомен кездесуге ниетті емес екенін айтып жүрді. Соған қарағанда жанкүйер күткен жекпе-жекті ұйымдастыруға боксшылардың өздері ыңғай танытпаған сияқты.

Ал соңғы екі жекпе-жек мүлде басқа деңгейде өтті. Екінші жартылай жеңіл салмақтағы әлемдік рейтингтерде үздік бестікте жүрген Сұлтан Заурбек (Қазақстан, 20-0, 13 КО) оңтүстікафрикалық Азинга Фузилемен (18-3, 12 КО) кездесті. 10 раундтың қорытындысы бойынша, Сұлтан төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Бұл аса маңызды жекпе-жек болатын. Біріншіден, бұл бәсекеде IBF Intercontinental белбеуі бәске тігілді. Екіншіден, қай жеңгені IBF тұжырымы бойынша чемпиондық жекпе-жекке үміткер болады. Фузиле осал қарсылас емес. 12 раундтық чемпиондық жекпе-жекке шыққан. BoxRec порталы бұл кездесуді 4 жұлдызға бағалады. Яғни кештің басты жекпе-жегінен де жоғары баға алды. Астанадағы жеңіс Заурбектің мансабына оң әсер етеді деген болжам бар.

Кештің басты жекпе-жегінде Жәнібек Әлімханұлы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Шыққан тегі конголық Нгамиссенге Жәнібектің деңгейіндегі элиталық боксшы емес, бірақ біреулер айтып жүргендей кім көрінген қалпақпен ұрып алатын әлсіз де емес. Астанадағы кездесуге дейін BoxRec рейтингінде 9-орында тұрған. Яғни топ-10 қатарындағы шебер. Оның үстіне бұған дейін жеңіліп көрмеген.

Анауэль жекпе-жекке дейінгі баспасөз жиынында «Жәнібекті жеңіп, екі чемпиондық белбеуді Францияға алып кететінін» айтқан. Бірақ шаршы алаңда ондай шеберлігін көрсете алмады. Иә, соққы алмасудан кенде болған жоқ. Бірақ қуатты және дәл соққы бойынша Әлімханұлының шалымына келмейтіні көрініп тұрды. «Қазақ стилі» қарсыласын бірінші раундтың соңына қарай бір нокдаунға жіберіп алды да, бесінші раундта солақай соққымен шалқалай құлатты. Нокаут өте әдемі шықты, Нгамиссенге боевик фильмдерінің кейіпкері сияқты сұлап түсті. Әрине, ол аяғына тұрған, бірақ төреші жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат берген жоқ.

Осылайша, Әлімханұлы тағы бір жеңіліп көрмеген боксшының мінсіз рекордын бұзды. Былтыр қазанда Сиднейде оған дейін 21 кездесуде жеңіске жеткен жаңазеландиялық Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта құлатқан.

 

Бокс кеші қалай өтті?

Бұл – Қазақстанда өткен ең ірі бокс кеші. Өйткені мұнда 2 чемпиондық белбеу бәске тігілді. Елімізде бұған дейін 3 отандасымыз чемпиондық жекпе-жек өткізген. Бірақ оларда бір белбеу ғана сарапқа салынған.

Қазақстандық бокс жанкүйерлеріне мұндай мерекені алғаш рет Василий Жиров сыйлады. 2001 жылы 6 ақпанда ол пуэрто-рикалық Алекс Гонсалесті жеңіп, бірінші ауыр салмақтағы IBF белбеуін сәтті қорғаған. Бұл жекпе-жек елде зор қошеметке бөленді. Сол кездегі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бокс кешін аренадан тамашалады.

Ал Бейбіт Шүменов Қазақстанда 3 мәрте титулды жекпе-жек өткізді. Алдымен 2009 жылы тамызда Астанада жартылай ауыр салмақтағы WBA белбеуіне таласып, Габриэль Кампиллодан жеңілді. Бірақ араға 2 жыл салып, 2011 жылғы қаңтарда Уильям Джоппді жеңіп, WBA титулын қорғады. Бейбіттің үшінші титулды кездесуі 2018 жылы шілдеде Астанада өтіп, түркиялық Хизни Алтункайды жеңіп, бірінші ауыр салмақтағы WBA титулына ие болды. Бірақ бұл бокс кеші жанкүйерлердің сынына ұшыраған. Көпшілік Астанаға келген қарсыластардың әлсіздігін, кардта қазақстандық мықты боксшылардың болмағанын айтып жүрді.

Қазақстанда чемпиондық жекпе-жек өткізген үшінші боксшы – атақты Геннадий Головкин. 2010 жылы 16 желтоқсанда Астанада өткен бокс кешінде Головкин колумбиялық Нильсон Хулио Тапианы үшінші раундта нокаутқа түсіріп, орта салмақтағы WBA титулын сәтті қорғаған.

Әлімханұлы ел тарихындағы ең ауқымды бокс кешін өткізгені анық. Бірақ ұйымдастырушы Nomad Promotions компаниясының жұмысына «бес» деген баға беру қиын. Ең алдымен кештің жарнама жұмысы әлсіз жүрді. Оның үстіне билет бағасы 20-250 мың теңге аралығында болған. Бокс жанкүйерлері бұл бағаның тым жоғары екенін айтады. Алғашқы жекпе-жектер өтіп жатқанда «Барыс Арена» мүлде бос тұрған. Абырой болғанда кеш соңына қарай алаңның лық толғанын көрдік. Бірақ әлеуметтік желіде ұйымдастырушылар өтпеген билетті арзанға сатты, әкімшілік орындарға тегін берді деген ақпарат тарап жатыр. Мұның шын-өтірігі белгісіз. Бұдан өзге де бірнеше кемшілік болды. Мысалы, Жалоловтың қарсыласы Шевадзуцкий салмақ өлшеу рәсіміне келген жоқ. Сондай-ақ Төрехан Сабырхан мен Ақниет Әлімбайдың фотосы мен видеосын шатастырып алғанын байқадық. Мұндай үлкен бокс кешін тәжірибелі, осы салада көптен бері жүрген компания ұйымдастырғаны жөн еді.

Әлімханұлы
Фото: Ашық дереккөз

Әлімханұлы қанша гонорар алды?

Отандық ақпарат құралдары Жәнібек Астанадағы жекпе-жегінен 500 мың доллар кепілді сыйақы алғанын жазып жатыр. Егер ақылы трансляция (PPV) сатылымы белгіленген деңгейге жетсе, 3 миллион долларға дейін қосымша гонорар алуы мүмкін. Онда бұл оның мансабындағы ең қомақты сыйақы болады.

Екі белбеуі бар әлем чемпионы үшін 500 мың доллар өте аз гонорар деп есептеуге болады. Былтыр Сиднейде өткен жекпе-жектен қазақ боксшысы небәрі 228 150 доллар алған. Демек бұл жолы табысы екі есе өсіп отыр. Бірақ кәсіпқой бокс үшін бұл тым мардымсыз сома. Мұның өз себебі бар. Кәсіпқой бокстың екінші аты бизнес. Боксшы билет сатып аренаны толтыра алмаса немесе ақылы трансляция арқылы көрермен жинай алмаса, оған төленетін гонорар көлемі көп болмайды. Әлімханұлы әлі өз бетінше бокс кешінің билетін сата алатын деңгейге жеткен жоқ. АҚШ түгіл өз елімізде, 12 мың орында арена толмай қала жаздады. Екіншіден, оның жекпе-жегінің ақылы трансляциясын сатып алатын жанкүйер аз. Қазақстан халқы трансляцияны сатып алуға әдеттенбеген, көбі тегін арна іздейді. Осының бәрі Жәнібектің жеке табысына кері әсер етіп отыр.

Жанкүйер көңіліндегі тағы бір сұрақ – келесі қарсылас кім? Әрине, Жәнібек чемпиондармен кездескісі келеді. Бірақ Эрисланди Лараның (WBA) өз жоспары бар. Ардагер боксшы мансабының соңына қарай аса шулы жекпе-жек өткізгісі келеді. Ал Карлос Адамес (WBC) Жәнібекпен жолыққысы келетінін жариялап үлгерді. Бірақ бұл боксшыға WBC тағы бір қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен кездесуді міндеттеп отыр. Мейірім бұл жекпе-жекті көптен бері күтіп жүр. Әлімханұлы белбеуін тағы қорғауға мәжбүр болуы мүмкін деген болжам да бар. Бірақ Астанадағы сұрапыл нокаут алпауыт матчмейкерлерді қызықтырып, Qazaq Style-ға супер жекпе-жек беріп қалуы да ғажап емес.

Қуаныш Қаппас