Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:11

WSJ: Украинаның шабуылынан Курскте КХДР армиясының генералы жараланды

КХДР әскері
Фото: Russian Defence Ministry/dpa/picture alliance

Солтүстік Кореяның жоғары шенді генералы Украинаның соққысы нәтижесінде Курск облысында жараланды, деп жазады The Wall Street Journal Батыс шенеуніктеріне сілтеме жасап.

Басылымның дереккөздері оның атын атамады және оның қалай жарақат алғанын нақтыламады. Солтүстік Кореяның БҰҰ миссиясы журналистердің сұрағына жауап бермеді.

Украинаның Defence Express басылымы бұған дейін "Украина қарулы күштері Ресей Федерациясы Президентінің Әкімшілік департаментінің санаторийіне соққы берді, онда командалық пункт орналасуы мүмкін, оны ресейлік әскерилер мен Солтүстік Корея генералдары пайдаланады" деп хабарлаған.

Ресей президенті Владимир Путин 21 қараша күні кешке Курск аймағына жасалған шабуылдың нысанасы командалық пункт екенін растады. «Курск облысында біздің «Солтүстік» тобының командалық пункттерінің біріне шабуыл жасалды және  соққы  нәтижесінде, өкінішке қарай, жеке құрамның арасында қаза тапқандар мен жараланғандар болды. Басқару орталығының командалық-жедел штабы зардап шеккен жоқ», - деді ол қаза тапқандар мен зардап шеккендер санын айтпай-ақ.

The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Курск аймағындағы Солтүстік Корея әскерін КХДР Бас штабы бастығының орынбасары генерал Ким Ён Бок басқарады. Оған Солтүстік Корея әскерлерін Ресей армиясына біріктіру және соғыс жүргізудің заманауи әдістерін зерттеу міндеті жүктелген. Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сергей Кислица да қазан айының соңында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ким Ён Боктың Ресей Федерациясына келгенін айтты.

 АҚШ билігінің мәліметінше, Ресейдің Курск аймағында Солтүстік Кореядан келген сегіз мыңға жуық сарбаз бар. Олардың шайқасқа шығып үлгергені хабарланды.

Тегтер: