Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 07 Мамыр 2024

Үлкен қалалардың бәрі мегаполис емес

1
Фото: из открытых источников

Былтыр қазақ шенділері Астанаға ағылған көшті тежейміз деп белсенген.

 Сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қалада «су тапшы, инфрақұрылым жеткіліксіз» деген уәж айтса, Азамат Айтхожин есімді мәслихат депутаты: «Астанаға оңтүстік өңірден келіп жатқан адамдардың кім екенін білмейміз, қалаға кіре берісте блокпост қою керек» деп, айды аспанға шығарған.

Ал 2015 жылы Алматы тұрғындарын тұрақты тіркеуге қою деген науқан жүргені есімізде. Ол да қаладағы халық санын шектеуге бағытталған болатын. Үкімет халық санының көбеюінен пайда болған проблемаларды кәсіби тұрғыда шеше алмаған соң осындай әкімшілік жолмен, ұр да жық тәсілмен шешкісі келеді. Кеңес одағы кезінде коммунистер кеудеден итерген қазақты қазіргі билік те қаладан қуғысы келетіндей.

Соған қарамастан, Қазақстанда 3 мегаполис бар деп мақтанып жүрміз. Олар – Астана, Алматы және Шымкент. Алматы бұрыннан үлкен қала, елорда болған соң Астананың да атағы асты. Бұл қатарға үшінші болып Шымкент қосылды. Бірақ осы қалалар мегаполис деген атқа лайық па деген сұрақ көп қойылмайды.

Шенділер қала сыртында блокпост қойып, «өткен өмірі белгілі» адамдарды ғана кіргізгелі жүрген Астанада қазір 1 миллион 400 мың тұрғын тұрады. Бұл көрсеткіш 2035 жылы әрең 2,3 миллионға жетуі мүмкін. Сонда небәрі 1,5 миллионға жетпейтін халықты сыйғыза алмай отырған елорданы мегаполис деп атауға бола ма? Қалада мектеп, медицина жетіспесе, инфрақұрылым дайын емес болса, оның қай жері мегаполис?

Алматының жағдайы да мәз емес. Қала ескіріп барады, әсіресе инфрақұрылымы тозған. Бірақ елдің мәдени-экономикалық орталығы ретінде мегаполис мәртебесіне бір табан жақын. Қалада 2,2 миллион тұрғын тұрады. 20 млн ғана халқы бар мемлекет үшін бұл үлкен көрсеткіш, басқаша айтқанда, ел халқының 10 пайыздан астамы Алматыда өмір сүреді.

Ал Шымкенттің мегаполис атанғаны кеше ғана. Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп, жеке отау тіккен қала халық санымен ғана мақтанатын сияқты. Шымкентте қазір 1,2 миллион адам тұрып жатыр. Бұл Астана тұрғындарымен шамалас. Бірақ өңірлік өнім көлемі елордадан 4 есе аз. Ал Алматыдан 7 есеге жуық төмен.

Мегаполис деген қандай қала?

Әлемде мегаполис деп бірнеше миллион тұрғыны бар, инфрақұрылымы дамыған ірі қаланы айтады. Мұндай атаққа мемлекет немесе өңір үшін маңызды экономикалық, саяси және мәдени орталықтар ие болады. Мамандар нағыз мегаполистің классикалық мысалы ретінде Нью-Йорк қаласын атайды. Оның әлемдегі ең ірі халықаралық мегаполис деген атағы бар.

Мегаполис өз мемлекетінің экономикалық және өндірістік орталығы болумен қатар, әлемнің әр түкпіріндегі елдермен тікелей қарым-қатынас орната алады. Яғни әлемдік ықпалы болу керек. Мегаполистің бірнеше маңызды өлшемі болады. Біріншіден, орнықты экономикалық қуаты. Сауда-саттығы дамыған, әлемдік экономикаға белгілі мөлшерде әсер ете алуы қажет. Екіншіден, өндірісі өркендеген, қызмет көрсету сапасы жоғары болуы қажет. Үшінші, ең маңыздысы, қала тұрғындардың өмір сүруіне ыңғайлы болу керек. Ол үшін қоғамы қауіпсіз, инфрақұрылымы дамыған, жұмыс орны жеткілікті және жүріп-тұруға қолайлы болуға тиіс.

Америкалық маман Милтон Фридман әлемдік мегаполис атану үшін қала мына шарттарға сай болу керек деп санайды: маңызды экономикалық орталық болу; халықаралық компаниялардың бас кеңсесі орналасу; дамыған өнеркәсіп орындары болу; тоғыз жолдың торабында орналасу; қала халқының саны белгілі бір шекке жету.

Қазақстан қалалары мегаполиске жата ма?

Әлемде халық саны 1 миллионнан асқа қала ірі қала деп саналады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Алматы, Астана және Шымкентті үлкен қала деп атауға болады. Бірақ жоғарыда біз атаған өлшемдерді ескерсек, бұларға мегаполис деп айдар тағуға әлі ерте сияқты.

Біз атаған үш қаланың еліміз үшін маңызды екені рас. Бірақ әлемдік стандарт бойынша көштің соңында келе жатқанымыз жасырын емес. Мысалы, бізде өндіріс орындары көп деп мақтана алмаймыз. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі кенжелеп қалғаны анық. Қарапайым тұрмыстық бұйымдардың өзін көрші елдерден импорттап отырып, мегаполистерімізде өнеркәсіп өркендеп жатыр деп қалай айтамыз.

Бұлай бас жаққа барыспаған күннің өзінде, біздің қалаларда қарапайым өмір сүру деңгейі де өте төмен. Жаңа ғасырда салынған Астананың өзінде инфрақұрылым тұралап тұр. Мұны биліктің өзі мойындап отыр. Сол үшін қаланың қақпасын іштен жабамыз деп жүр. Қалада тұрғын үй, мектеп, балабақша, емхана жетіспейді.

Мұндай кемшілік Алматы мен Шымкентте де бар. Қала жолдары сапасыз, тар екенін, кептелістен көз ашпайтынын екінің бірі біледі. Аз ғана жауын жауса көшелер көлкіп, көлге айналады. Қоғамдық көлік жүйесі де кемшілікке толы. Қаланың бір басынан екінші басына жету үшін мың машақатты бастан өткересіз. Мұндайда діттеген жерге жылдам жету жайлы айтудың өзі артық. Алматыдағы «мақтаулы» BRT желісінің өзі стандартқа сай келмейтіні белгілі болды. BRT түскен жолдарда кептеліс бірнеше есе артып кетті.

Астана, Алматы және Шымкентке халық қалалар керемет болғаны үшін емес, аймақтарда жұмыс жоқ болғандықтан ағылып жатыр. Егер әр облыста жеткілікті жұмыс орны ашылып, білім алу, денсаулық сақтау саласы жақсарса, ешкім үлкен қалаға көшпес еді. Демек, билік – мегаполистеріміз миллиондаған адамның арманы деп мақтанбағаны жөн.

Біздің қалалар жер үйдің есебінен өсіп отыр

Урбанист Диас Маратұлы үлкен қаланың бәрі мегаполис еместігін айтады.

«Қазақстандағы қалаларға басқаша қырынан баға беруге болады. Қазір елімізде қалалар дамып, аумағы үлкейіп жатыр. Бірақ Алматы, Шымкент сияқты қалалардың шет жағында пайда болып жатқан жаңа аудандарды қала деп айта алмаймыз, себебі олар үлкен ауылға ұқсайды. Функциясы, қалыптасу түрі және құрылысына қарап осындай ойға қаламыз.

Қала мен ауылдың айырмашылығы неде? Басты айырма – ондағы халықтың немен айналысатыны және ондағы қызметтер мен тұрғындардың тығыздығында. Өкінішке қарай, біздің қалалар дамыған кезде ішкі тығыздықты арттырып, интенсивті түрде дамымай, керісінше, шетке қарай жайылып өсіп жатыр. Демек, біздің қалалар ауылдағы сияқты жер үйлердің есебінен өсіп жатыр. Ондай аумақты қаладағы сияқты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қиын болады.

Мысалы, көпқабатты үйлер көп, халық тығыз орналасқан ауданның тұрғындары баласын жақын маңдағы мектепке бере алады. Ал жер үйлер ұзыннан-ұзаққа созылып жатқан ауданда әр үйдің маңына мектеп салу мүмкін емес. Демек, мұндай ауданның балалары алыстағы мектепке баруға мәжбүр. Қоғамдық көлік туралы да осыны айтуға болады. Халық аз тұратын ауданға метро мен троллейбусты айтпаған күннің өзінде қарапайым автобустың өзі бара бермейді. Мұндай жерде қызмет көрсету саласы және жұмыс орындары да болмайды. Салдарынан ондағы өмір сапасы да қаладағыға жетпейді.

Әлемде көптеген рейтинг қаладағы өмір сүру сапасына байланысты жасалады. Адамдарға арналып салынған қала деп жол қауіпсіздігі жақсы, қоғамдық көлік желісі дамыған, серуендейтін жерлері көп қаланы айтады. Өкінішке қарай, біздің қалалар мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Әрине, бізде бәрі жаман деуден аулақпын. Бірақ біздің қалалар көбіне адамға емес, автокөліктерге арнап салынғандай. Мысалы, қала ішінде жолайрықтар көп, жүру жылдамдығы жоғары, автотұраққа тым көп орын қалдырады.

Алматы, Астана және Шымкенттің шетіндегі жаңа аудандарды алып қарасақ, олар да автомобильге арнап салынып жатқанын аңғарамыз. Ондағы үйлердің арасы тым алшақ, автотұрақтар өте көп.

Ал Алматы қаласындағы қазір бар BRT желісін, енді салынғалы отырған LRT желісіне оң баға беруге болады. Сондай-ақ ақылы тұрақ жүйесі де дұрыс ретке келеді деп ойлаймын. Әлемдегі үздік қалалар қатарына қосатын осындай оң өзгерістер бар. Бірақ мұндай қадамдар өте баяу жүріп жатыр.

Мегаполис деп үлкен қалаларды атайтынын айттық. Бірақ үлкен қалалардың өзі әртүрлі. Мысалы, автомобильге арналған Дубай, Лос-Анджелес сияқты ыңғайсыз қалалар бар. Екінші жағынан, адамдарға өте ыңғайлы еуропалық қалалар бар. Сондықтан үлкен қаланың бәрі жақсы қала деп айтуға келмейді. Мегаполис ең алдымен адамдардың өмір сүруіне жайлы болу керек», – дейді Диас Маратұлы.

Ресми дерек бойынша, Алматы қаласының аумағы – 683,5 км². Урбанист маман айтқандай, оның көбін қала шетіндегі жатаған жер үйлер иеленіп жатыр. Ол аудандарда жұмыс орны жоқ, мектеп пен медицина жетіспейді. Ондағы халық жұмыс істеу үшін де, дәрігерге көріну үшін де қала ішіне ағылады. Бұл кептелістің көбеюіне, қала климатының бұзылуына әсер етіп отыр. Жарты күні жолда өткен халықтың өмір сүру сапасы төмендеп кеткен.

Осы мәселелердің бірін де шеше алмаған билік Алматы маңында Алатау атты тағы бір мегаполис салуға кірісіп кетті. Болашақта қалаға 2 миллионға жуық адам қоныстанады деп жоспарлап отыр. Соған қарағанда, билікке қаланың үлкен болғаны, онда тұратын халықтың көп болғаны ғана керек сияқты. Біздің шенділерге мегаполис салдық деген құр мақтан қажет. Ал оның сапасына, әлемдік өлшемге сай келу-келмеуіне ешкім бас қатырмайды.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: