Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:44, 18 Қаңтар 2024

Тұлғалардың пендешілігі көзі тірісінде айтылуы керек

Күләш Ахметова
Фото: из открытых источников

Тұлғадан идеал жасағанды қойып, қазақтың мәдениетіне, әдебиетіне қатысты адам болса, оның да пендешілігін айту керек. Себебі адамдардың іс-әрекеті арқылы сол қоғамды, сол кездің өмірін тануға болады.

Мысалы, Сәбит Мұқанов туралы айтып жүр ғой. Бірақ сол сын және басқасы кәсіби тұрғыдан болса дейсің. Сәбит Мұқановтың ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихында «қазақ ұлтының мәдениеті рулық санадан аспай қалған» деп жазатыны бар. Қазір ХХІ ғасыр, бірақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Сәбит Мұқанов туралы айтуға болғанда неге басқалар туралы айтуға болмайды. Бағашар Тұрсынбайұлы «Жас Алашта» Әбділда Тәжібаев туралы жазыпты. Елдер соған қарсы пікір айтып жатыр екен. Әбділда Тәжібаев та пенде, оның Мағжанға қарсы пенделігі болған. Сондықтан Мұхамеджан Қаратаевты айтуға болғанда, неге Әбділда Тәжібаевты айтуға болмайды? Бірақ Әбділда Тәжібаевтың да жақсы тұстары бар. Ташкентке барып «Өзбекстандағы қазақтарды неге өзбек дейсіңдер?!» деп еденді тесіп жіберердей тепсініп айқайлайды. Жаңа айтып өттім ғой. Тұлғаның пендешілігін кәсіби тұрғыдан айту керек. Кәсібилік дегеніміз – түсіндіру. Сондықтан мен кәсіби тұрғыдан айтылу керек дегенді қолдаймын. Егер олай айтылмайтын болса, Кеңестік жүйедегі социалистік реализм болады. Тек қана көзімізді жұмып, тұлғаның жақсы жағын ғана дәріптеп отыра береміз. Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабеков арасында БАҚ арқылы дау боп жатыр екен. Оқып ренжідім. Екеуі де танымал адам, жазушы. Бірін-бірі менсінбейді, шығармаларын жоққа шығарады. Құдды балабақшадағы балалар сияқты. Жақында Мұхтар Мағауин сұхбат берді. Сол Мұхтар баяғы Мұхтар. Алаш азаматтарынан кейін қалған жалғыз өзі сияқты. Шырағым-ау, олардың барлығы Кеңес өкіметінің майлы жілігін мүжіп, атақ алғандар ғой. Сол кезде Кеңестің гонорарынан бас тартпады ғой. Не болмаса, Дулат Исабековтің сөзі... Бұларға қарағанда Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов арасындағы дау мәдениетті екен ғой. Екеуінің жазысқан хаттарын қара, мыналардың сөзін қара? Не масқара бұл! Кәсібилік қайда?

Тұлғалардың пендешілігін көзінің тірісінде айту керек деп есептеймін. Жазушылардың ішінде жарап тұрғаны – Қадыр Мырзалиев. Ол «Иірімінде» барлығын ашып айтып берді. Сол кезде «керек емес, айтпасын» дегендер де табылды. Кім айтпасын деп айтады? Өзінің арты қуыс адам ғана. Тек Қадыр бәрін жазды, өзі туралы ештеңе айтпады. Ал енді бұл жерде тағы бір ескеретін мәселе бар. Айту керек дегенге бәрін емес, танымал адамдардың ұсақ тірлігін өсектеп айтуға болмайды. Ал ұлттық мәселелерге байланысты пендешілігі айтылуы, жазылуы керек. Мұны айтпасаң, адамдар өтірікті соғады. Менің қарнымның ашатыны – қазір ғалымдар өтірікті судай сапыратын болыпты. Өткенде бір ғалым «Мағжан Жұмабаев атылған күні Сәбит Мұқанов Көктөбеге шығып арақ ішіпті» деп мәлімдепті. Ғалымның сөзі. Ғылымға көтерілген өтірік жақсы емес. Бұл ғалымдардың таяздығын білдіреді. Мәдениеттілігінің төмендігі. Өтірік неден шығады? Білместіктен шығады. Білмейсің ба, үндеме! Ал шындық қашан да айтылады.

      Күләш Ахметова,

  әдебиеттанушы, ғалым