Трамп Украинамен минералды ресурстар бойынша келісім мерзімін атады

АҚШ президенті Дональд Трамп 17 сәуірде журналистерге берген сұхбатында Украинамен табиғи ресурстарды өндіру бойынша келісімнің келесі аптада жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.
Оның пікірінше, бұл келісім келесі бейсенбі күні қол қойылуы тиіс.
«Бізде пайдалы қазбалар бойынша келісім бар, оған жақын арада, келесі бейсенбіде қол қоямыз», – деді Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында.
Күні кеше, 17 сәуірде, Украина президенті Владимир Зеленский Киевте өткен брифингінде, АҚШ пен Украина арасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі меморандумның қол қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық тарап бірнеше күн бұрын Украинаға меморандумды онлайн режимінде қол қоюды ұсынған.
«Бұл тек меморандум, нақты келісім емес, оны бүгін онлайн режимінде қол қоя аламыз», – деді Зеленский.
Дональд Трамп бұл күні АҚШ пен Украина арасындағы минералды ресурстар бойынша келісімнің маңызды екенін атап өтіп, сондай-ақ Владимир Зеленскийдің Ресейдің Украинаға шабуылы үшін жауапты емес екенін мәлімдеді.
«Мен Зеленскийді жауапты деп есептемеймін, бірақ бұл соғыстың басталуы мені қуантқан жоқ. Оны кінәламаймын, бірақ оның өте жақсы жұмыс істегенін де айта алмаймын», – деді Трамп, өз пікірін білдірді.
Айта кету керек, Украина мен АҚШ арасындағы минералды ресурстар бойынша келісімнің алғашқы қол қойылуы 2025 жылдың ақпан айында жоспарланған болатын, бірақ Зеленский мен Трамп арасындағы сөз тартысы себепті бұл рәсім өтпеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімді Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату мақсатында маңызды қадам ретінде көріп отыр. Трамп сонымен қатар бұл келісімді Украинаға кеткен әскери көмекке жұмсалған миллиардтаған долларды қайтарудың бір жолы ретінде қарастырады, алайда бұл көмек несие ретінде емес, көмек ретінде берілгенін атап өтті.
Bloomberg ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, АҚШ әкімшілігі Украинадан көмек төлемдерін алу талаптарын жеңілдеткен. Бастапқыда көмек сомасы 300 миллиард доллардан жоғары бағаланса, қазір оның мөлшері шамамен 100 миллиард долларға дейін азайған.