Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 07 Мамыр 2024

Топонимика – трайбализм мен тавтологияның ойыншығына айналды

1
Фото: из открытых источников

Қазақстанда ономастика мәселелерімен жергілікті билік айналысады. Бірақ елді мекендер мен қала, аудан, ауылдардың атаулары рушылдық деңгейден аспай отыр.

 Соңғы жылдары тарихи атаулары бар болса да, аудандар, қалалар мен елді мекендерді жекелеген адамдардың атымен атау үрдісі белең алды. Президенттің өзі кейінгі мәлімдемелерінің бірінде атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейгенін ашық сынаған болатын. Топономикадағы рушылдықтың көрінісіне мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жуырда айтылған «бір ауылдарда 50 көшеге жеке тұлғалардың есімі берілген» деген мәлімдемесі дәлел.

Топономика зерттеушісі Қайыр Рысбаев та осы қарқынмен кете берсек, елдегі қалалар мен аудандардың бәрі адамның аты мен тегіне айналады деп отыр. Топономика, ономастика, елдегі адам аттарын зерттеп жүрген статистика бюросының маманы көптеген мәселелерді көтеріп, олардың шешімін де ұсынып отыр.

«Елімізде үш Абай және үш Есіл ауданы бар. Облысқа Абайдың атын берудің қажеті қанша? Тарихи Семей облысы деген атауы бар емес пе?! Сондай-ақ Ұлытау деген аудан бар. Облыстарды орталықтың атымен атау дәстүрі бойынша – Жезқазған облысы деп атаса да болар еді. Аудандар мен қалаларға жекелеген адамдардың есімдерін беру КСРО-дан шыққан дәстүр, ол кезеңде тарихи атауларды Ленинград, Куйбышев, Сталинград, Свердловск, Жамбыл және т.б. деп өзгертті. Қазақтар қала мен ауылға Қызылжар, Ақмешіт деген сынды жергілікті жердің сипатына қарап атау қойған. Біздегі ономастика көп жағдайда түрлі рулардың трайбалистік күресіне ұласып жатады. Әркім еңбегі сіңсе де, сіңбесе де аудан мен ауылға, көшелерге өз ата-бабасының есімін қойдыруға тырысады», – дейді Қайыр Рысбаев.

Ұлытау облысы дегенде еске түседі, бұл облыста Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Ұлытау ауылы бар. Одан бөлек, Қазақстанда қаншама ауылдарды қоспағанда, бірдей атаулары бар көптеген аудандар бар. Мысалы, үш бірдей Абай ауданы, екі Ақтоғай, үш Есіл және екі Жамбыл, екі бірдей Нұра аудандары бар екен. Зерттеуші бір ауданның атауынан басқалардың бәріне бұрынғы тарихи атауларын қайтаруды ұсынып отыр.

«Шығыс Қазақстан облысында Абай ауданы, бұрынғы тарихи атауы – Шыңғыстау ауданы. Қарағанды облысының Абай ауданы, аудан орталығының бұрынғы тарихи атауы және аудан аумағындағы болыстың бұрынғы атауы – Шерубай-Нұра ауданы. Шымкент қаласында Абай ауданы бар және қаладағы осы атауды қалдыруға болады. Себебі бұл қаланың тарихи атауы жоқ, жаңадан құрылған ауданы. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы, бұрынғы тарихи атауы – Қоңырат немесе Тоқырау ауданы. Павлодар облысының Ақтоғай ауданы атауын қалдыруды ұсынамын. Алматы облысының Жамбыл ауданы, бұрынғы тарихи атауы – Қастек ауданы. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы, бұрынғы тарихи атауы – Әулиеата ауданы. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы атауын қалдырсын. Астана қаласының Есіл ауданын – жалпыхалық сол жағалау деп атайтындықтан, Солжаға ауданы деп өзгертуге де болады. Я болмаса, Майбалық ауданы көлінің құрметіне – Майбалық ауданы деп ұсынар ем. Ақмола облысының Есіл ауданын осы ауданнан бөлінген Қима ауданы деп өзгертуге болады. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданының атауын қалдыруға болады деп ойлаймын», –деді.

Елді мекен атауларында тарихи, логикалық тізбек жоқ

Астанада жарты жыл бұрын құрылған – Нұра ауданының атауы да ешқандай логикаға сәйкес келмейді дейді ол. Байқасаңыз, көптеген елді мекен атауларының расымен де ешқандай тарихи, логикалық байланысы жоқ.

«Нұра өзені осы ауданның да, Астана қаласының да аумағы арқылы ағып өтпейді. Талдыкөл ауданының аумағында орналасқан көлдер тобын атау қисынды болар еді. Астанаға жақын Қарағанды облысында Нұра ауданы бар. Бұл Астана мен Ақмола облысының Есіл аудандары сияқты халықты шатастырады. Ақтөбе қаласының екі ауданын тұрғындар Елек және Сазды деп атауды ұсынды. Бірақ жергілікті билік тағы да аталған өңірге ешқандай қатысы жоқ Алматы және Астана ауданы атауын қойды. Халық ұсынған Сазды мен Елек атауларын қою керек еді», – деді Рысбаев.

Сондай-ақ сарапшы Абай, Жамбыл, Алтынсарин мен Амангелді сынды танымал тұлғалардың құрметіне қойылған мектеп, көше, аудан сандарына шектеу қойған дұрыс дейді. Себебі egov.kz арқылы салықтық декларация тапсырғанда, АХАТ қызметін алғанда халық атауы бірдей аудандарды шатастырады. Жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде үш Абай, үш Жамбыл мен үш Есіл ауданы бар. Тіпті пойыз бен автобусқа билет алған кезде де бірдей атаулар адамдарға ыңғайсыздық тудырады.

«Алматы – Екатеринбург М-36 тас жолының аумағында ара-қашықтығы 40 шақырымды құрайтын екі бірдей Ақсу ауданы бар, екі ауданда автобан құрылысы аяқталған соң бір тас жолдың бойында жүргізушілерді шатастырады. Екінші Ақсуды Шортанбай деп атауға болады, себебі ауыл белгілі жырау Шортанбай Қанайұлының мавзолейі маңында орналасқан. Елді мекендердің адам атымен аталуының тағы бір ыңғайсыз тұсы – әр жерде әртүрлі боп жазылуында. Бір жерде М.Жұмабаев ауданы десе, енді бір жерде Жұмабаев, тағы бір жерде Мағжан Жұмабаев деп жазылады. Қарағанды облысының Шеткі ауданындағы Жарық ауылын С.Сейфуллиннің құрметіне өзгертті. Жарық деген тарихи атауы болған. Сәкен Сейфуллин атында онсыз да көптеген көшелер бар. Жаңадан құрылған Ұлытау облысындағы Жезқазған қаласында адамды шатастыратын аттас елді мекендер бар. Картадан көріп тұрғандарыңыздай, Жезқазған қаласы және Жезқазған ауылы, Сәтбаев қаласы және Сәтбаев ауылы бар», – дейді Ұлттық статистика комитетінің маманы.

Аудандарға қала атауларын беру кеңестік дәуірдің дәстүрі

Астанадағы аудан атаулары – Есіл, Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа деп аталады. Қазақстанда үш Есіл, екі Алматы ауданы бар. Астанаға Байқоңыр мен Алматы қалаларының атауын қайталап қоятындай қандай байланыс бар екені түсініксіз. Бұл Алматыда Мәскеу ауданы деген атауды қойған совет одағының дәстүріне ұқсайды. Қайыр Рысбаев Астана аудандарына табиғи және тарихи атауларын қайтару керек екенін алға тартты.

«Алматы ауданы осы аудан бойымен ағатын өзеннің атауы бойынша – Ақбұлақ ауданы, Байқоңыр ауданы жер бедері мен зиратының тарихи атауы бойынша – Көкбел ауданы, Сарыарқа ауданы осы ауданда ағатын өзеннің атауы бойынша – Сарыбұлақ ауданы немесе аудан орнында болған ауылдың атауы бойынша Көктал ауданы, Нұра ауданы аудан аумағында орналасқан көлдер тобының атауы бойынша – Талдыкөл ауданы деп өзгерсе қисындырақ болар еді. Есіл ауданын Майбалық ауданы деп өзгертсе, өйткені әуежай маңындағы осы аудан аумағына кіреді», – деді Рысбаев.

Елді мекендерге, көшелер мен жаңа нысандарға атау берерде ономастика статистикасы ескерілмейтінін көріп отырмыз. КСРО кезінде көптеген елді мекендерге – Амангелді, Абай және Жамбыл есімдері оңды-солды таратылған.

«Өзге елдің батырларының құрметіне қойылған Қордай, Қаскелең, Шамалған (қазіргі Үшқоңыр) атауларын өзгертуге болмайды. Себебі жоңғарды жеңген ата-бабаларымыздың өзі олардың атауларын өзгертпеген. Бабаларымыздан қалған тарихи атауларды өзгертуге біз құқылы емеспіз», – дейді зерттеуші.

Сарапшы ономастикадағы проблемалы сектордың бірі мешіт атаулары екенін де атап өтті. Өз қалтасынан қаржы бөлетін кәсіпкер де, қолында билігі бар шенеунік те реті келсе Алла үйіне өз ата-бабасының атын қоюды мәртебе көреді.

«Қазақстанда 2 мыңнан асатын мешіт бар және ықпалды шенеуніктер мен кәсіпкерлер өз таныстарын ортаға салып, лауазымдарын пайдаланып, ата-аналары мен аталарының атын қояды. Оларды туыстарының аталған мешіт орналасқан ауыл-аймаққа сіңірген еңбектері алаңдатпайды. Бастысы – өз жақынының атының аталғаны.

Бұл ондаған мысалдардың бірі ғана. Басшылық білім беру сапасын арттырудың орнына ребрендинг, логотипті ауыстырумен және мағынасыз атаумен айналысып отыр. Атаудың өзгеруі реформа және жақсарту ретінде ұсынылғанымен, ешқандай нәтиже жоқ», – дейді Қайыр Рысбаев.

Айжан Қалиева

Астана қаласы

Тегтер: