Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:43

 ТАЗАЛЫҚТЫҢ ТҰНБАСЫ

Жұмабай Шаштайұлы

Тұлға бітімі, жаратылысы бөлек Жұмабай Шаштайұлы жайлы естелік жазудың қиындығын осы жолы аңғардым. 

  Аржағынан «неге?» деген сұрақтың да құлағы қылтиып тұр. Сол «негеге» толыққанды жауап бере алсам, қанеки! Өзінің көңілі қаламаған титтей нәрсені байқамағансып жанынан өткізіп жіберуден гөрі соған да кәдімгідей мән беріп, оқыс қабағының кілт ете қалатыны; ал жүрегіне жайлы тиетін бір тосын жаңалық естісе балаша мәз болып, әйелі ұл тапқандай аяқ астынан жадырап сала беретіні; достарының әзіл-қалжыңына бар болмысымен беріліп, шын ниетімен риясыз күлетіні – сол баяғыша құлақ түбінен күмбірлеп тұрғанда Жұмаш біздің қасымызда жоқ, ол былтыр өзінің мәңгілік мекеніне жайғасып үлгерген деп, өзіңді осы кәпке қанша сендіргің келсе де, қаламы құрғыр ілгері жылжымай, төрт тағандап тұрып алады екен.

 Иә, қайтесіз, пенде байғұстың маңдайына жазылған өлшеулі ғұмыр. Десе де сені жарты ауыз ләміңнен түсінетін, әлдебір ғайыптың күшімен үсті-басыңды табанда үлдемен-бүлдеге орамаса да; саған, сенің отбасыңның амандығына, тіпті тау қопарып тасмасаң да өстіп, қатардан қалмай қалқиып жүргендігіңе және онысын жалпақ әлемге жар салмай-ақ, күлімдеген көзімен аңғартып, үнемі тілеуқор болып жүретін Адамнан қас пен көздің арасында айырылып қалу – кім-кімге де оңай болмасы белгілі. Ойын-күлкісіз ғұмырдың пәсі бір тұтам, күн сайын шат-шадыман күлкіге қарық қылатындай жағдай қайдан кезіге берсін, денсаулық үшін болса да кейде өзімізді қинап күлуге тырысамыз ғой, бұл турасында қия баспайтыным анық – қайран Жұмаштың күлкісі ешкімге ұқсамайтын-ды.

Бар болмысымен, ағынан жарылып, ақтарылып күлетін. Соған қарап, кәкір-шүкірді ішіне қаттап жинамай, кезі келгенде соның бәрін әлгідей кәусар күлкісімен сыртқа шығарып тастап, өзінің әу бастағы адами таза қалпына қиналыссыз түсе қалатын Жүкең бәрімізден де мағыналы-мазмұнды ұзақ өмір сүретін шығар деп ойлаушы ем.

 Өзі бір сөзінде басшылық қызмет дегенді құлға теңеуші еді. Бәлкім, газеттердегі бас редакторлық жүрегіне көбірек жүк түсірді ме қайдам, әлгіде айтқанымдай, Жұмаш қайда жүрмесін ана сүтімен бойына дарыған тазалыққа қылаудай кір жұқтырмаған жан, өзі басқарған жылдары газеттері елдің қошеметіне бөленді. Абыройлы болды. Бірақ өзі-өзіне көңілі толмай, өзімен-өзі іштей арпалысып жүретіндігін сырттай аңғарушы едік. Ақысыз ақыл айтуға келгенде бәріміздің де табан астынан «шешенсіп» кететіндігіміз аян ғой. Қарауындағы кейбір жас журналистердің берген тапсырмасын тап-тұйнақтай орындаудың орнына, күлдібадам бір нәрсені домбаздап алдына тастай салғанына жүзі сұрланып, өзімен-өзі күйіп-пісіп отырған сәттерін де байқап жүретінбіз. «Жүке, осы саған не керек, осы да жүйке жұқартатын мәселе ме, одан «Қаламгерге» түсіп, аздап тамақ жібітейік» дегенімізге бастапқыда ыңғай танытқанымен, бәрібір өз пайым-түсінігінің шеңберінен көпке дейін шыға алмай, өзімен-өзі «бұрқырап» жүретін. «Газет мынадай-мынадай қоғамдық мәселелер мен әдебиет төңірегіндегі проблемаларды барынша әділдікпен жазып жатыр...» деген көңілжықпас қыстырма сөздерімізді жаратпағандай: «Біздің түбімізге өстіп өтірік мақтау жетіп жүр ғой» деп бір иығын қиқаң еткізетін. Сонда менің есіме соғыстан бір қолын беріп, елге шолақ боп оралған «Аспанқорадағы» Атан түсер еді. Атан – жазушы Жұмабай Шаштайұлының нағыз дер шағындағы шеберлігінен туған қазақ әдебиетіндегі келісті кейіпкер: «Атан оң қолы жоқ иығын абайсызда қомдап қалғанын өзі де сезбеді...»

 «Аспанқора» повесі талай-талай ауыздары дуалы әдебиетшілер мен сыншылар қауымының басты объектісіне айналды. Әлі күнге дейін айтылып жатыр, кітап оқитын қауымның болашақта да көздеріне түсер деген үміттемін. Бір деммен қиналмай оқып шығатын шағын дүние. Әкесіне еріп, бір кезде өзі де мектеп бітірісімен қойшы болған Жүкең малшылар өмірінің ұңғыл-шұңғылын қолмен ұстағандай жақсы біледі. Мәселен, мен балықшының баласымын, ол турасында Жүкеңмен бәстесетіндей қауқарым шамалы. Ал теңіз тақырыбына келгенде менің де Жүкеңе дес бермесім белгілі. Атан мен Ханымкүл арасындағы қарым-қатынас шым-шытырық оқиғаға тұздық болмаса да, жазушы осы бір линияны шыншылдықпен әрі шеберлікпен оқушысын сендіре білген. «Қараторының әдемісі Ханымкүл қарақаттай тұнық, күлім көзі жайнаң қағып, кісінің ынтықтығын құртады» дегенмен Атанмен дәм-тұзы жарасып, ұзақ уақыт ерлі-зайыпты ғұмыр кеше алмайды. Атанның күні-түні жанын жеген бір уайымы бар, ол – кіндігінен туған баласының жоқтығы. Бұл – негізі әр пенденің басында болатын жайт, бірақ Атанның үнемі жүрегін жаралаған қайғы-шерін жан баласына айтпастан, дәп бір төрт құбыласы тең адамша өмір сүруге тырысып бағуы; онысын рабайда жалғыздан-жалғыз Аспанқораның аспанмен иықтасқан шыңдарына шыққан мезетте «шағымын» туған табиғатқа ақтара салуы да – шығармашыл адамның қолына сирек түсетін олжа. Кейін Атан бөтен бір отбасына пенде болған Ханымкүлдің бесік тербетіп отырғанын көргенде қызғаныштан ба, әлде бала туғыза алмаған өзінің осалдығына налығаны ма, әйтеуір, адам төзгісіз алапат сезімге берілуі есте ұзақ сақталатын штрих. Бір сыншы бауырымыздың Шаштайұлы шығармашылығына талдау жасағанда: «Оның кейіпкерлерінің қасы мен көзінің тірі организмге айналып, ойнақшып тұратындығын былай қойғанда, бетіндегі әжім іздеріне дейін үнемі қозғалыста болады» дегені бар еді. Соған бір мысал: «Атанның жанарының ұясынан ұйықтап жатқан жылан бас көтеріп алғандай кісі баласы сескенетін сұс сезілді. Пышақпен сылығандай жақ еттері түтігін, қушық маңдайы оқшаулана тырысып, дөңес мұрны қоңқайып, кескіні өзгеше өрескел бұзылып кетті. Бетіндегі шешек дағы сұр жүзіне уқорғасын түстес уыт беріп, дәл бір шалт қимылға көшетіндей қуқыл тартты...» Мұндай суреттерді Жұмабайдың кез келген туындысынан кездестіруге болады. Қаншама қиындыққа душар болса да, Аспанқорасынан алыстамаған Атан кейін «моңғол кескінді, бүйрек бетті, қысыңқы көзді, дөңгеленген дембелше бітімінде әлденеден тосырқау мен жүрексіну бар» Қаламқаспен отау құрады.

Қаламқас пен Атанның аз күнгі ғұмырындағы түсіністікке ішің жылиды, повестің тез аяқталып қалғанына өкінесің, әрине. Атан ана дүниеге аттанарда көңілі ерекше асып-таспаса да, бір қараға тұяқ іліктіргендей пейіл танытады. Қаламқастың «аяғым ауыр, екіқабатпын» деген жүрекжарды ақырғы сөзін естігенде Атанның қандай күйге түскендігін сезіну үшін, сірә, қырық беттен аспайтын шығарманы тағы бір оқып шығуға тура келер. Иә, Шаштайұлы шығармашылық әлеуетінде мұндай олжалар көп-ақ. «Аспанқораны» оқыған ұстазы Рымғали Нұрғалиевтің «Көп жазба, осындай он шығарма жазсаң жетеді» деуінде де айта қаларлықтай біраз тебіреністер сыйып тұр, шәкіртіне ризашылығы әм көпіртіп көп жазудың мұратқа жеткізбейтіндігі – саналы жанға үлкен сабақ болғандығы онсыз да түсінікті-тін.

 Қайталай беретін несі бар, осы күндері жұрт әдеби дүниені зейін қойып оқудан гөрі ауа жайылып, сан түрлі әлеуметтік желі, Tiktok дейтін «құбыжықтарға» мықтап әуей болып алды ғой; әрине, біздің бұл пікірімізге сұқ көздерін қадаушылар қатары да аз болмас, дегенмен лықсып келген ойды ішке қайта жұта алмадық. Құдай-ау, ондағы қым-қиғаш жазбаларға жазатайым көзің түскенде жынданып кетуге шақ қаласың, бәлкім, «сені біреу қинады ма, оқыма, сенсіз де оқитындар жыртылып-айырады» деп өре түрегелетіндерге не айтарыңды және білмейсің... Екі-үш күйеуден шығып, онысына иненің жасуындай қысылмастан іздеп жүрген нақ сүйерін енді тапқандай, онымен құшақтасып суретке түсіп, үйлену тойларын шетелде жасауға қамданып жүргендері туралы ақпарат; әйелінің ішін көрсетіп, екінші перзентіне жүктілігін жарнамалаған тағы бірдеме; жиһазға толы үш қабатты тұрған үйін көрсетудегі түкке тұрмайтын жадағай мақтаныш... Тік-тогыңыз осындай-осындай «бұрын-сонды айтылмаған тың туындыларға» толы. Жә, білген боқтарын жесін деп, мұндайларға мән берместен жаба салуға да болар еді, бірақ оларды қадағалап оқитын әрі оларға дер кезінде үн қосатындардың саны бірнеше мыңнан асып жығылады. Сондайда мерзімді басылымдарда жарық көріп жататын көркем әңгімелер мен баспалардан бар-жоғы екі-үш мың тиражбен басылып шығатын әдеби кітаптардың кешегі қалың оқырманы бүгін қайда жоғалып кетті деп, қапа болмасқа амалың қайсы?!

 Қайран Жүкең, Жұмаш, Жұмабай... біз оны үнемі еркелетіп, өзіміздің оған деген пейілімізді де осы еркеліктің аясына сыйғызып, осылай атағанды жөн көруші ек. Ол оған ешбір түзету жасамайтын. Рымғали көкесінің ескертпесіне құлай берілді ме, шындығында ол көпіртіп көп жазған жоқ. Жазғандары мірдің оғындай болып шықты. «Жала мен нала», «Құралайдың салқыны», «Ұябұзар», «Қызыл қар», «Шал мен жылқы», «Жерге орналастырушы», «Қоңыр», «Өмір ертегісі», «Үй мен түз», т.б. Ал «Аяз би» романын оқу үшін кәдімгідей дайындық керек. Дүниесі жарыққа шыққан соң оқырман қалай қабылдады, ұнатты ма, ұнатпады ма деп толғаныста жүретін қаламгер қауымына тән «толғақ» Жұмабайды көп азапқа салмаған секілді. Уайым жесе де ішінде. Мұндайда атақты қытай жазушысы Мо Ян былай деуші еді ғой: «Оқығың келсе – оқырсың, оқығың келмесе өзің біл. Маған десе жер бетінде жалғыз ғана оқырман қалса да, мен бәрібір осылай жазамын...»

 Шындығына келгенде, Шаштайұлының оқырмандарының да, іздеушілерінің де қарасы қалың. Ол бақытты жазушы деп айтқанымызға әріптестеріміз қарсы бола қоймас.

                                                       ***

 Жүкеңді «Тазалықтың тұнбасы» дегізген бірер мысалға жүгінейін. Көбіміз университеттің журфагін бітірдік қой, ол кездегі қазақ университеті Оксфордыңыздан бірде-бір кем түспейтін. Журфакқа түсемін деген жігіттер кейбір қаңқу сөздерді елемей, қатарларының жоғары оқу орындарына түскендігін көріп-біліп тұрса да шыдамдылық танытып, табандап өндірісте екі жыл қатарынан қара жұмыс істеп, өмірдің біраз ащы-тұщысын татқан соң ғана тәуекелге баратын. Онда да оқуға түсіп кетсе жақсы. Жазушы болуды о бастан армандап едік деп күпірлікке бармай-ақ қоялық, алақандай аудандық газетте ме, облыстық газетте ме, әйтеуір сәті түсіп кішкене хабар-ошарың шықса, аяғың жерге тимей «аспанда ұшып жүретіндігіңді» қайтіп ұмытарсың. Соның соңындағы тасқа басылған аты-жөнің сенің кеудеңе бұрын-сонды кезікпеген тосын күш әкеп тыққыштағандай, көпке дейін оңайлықпен «жерге түсе алмай», сол ересен сезімнің құшағында жүретінсің. Жетпісінші жылдардың орта шенінде, яғни бесінші курстан бастап, «Лениншіл жаспен» («Жас Алашпен») мықтап «ауырдық», оқудан шыға салысымен жалаңдап газет қызметкерлері «барып кел, шауып келмен» бір тапсырма берер ме екен деп, солай қарай шапқылайтынбыз. Редакцияның да ептеп сеніміне кіре бастағандаймыз. Атақты жастар газетіндегі болашақ орнымыз дайын тұрғандай сезінетінбіз. Жоқ олай емес екен, партиялық саясат – оқу бітірген жас маман жолдамамен алыс аудандарға жол тартуы керек екен. Сөйтіп мен жолдамамен Жамбыл облысы, ол кездегі Красногор (қазіргі Қордай ауданы) аудандық «Коммунизм жолы» газетіне топ ете қалдым. Бірақ есіл-дертім – «Лениншіл жас». Жолдамадан бас тарсаң, жауапқа тартыласың. Аудандық газеттің терезесі кіршеңдеу, едені қырық жамау ескі мекенжайы ә дегеннен көңілге қораш көрінді. «Басқа салғанды көреміз-дағы»... Редакциядағылар да салқындау қарсы алды. Есік қайырылысындағы үстеліме отыра бергенде өзім құралпы бір жас жігіт келді де, қолтықтап тысқа алып шықты: «Құрисың, бұл маңға жолама, менің де жетісіп жүргенім шамалы, аудандық газет түгіңді қоймай тонайды, мүмкіндігің барда тайып тұр!..» Жылдам сөйлейтін, шалт қимылдайтын Жұмабай менің сұлбамды алғаш көріп тұрғандығына қарамай, менің алдымда дәп бір ескі танысын жолықтырғандай ағынан жарылды. Басқа біреу болғанда томсырайып, бұл шаруаға мүлдем араласпастан «мен көрген құқайды сен де көріп ал!» дегендей өз жөнімен жүре берер ме еді. Тұла бойы тазалықтан тұратын Жұмаш кейін аңғардым, маған ғана емес, жібі түзу кез келген қазақты бауырына басуға дайын тұратын жүрегі кең, ақпейіл азамат екендігін үнемі дәлелдеумен келе жатты. Маған «отказ» алудың жолдарын үйретті, Жұмаш болмағанда кім біледі, мен де орысша-қазақша шығатын аудандық газеттің «көк есегіне» айналып, алтын уақытты бекерге өткізіп, сылпылдап жүре берерме-ем. Бір-екі жылды араға салып, ол да жастар газетінің әдебиет және өнер бөліміне қызметкер болып келді. Әлі есімде. қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Сең» романының алғашқы тараулары алдымен «Л.Ж»-ға жарияланған-ды. Шығармаға толымды пікір айта алатын азаматтарды іздеп, оларының дені талапшыл редактор Сейдахмет Бердіқұловқа ұнамай, Жұмабайдың шат-шәлекейі шығып, күйгелектеніп тұтыға сөйлейтін сәттері де есімізде. Сірә, жылдам, тез сөйлеу жағынан екеуміз де алдымызға жан салмайтын болуымыз керек. Бірде сәті түсіп Жүкеңнің үйіне барғанда шүйкедей ғана Шаштай шалды да көріп қалғанымыз бар еді. Сәлем беріп, дастарқаннан дәм ауыз тиген соң, аса бір тығыз шаруа шешетіндей Жұмаш екеуміз бой жазу үшін тысқа шыққанбыз. Көбірек жүріп қалсақ керек, сонда Шаштай келіні Әскеннен: «Әлгі быдық біздің быдықты қайда алып кетті?» деп сұрайтын көрінеді. Күлдік те қойдық.

 Жұмаш «сыншыл азаматтар жаныңда жүрмесе, адамның жетілуі де, өсуі де қиын» дегенді көбірек айтатын. Осы пікір менің байқауымша, өзін жарқыратып көрсетуден гөрі, орынды-орынсыз жарнамалаудан гөрі ұзаққа шабатын тұлпардың бар құпиясын ішіне бүгіп ұстайтын бұйығы мінезі секілді, ал әдебиеттің көкейтесті мәселелеріне келгенде тұшымды ой-пікірлерімен дүйім елді таңғалдырумен және бойындағы барын беріп үлгере алмай мына дүниемен ертерек қоштасқан әдебиет зерттеушісі Рафат Әбдіқұловқа арналған шығар деп топшылаймын. Жұмабайдың әдеби сыншысы Рафат еді. Оның шығармаларын Рафат қана алдымен оқитын. Ұнады, ұнамады деп бәрін бүкпесіз айшық айтатын. Жұмаш үзеңгі қағысып қатар келе жатқан жігіттерден де қолдан келер көмегін аяған жоқ. Рафатқа «Қуаныштың құрдастары» деген атпен әдебиетке бірге келген тұстастар жайлы циклді мақалалар жаздырды. Олары «Қазақ әдебиетінде» бірінен соң бірі дамылсыз жарық көріп жатты. Қызғаныштың қызыл итін екі иығына байқаусыз қондырып алған бір марқұм ағамыз «бұлардан басқа жазушы жоқ па?» деп Одақ басшыларына «өтініш» айта жүріп, сәтті басталған бастаманы ақыры жаптырып тынды. Иә, сол Рафат жатқан жері жайлы болғыр Рафат бауырымыз «Қызыл қардағы» прототип өзі бола тұра Жұмабайға бір ауыз тіл қатпапты.

 Жұмаш Одаққа кіріп-шығып жүріп, жұрттың бәрімен емен-жарқын амандасқанмен арғы дүниесін ақтарып, көп ашыла бермейтін. Менің пайымымша, ол Серік Асылбекұлы, Бекен Ыбырайымұлы секілді ойлары терең әрі жеме-жемге келгенде достықтан да тайқып кетпейтін біртоға азаматтармен жақын араласты. Сосын Тұрсынжан Шапай, Амангелді Кеңшілікұлы, Бағашар Тұрсынбайұлы секілді жастармен де тең дәрежеде алқа-қотан отырып, ішіндегісінің бәрін бүкпесін ақтарып тастап, сырласқанды ұнататын. Көңілі әлденеден пәс түскен сәттерде «сендер біздің жасымызға жеткенше әлі қ-ай-да!» деместен жатып кеп, соларды іздейтін.

 Қайран Жұмаш-ай, сөзден ескерткіш тұрғызып, сені тірілтіп алатындай құдырет біздің қолдан келер болса – мына мен бар, әлгі аты-жөні аталған жігіттер бар, бәріміз жабылып бойымыздағы барымызды соның жолына бағыштар едік қой... Тазалықтың тұнбасына айналған әрі еш пендеге ұқсамайтын болмыс-бітімің, нұрлы дидарың, риясыз күлкің, тіпті әлденеге кілт етіп, ренжи қалатын қас-қабағыңа дейін дәл сені кеше көргендей... бәрі-бәрі жадымызда. «Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын» дейтін жаттанды лепесті қайталатып қойған бұл тағдырға енді не дерсің?!     

Қуаныш ЖИЕНБАЙ