Талдықорғанда Шерзат Болаттың қазасына қатысты сот жалғасып жатыр

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Дәл қазір сағат 14:30-ға дейін үзіліс жарияланды. Сот отырысы ашық форматта өтіп, оның тікелей трансляциясы Жоғарғы соттың YouTube арнасында көрсетілді. Сот алдында тоғыз адам тұр, олардың төртеуі бұрын сотты болған.
17 сәуір күні негізгі сот тыңдауы басталғанымен, бір адвокаттың кешігіп келуіне байланысты процесс біраз уақытқа кешікті. Сот Ержан Жанұзаков қатысушыларға алдын ала тыңдау өткенін еске салып, үкім шыққанға дейін іс туралы қоғамдық талқылауға қатыспау қажеттігін айтты.
Сот барысында судья зардап шеккен тарапқа моральдық шығын үшін талап арыз беру құқығын түсіндірді. Зардап шеккен тараптан бір өкіл қатыспады, бірақ сот тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдады. Істі Алматыға ауыстыру немесе онлайн өткізу жөніндегі өтініштер тікелей трансляцияның жүргізілуі себебінен қабылданған жоқ.
Сот отырысы белгіленген тәртіппен жалғасады, және барлық мүдделі тараптар іс барысын ресми арналар арқылы бақылап отыра алады.
Соттағы айыпталушылар туралы не белгілі?
Процестің басында судья әрбір айыпталушыны жеке-жеке сұрап шықты.
-
Абзал Шынасыл – 2000 жылы туған, орта білімді, жұмыссыз, үйленбеген. Бұған дейін сотты болмаған. Тергеу мәліметіне сай, дәл осы Шынасыл Шерзатқа пышақпен өлімші соққы жасаған. Ол ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») және 293-баптың 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша айыпталуда.
-
Равиль Сакиев – 1998 жылы туған, орта білімді. Бұрын мейрамханада администратор болып істеген. Бұрын ҚР ҚК 381-бабы («Прокурордың заңды талаптарын орындамау») бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Қазіргі уақытта бұл соттылығы өтелген. Қазір оған ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық») және 99-баптың 2-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша айып тағылған.
-
Шыңғыс Белғожаев – жоғары білімді, спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. 2015 жылы ҚР ҚК 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сотталған. Үйленбеген.
-
Дархан Аскентай – 1993 жылы туған, орта білімді, жұмыссыз. Бұрын тергеуге алынғаны мәлім.
-
Нұрқияс Ілиясов – 1998 жылы туған, орта білімді, жұмыссыз. Бұрын ҚР ҚК 107-бабы («Денсаулыққа орташа ауырлықтағы қасақана зиян келтіру») бойынша сотталған. Соттылығы әлі өтелмеген.
-
Азамат Тоқтаубаев – 2000 жылы туған, жеке кәсіпкер. 2024 жылы қазанда орташа қауіпсіздіктегі колонияға 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
-
Нұрбол Тоқтаубаев – 1996 жылы туған, орта білімді. Шаңғы базасында арнайы техника оператор болып істеген. Үйленген. Бұрын сотты болмаған.
-
Дидар Қалияхмет – 1998 жылы туған, Талғар қаласының тұрғыны. Орта білімді. Жүргізуші болып істеген. Үйленген, екі баласы бар. Бұрын сотты болмаған.
-
Ы. Д. – кәмелет жасына толмаған, Талғар тұрғыны. Қылмыс жасалған кезде 11-сыныпта оқыған. Ол ҚР ҚК «Ауыр қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айыпталуда.
Қайғылы оқиға қалай басталды?
Прокурордың мәліметінше, қайғылы оқиға 2023 жылдың 3 қазанында, түнгі 23:22-де басталған. Сол күні мас күйіндегі Дархан Әскентай Талғардағы дүкенге кіріп, үш бөтелке сыра мен төрт қорап темекі алады. Төлем жасау үшін WhatsApp арқылы танысы Асқарбекке дүкен сөресіндегі нөмірге 1000 теңге аударуды өтінеді. Асқарбек анасынің атына тіркелген картадан ақша аударып, электронды чекті Әскентайға жібереді. Ол сатушы Нұрымовқа чекті көрсетіп, қолма-қол тағы 1000 теңге береді. Қайтарым ретінде 530 теңге алып, екеуі қол алысып қоштасады.
23:33 шамасында сатушының ұлы, 16 жастағы Шерзат Болат дүкенге кіріп, телефонын қуаттауға қояды. 23:47-де Әскентай қайта келіп, телефонын қуаттауды сұрайды. Сатушы оны касса маңындағы қуаттағышқа қосып береді. Әскентай сыртқа шығып, дүкен алдында сырасын ішіп отырады.
23:52-де Шерзат сыртқа шығып, "әкеме балағат айтты" деген уәжбен Әскентайға оң жақ көзіне екі рет жұдырықпен соққы жасайды. Мұны дүкен есігінен көрген Нұрымов дереу сыртқа шығып, ұлына ескерту жасап, Әскентайдың жарасын жуып, кешірім сұрайды. Алайда Әскентай кешірімді қабылдамай, жағдайды "шешу" үшін Тоқтаубаевты шақырады.
Қарулы шабуыл барысында пышақ пен мылтық қолданылған. Жасөспірім ауыр жарақат алып, сол жерде қаза тапты.
Тергеу барысы
Қылмыстық істі тергеу ҚР ІІМ басшысы Ержан Саденовтің жеке бақылауына алынды. Тергеу аясында:
-
40 сот-медициналық сараптама жасалған;
-
200-ге жуық куәгерден жауап алынған;
-
Айыпталушылардың оқиға орнында тергеу эксперименттері өткізілген;
-
Беттестіру және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілген;
-
8 бейнежазба сарапталып, құқықтық баға берілген;
-
Қылмыстық істің жалпы көлемі – 62 том.
Қайғылы жағдайдан кейін марқұм Шерзат Болаттың отбасына күзет берілді. Алайда кейін олардың үйі өртке оранып, прокуратура бұл қылмысқа кінәлілерді табуға уәде берді. 9 желтоқсанда Шерзаттың нағашысы өлі күйінде табылып, алдын ала дерек бойынша өз-өзіне қол жұмсаған. 11 желтоқсан күні Шерзаттың әкесі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Интернетте оқиға болған "Камажай" дүкеніндегі және оның алдындағы бейнебақылау камераларының жазбалары жарияланды. Кадрлардан жасөспірімнің аяусыз соққыға жығылғаны анық көрінеді.
Қазіргі таңда Талдықорғанда өтіп жатқан басты сот процесі қоғамның жіті назарында. Бұл тек бір отбасының емес, бүкіл елдің әділдікке деген сенімін сынаған іс болып отыр. Шерзаттың өлімі – жасалған қылмыстың салдарын ғана емес, жастар арасындағы қатыгездік, жазасыздық пен тәрбие мәселесін де тереңірек ойлануға мәжбүрлейді.