Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:06

Субсидия түзей алмаған шаруашылықты несие түзей ме?

субсидия
Фото: Устинка LIVE

Келер жылдан бастап шаруаларға субсидия берілмейді. Мұны мәжілістің жалпы отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді.

 Оның айтуынша, үкімет мұндай шешімді қаржы тапшылығына байланысты қабылдаған. Енді субсидиялардың орнына шаруаларға 5 пайыздық несие беріледі. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ол несиені алу үшін де әрбір шаруаға жеке тәсіл қолданылады. «Ақша бюджеттен беріледі. Ол қайтарылуы керек. Біз несие беретін кезде әр шаруаның өтінішін жеке қарастырамыз», – дейді министр Айдарбек Сапаров.

Сапаровтың айтуынша, қазір 119 шаруа қожалығынан 5,1 млрд теңгеден астам несие алуға өтініштер келіп түскен. Бұл өтініштерді «Бәйтерек» ұлттық холдингі жеке тәртіпте қарайды.

Жалпы, субсидияның жыры көп. Субсидия беру талаптарының дұрыс еместігі, бұл салада бақылаудың жоқтығы, субсидияны тек-тамыр танысы барлар алатыны, ол ақшаға кейбір шаруалардың той жасайтыны, қымбат көлік мінетіні бұған дейін де бірнеше мәрте айтылған. Тіпті ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған субсидиялардың мүлде басқа бизнеске жұмсалғанын айғақтайтын фактілер де тіркелген. Мәселен, былтырдың өзінде ауыл шаруашылығы субсидияларын ұрлағандар мемлекет қазынасына 2 млрд 600 млн теңге залал келтірген. Мемлекеттік қолдауды қолды қылу бойынша қазір антикорда 54 қылмыстық іс жатыр. Ал биыл жыл басында арнайы комиссия 2 млн ірі қара мен 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады.

Субсидия берудің талаптары да жиі талқыға түсті. Мысалы, субсидия беретін кезде 100 қой мен 1000 гектар жері бар шаруаға да, 10 қой мен 100 гектар жері бар шаруаға да қойылатын талап бірдей болып келді. «Осы ретте алатын қаржың екі бөлек, машақаты бір» деп зар илеген шаруалар да болды. Оның үстіне аудандағы, жергілікті мекендердегі шаруашылық бөлімінде ақпарат жаңартылмайды. Ауыл-ауылды аралап, қожалықтардың жұмысын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қандай мемлекеттік бағдарлама бар, оны алу жолдары туралы халыққа ешқандай сауатты ақпарат да берілмейді. Дәметкенін беріп, қоржынын толтырып жіберсе болды, мол субсидияға қарық болғандарды да естідік.

Шаруаны күйдіру – егінді күйдіру

Бұл ретте «Жас Алашқа» үнемі пікір білдіріп отыратын фермер Жантас Бозанбай:

«3 млн теңге алу үшін 600 мың теңгені құжатты өткізетін маманға бересің. Қағаз жүзінде ол ақшаға мал, техника алған болып саналасың. Іс жүзінде құжаттарды өткізетін маманға «шапка» беріледі. Мақсатсыз жұмсалған қаражатты тексеріп жатқан адам жоқ. Қаржының қажетті салаға бөлінгенін қарайтын қызметкердің сыйқы осындай. Ал 600 мың теңгені алатын адам таппасаң, 3 миллионды ала алмайсың. Мен өзім ондай ұсыныстарға қарсы болдым, ешкімге ештеңе бермедім. Сондықтан талай субсидиядан қағылдым», – дейді.

Фермердің ойынша, енді 5 пайыздық несие берілетін болса, жергілікті әкімдіктен бастап, басқа та жауапты органдар мұны қатаң бақылауға алу керек. Қаражаттың бірден шаруаның қолына тиюіне жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе жергілікті аппарат басқарушыларына сауатты мамандар жасақталуы керек.

«Ауыл шаруашылығы саласына миллиардтар емес, триллиондар бөлініп жатыр. Алайда мемлекеттен қаражат алып отырған шаруаларды тексеретін комиссия келіп жатады, тексерген болады. Ет жеп, сорпа ішіп қайтады. Сондықтан үкімет беретін 5 пайыздық несиені нақты қай банктер арқылы беріледі, алдымен осы жөнінде толық ақпарат берілуі қажет. Егер қаражат «Даму» қоры арқылы берілетін болса, онда кереметтей өзгеріс болады деп ойламаймын. Себебі осыған дейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік болды. Бағдарлама аясында 14 пайызбен несие алынса, 10 пайызын «Даму» қоры субсидия ретінде төлеп беріп отырды. Бұлайша жұмыс істеу де аталмыш қордан тамыр-таныс іздеп, екінші деңгейлі банктердің менеджерлерінің «рақметін» берумен аяқталды. Бұдан бөлек, бізде мемлекеттен берілетін субсидияның да, «Даму» арқылы берілетін қаржының да уақытында түспейтіні қиын. Мысалы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өтініші үш жыл бойы қаралған жандарды білемін. Сол тәрізді егін егуге субсидия алайын десең де оның құжаты дайын болғанша, егіннің уақыты өтіп кетеді. Болашақта үкімет бірінші кезекте осыны реттеу керек. Берілетін несие де, жеңілдік те, шаруаның қолына уақытылы тимесе, пайда жоқ», – дейді фермер.

Субсидияның өзіне қолы жетпеген шаруа көп

Ал сала мамандары біздегі ауыл шаруашылығына несие немесе субсидия беруге құжатты рәсімдейтін менеджерлер ауыл шаруаларының сауатсыздығын қатты пайдаланатынын айтады. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, ғалым Сандуғаш Слямханқызының айтуынша, осы уақытқа дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 7,5 пайыз етіп шаруаларға онсыз да субсидия беріп келген. Шаруалар оның 6 пайызын төлейді. Ал қалған 1,5 пайызын мемлекет субсидиялайды.

«Міне, осы қағиданы білмейтін шаруалар бағдарламалар арқылы берілетін 14 пайыздық несиеге ұрынды. Оның 10 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды дегеннің өзінде, кейбір фермерлердің, диқандардың оған құжат өткізуге сауаты жетпейді. Кейбірі құжатбастылықтан, «бюрократизмнен» шаршады. Шындығында, «Дамудың» беретін субсидиясына қолы жетпеген шаруалар көп. Сондықтан келешекте шаруаларға, агросекторда жүрген кәсіпкерлерге ақысыз консультация беретін, дұрыс бағыт-бағдар беретін орталықтар ашылғаны дұрыс. Агросекторды жетілдіреміз десек, ол салада сауатты мамандар болуы керек. Дамыған елдерде субсидия мәселесіне, арзан пайызбен берілетін агронесиеге өте салмақты қарайды. Олар шаруаларына бұл қаражаттың сұрауы бар екенін мықтап түсіндіреді. Ал бізде насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Жалпы, ауыл шаруашылығы жұмыстарының қай-қайсысы болмасын, ауа райына байланысты болатыны белгілі. Кей жылдары ауа райы мырзалығын көрсетпесе, алған өнімің дұрыс шықпайды. Ондайда шығынға баттың деген сөз. Міне, осындайда бизнесті сақтандыру барын білмейтін шаруалар да бар. Бізде 700 малдың 500-і сақтандырылған. Халық жеке көлік пен жылжымайтын мүлікке ғана салық төлеп отыр. Ауыл халқы сақтандыру дегеннің не екенін тіпті білмейді. Биыл елді топан су басқан кезде тіпті қаншама малдың сырғалығы жоқ екені анықталды. Ал енді несие беретін кезде осының барлығы ескерілуі керек. Өз басым ауылға 5 пайыздық несиенің өзін көп деп есептеймін. Дамыған елдерде мысалы, өзім білім алған Малайзияда агронесие 2 пайызбен беріледі. Ал осыған дейін біздегі «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы кейбір аймақтың шаруаларына несиені 23 пайызбен беріп келді. Шаруалар оның 6 пайызын төлейді, қалғанын жергілікті әкімдіктер субсидиялайды. Сонда осыған дейін 6 пайыздық несиені төлеп келген шаруаға 5 пайыздық несие аса бір жеңілдік деп айта алмаймын», – дейді С.Слямханқызы.

Маманның ойынша, үкімет 5 пайыздық несие беру арқылы ірі шаруашылықтарды одан әрі ірілендіруді ойлайды. Бірақ бұл арада жиырма, отыз шақты қой бағып отырғандарды да ұмытпау керек.

«Үкімет жедел арада олардың азғантай жерін біріктіріп, ұжым жасаудың жолдарын қарастырғаны абзал. Бірінен техника, екіншісінен тағы басқа қажетті құралдар шығады. Осылайша, бірінің жыртығын бірі жабады. Осы тұрғыдан алғанда, шаруалардың бірлесіп несие алуына да жағдай жасалуы қажет. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» пен «Даму» қоры шаруаларға арзан несие береміз деп дабыралатқаннан гөрі ауылдағы өндірілген тауарды өткізетін орындарды да ойластыруы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдермен тығыз байланыс орнатып, бір аймақта жоқ өнімді екіншісіне жеткізіп тұратындай жағдай жасалуы тиіс. Сонда ауыл шаруашылығы саласының жұмысы жеңілдейді. Өніміне сұраныс болар еді», – дейді сарапшы.

«Қазақстан – аграрлы ел» деп мақтанғанымызбен, бүтін бір саланы тозығы жеткен техникалардан құтқара алмай отырғанымызды айтып жүрміз. Қазір бұл саладағы техниканың 80 пайызы ескірген, тозған. Бұған қатысты басқа емес, жуырда үкімет отырысында үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өзі ауыл шаруашылығындағы техниканың тозу деңгейі 76 пайызға жеткенін мәлімдеді. Премьердің айтқан дерегіне сүйенсек, бізде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқыны іс жүзінде – 5 пайыз. Ал норма бойынша 8 пайыз болуға тиіс. Рас, шаруалардың арасында қаражатын тауып, жаңа техникалар алғандар болған. Дегенмен олардың алдын ел үкіметі шығарған кедергілер кес-кестейді. Мәселен, шаруалар ең қолжетімді деген Lovol 1304 импорттық тракторын 22 млн теңгеге алса, оны қолданысқа енгізу үшін алдымен алғашқы тіркеуге қойып (7 пайыз – 1,54 млн), қосымша құн салығын төлеп (12 пайыз – 2,64 млн), қозғалтқыш көлемі мен сипаттамасына қарай 10-20 пайыз аралығында утильалымын төлеуі керек болады. Сонда 22+1,54+2,64+3(утильалым шамамен) формуласы шығады. Нәтижесінде, 30 миллионға жуық қаржы кетеді. Кедергілер мұнымен бітпейді. Осы уақытқа дейін шаруалар, диқандар үкіметке талай мәрте мұңын айтты. Әсіресе биылғы жыл ауыл шаруаларына оңайға соқпады. Қаншама аймақты су шайып, талайының егістігін топан су басты. Қаншама мал қырылды. Нәтижесінде егістіктерді, жайылымдарды тыңайтуға қаншама шығын шықты. Ал ондай қысылтаяң кезеңде үкімет ұсынған жеңілдіктер біреуге бар болса, оған біреу зар болды. Енді мына 5 пайыздық несие шаруаның көсегесін көгертсе игі. Әйтеуір шаршаған шаруалар үкіметтен үмітті.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 2 трлн теңге жұмсалыпты. Сонда да оңалмайтын бұл не қылған іс? Не қылған шаруа?..

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: