Шахаровтың бір аттағаны 105 мың теңге

Қазір Қазақстан үкіметінің басты ұраны үнемшілдік болып тұр. Премьер-министр Олжас Бектенов бастап, экономика министрі Серік Жұманғарин қостап, бюджет тапшылығын жойып, тығырықтан шығатын жол таба алмай жатыр.
Бірақ бюджет қаржысын төгіп-шашып жұмсауға әбден үйреніп қалған шенділер ескі әдетін қоя алар емес. Соны дәлелдегісі келді ме екен, соңғы аптада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров көзге бір түсті.
Мемлекеттік сатып алулар порталына кірсеңіз желге ұшып жатқан миллиондар мен миллиардтарды көресіз. Біз бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бір киіз үйді – 6,75 млн, қоқыс контейнерін – 891 млн теңгеге сатып алмақ болғанын жазған едік. Айта берсек, мұндай шектен шыққан саудалар жетіп артылады. Қазақстанда бір литр сүтті 14 млн теңгеге сатып алатын шенеуніктер де бар.
Қазақстан үкіметі «көрпеге қарай көсілуді» білмей-ақ қойды. Биыл бюджет тапшылығы қатты сезіліп отырса да, елде бірнеше ірі іс-шара өтеді. Мысалы, 7 мамырда Астанада үлкен әскери шеру өтпек, оған қорғаныс министрлігінің әскери дайындыққа арнаған 2,5 млрд теңгесі жұмсалады. Ал мамырдың аяғына қарай өтетін Астана форумына 4,5 млрд теңге жұмсалады деген ақпарат бар.
Жергілікті шенділер де елордадан қалысқысы келмейді. Бүтін жолды бұзып, қайта салып, маусым сайын бордюр ауыстырып, алдымен асфальт төсеп, кейін оны қайта қазып, кәріз жүйесін жөндеп – бюджет қаржысын «игеріп» жатыр. Мұндай әрекет жыл сайын қайталанады.
Ақтөбедегі әр метрі 100 мың теңгелік қоршау
Жақында мемлекеттік сатып алу порталында тағы бір тосын келісімшарт жасалды. Ақтөбе қаласындағы Абай даңғылының Әбілқайыр хан даңғылынан Есет батыр көшесіне дейінгі бөлігіндегі қоршауды (шарбақ) жаңартуға 67 074 321,43 теңге бөлінген. Ауыстырылатын қоршаудың жалпы ұзындығы 638 метр ғана. Демек қоршаудың әр метрі үшін шенділер 105 015 теңге бөлген.
Осы ақпаратты бірнеше telegram-арна жариялады. Жазбаға пікір қалдырған тұрғындардың көбі аталған қоршауды ауыстырудың еш қажеті жоқ екенін айтып отыр, тіпті қоршауды алып тастаса да ештеңе өзгермейді дейді. «Бұл жерге қоршаудың қажеті жоқ. Менің ойымша, қоршау жоқ болса, көше бойымен жүріп-тұру әлдеқайда жеңіл болар еді»; «бұл жерде ертеде қоршау болмаған, оның енді қажеті қанша?»; «брусчатка мен бордюрды ауыстырып болған соң қоршауды да бос қоймайын деген шығар» деп жазды жергілікті тұрғындар. Арасында «неге түсінбейсіздер, қысқы қоршауды көктемгісіне ауыстырып жатыр. Мұның бәрі сіздер үшін жасалған. Кейін жазғысына ауыстырады» деп мысқылдаған пікір де кездеседі.
Тұрғындар түсірген видеожазбаға қарап, біз де бұл шарбақ не үшін керек деген ойға қалдық. Көгал жер автожолдан биік бордюр арқылы бөлінген, машина шыға алмайтыны анық, жаяу адам да көк шөпті таптап онда бара қоймас. Соған қарамастан, жергілікті әкімдік қоршау орнатқан екен, енді соны жаңасына ауыстырғалы отыр. Бірақ қала тұрғындары бұрынғы шарбақ әлі тозбағанын, жаңасы қажет емес екенін айтады.
Оның үстіне жаңа қоршау тым қымбатқа түсіп отыр. Көпшілік Асхат Шахаров отыратын облыстық әкімдікке қарама-қарсы көшедегі аз ғана аумаққа жергілікті бюджеттен мұнша мол қаржы бөлгеніне наразы. Жергілікті жұрт әкімдік шын іскер болса, жөндеуді күтіп тұрған нысандар жетерлік дейді. Жақында БАҚ-та жауын астында автобус күтіп тұрған ақтөбеліктердің видеосы жарияланды. Жол бойында аялдама жоқ болғандықтан, азаматтар амалсыз жол бойында автобус күтеді. Бұл дауға Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі араласып, тиісті шара қабылдауға уәде берген. Бірақ халық мұндай орындалмайтын уәденің талайын естігенін айтып отыр.
Қымбат қоршаудың жай-жапсарын білу үшін Ақтөбе облысы әкімдігіне хабарласқан едік. Олар бірден қалалық әкімдікке сілтеді. Ал Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Бәйменова оқып-түсінуге ауыр, кедір-бұдыры көп мәтін жіберді. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілі бізге жақсы таныс, сондықтан жаңылтпаш жауапқа еш таңғалмай, қайта-қайта оқып, түсініп алдық. Қысқасы, бұрынғы қоршау пластик материалдан жасалған, ол бүлінсе дәнекерлеп жөндеуге келмейді, оның үстіне ескі шарбақ тоза бастаған, сондықтан оны ауыстырмаса болмайды екен.
Бұл жерге қоршаудың не қажеті бар деген сұраққа да жауап оңай табылды. «Бульвар қала ортасында, көлік көп жүретін екі жолдың қиылысында орналасқан, гүлзар маңында тұрғын үйлер де бар, сондықтан қоршау орнатылған. Ол жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерін қорғайды» дейді әкімдік өкілі.
Әкімдік жауабындағы ең маңызды түйін – жұмсалатын қаржыға байланысты. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы лот сипаттамасында бөлінген қаржы 67,07 млн теңге екені анық жазылған. Ал әкімдік конкурс қорытындысы бойынша жұмыстың құны 34 млн теңге болғанын хабарлады. Біз лоттағы баға мен әкімдіктің есебі неге сәйкес келмейтінін сұрадық. Бәйменованың айтуынша, «лотта жариялана береді, бірақ конкурс нәтижесінде 34 млн теңгеге жасайтын болып келісілген». Сондай-ақ ол мұндай ғажаптың мәнін «тендер туралы жазып жүрген журналистерден сұрауымыз керек» екенін айтты.
Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі ұйымдастырған № 14264974-ОК2 конкурстың 15 сәуірде жарияланған қорытынды хаттамасында сатып алуға бөлінген қаржы 67074321,43 теңге деп анық жазылған. Соған қарағанда конкурс өтіп, хаттама жасалып болған соң жеңіске жеткен компания әкімдік бөлген қаржыны көпсініп, жұмысты 34 млн теңгеге орындауға бел буған сияқты. Біз «жомарт» Азамат Бекет (Ақтөбе қаласының әкімі) пен қанағатшыл мердігер бап қосылған екен деп қол соқтық.
Айтпақшы, конкурста ALI Group ST ЖШС жеңіске жетіпті. Жеңімпаз компания 2017 жылы маусым айында құрылған, 2022 жылы қайта тіркеуден өтіпті. Қаржы айналымы 2023 жылы – 493 млн, 2024 жылы – 348 млн теңге болған. Былтыр небәрі 6,5 млн теңге салық төлеген екен. Демек аса алпауыт компания емес. Бірақ 27 үміткер қатысқан конкурста жеңіске жетіп отыр.
Әдетте жұрт мемлекеттік мекемелер өткізген тендерді сол мекеме қызметкерлеріне қатысы бар компания жеңіп алатынын айтады. Билік мемлекеттік сатып алу тәртібін қағаз жүзінде қанша қатаңдатқанымен, сол тәртіптің іс жүзінде сақталатынына күмән көп. Антикор мен жоғары аудиторлық палата жыл сайын мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзғандарды анықтап жатады. Бірақ содан өзгерген ештеңе жоқ.
«Біздің елде әкімдердің бәрі кәсіпкер. Әр әкімнің бизнес жасайтын өз саласы бар. Марқұм Бердібек Сапарбаев бордюр ауыстырумен аты шығып, Бордюрбек атанған. Қазіргі облыс әкімі Асхат Шахаров жол төсеудің королі, жыл сайын асфальт төсей береді. Бұрынғы Ақтөбе әкімі Ералы Тоғжанов (қазір премьер-министрдің кеңесшісі) жарықтандыруды жақсы көретін. Бағана мен жарықтандыруға қаржы бөлуге әуес еді. Ақтөбе қаласының бұрынғы әкімі Ілияс Еспанов арық салумен айналысатын, керек емес жерге суағар салып, соған мол қаржы бөліп жүрді», – деп жазды ақтөбелік тұрғын.
Бағдаршам дауы аяқсыз қалды
Газетіміздің 11 наурыздағы №24 санында «Санкциядан қорықпайтын төрт әкім, бір министр, бір елші» деген мақала шыққан. Онда Қостанай, Павлодар, Өскемен және Ақтөбе қаласы санкцияға ұшыраған ресейлік «Швабе» холдингіне қарасты «Орал оптикалық-механикалық зауытынан» бағдаршам сатып алғанын жазған едік. Бұл ақпаратты Ресейдің «Ростек» мемлекеттік корпорациясы таратқан болатын.
Біз әскери техника шығаратын, әлемге нашар атымен танылған компаниямен сауда жасағаныңыз қалай деп Асхат Шахаровтың атына Е-Өтініш платформасы арқылы сауал жолдағанбыз. Облыс әкімі біздің сауалды «қиыр шетке» бір-ақ лақтырыпты. Ақтөбе қаласының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы коммуналдық мекемесінің басшысы Еркінғали Купеновтен келген хатта «ресейлік компаниядан бағдаршам алды деген ақпарат жалған» деген жалғыз сөйлем ғана бар.
Шахаров аз жұмысқа көп қаржы бөлуге жомарт болғанымен, БАҚ сауалына жауап беруге келгенде сараң сияқты. Өзі жауап бермегенімен қоймай, бас-аяғы жоқ «жалған ақпарат» деген сөзбен ғана шектеліп отыр. Ресейліктер алды деп отыр, Шахаров алмағанын айтады. Демек бұл жерде біреу өтірік айтты. Біз Ақтөбе әкімдігіне қайта хабарласып, санкцияға ұшыраған компаниямен сауда жасамағанын дұрыстап дәлелдеп беруді сұрадық. Дзюдошы Шахаров пен боксшы Бекет қоршау ауыстырудан қолы босаса, жауап беретін шығар...
Қуаныш Қаппас