Сапаровтың статистикасындағы картопты мал жеп қойыпты

Ауыл шаруашылығы министрлігі 19 қаңтарда мәлімет таратып, елімізде сауда орындарындағы картопты қоспағанның өзінде 850 мың тонна картоп қоры бар екеніне сендірді.
Ғылыми-нормативтік, медициналық норма бойынша әр адам жылына 100 келі картоп тұтынады деп есептесек, 20 млн халыққа айына 167 мың тоннадан шығады. Осы жерде орынды сұрақ туады: қаңтардан бергі екі айда домалақтап айтқанда 350 мың картопты жедік дегеннің өзінде қалған 500 мың тоннасы қайда?
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің берген жауабына қарағанда, жыл басында жарияланған картоп қоры туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдардың, картоп өндірушілер қауымдастығының, сондай-ақ, тікелей картоп өсіретін шаруалардың жедел ақпараты негізінде жасалған. Айта кететін жайт, картоп мыңдаған ірі және ұсақ шаруашылықтардың қоймаларында және жеке қосалқы шаруашылықтардың жертөлелерінде егін жиналғаннан бастап жаңа егінге дейін сақталады.
Осы уақыт аралығында ұйымдасқан шаруашылықтарда сақталған өнім кеуіп, салмағы азаюы мүмкін. Бір бөлігі мал азығына пайдаланылуы мүмкін, қалған бөлігі нарықтағы сұранысқа сай көтерме сауда базарларына, сауда желілеріне және дүкендерге таратылады. Бұл үдеріс күн сайын жүріп жатады, оны толық бақылау мүмкін емес. Сондықтан, көлемдер болжамды сипатта болады және жоғарыда айтылғандай қарапайым жолмен есептелмейді, деп жазылған ресми жауапта.
Негізі жоғарыда айтылған 850 мың тонна картоп қоры министрліктің өз хабарламасы бойынша, сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағандағы көлем болатын. Бірақ, бізге берген жауабында картоптың «кеуіп кеткенінен» бөлек, мал азығына және көтерме сауда базарларына, сауда желілеріне, дүкендерге таратылуы мүмкін дегенді де себеп ретінде көрсетіп отыр.
Тағы бір мәселе, елімізде ішкі қажеттілік жылына 2 млн тоннаның шамасында. Демек, Қазақстан 2024 жылы ресми дерек бойынша 2,9 млн тонна картоп өндірген болса, 900 мың тонна картопты экспортқа шығаруға болатын еді. Оның орнына 515 мың тонна деп көрсетілді. Ендеше, қалған 400 мың тонна қайда?
Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінде ел аумағында өндірілген картоп көлеміне байланысты екі түрлі ақпарат ұсынатын болып шықты. Біріншіден, министрліктің ресми статистикасына сәйкес, 2024 жылы 2,6 млн тонна картоп өндірілген.
«Ал 2,9 млн тонна деген көрсеткіш – жергілікті атқарушы органдардан жиналған жедел ақпарат. Жоғарыда айтылғандай, картоп және сол сияқты кез келген басқа өнімнің нарығы кең әрі күрделі. Сондықтан өндірілген әр тонна өнімнің нақты қайда, кімге сатылғанын, тұтынылғанын немесе экспортталғанын дәл анықтау мүмкін емес», – деп жазылған ресми жауапта.