Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:12

Ратификация: Біз енді орыс тілін халықаралық қатынас тілі ретінде дамытуға ақша бөлетін алты елдің біріміз!

Орыс тілі
Фото: todayinfo.kz

Осы аптада мәжіліс «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

 Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымның мақсаты – орыс тілін халықаралық қатынас құралы ретінде және алты елдің үкіметаралық байланыс тілі ретінде дамыту.

Бұл туралы былтыр 13 қазанда Бішкектегі ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде айтылып, едел-жедел шарт жасап, қол қойылған. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей жұмысы туралы кеңесе келіп, оны бірге қаржыландыру туралы келіскен. Бұл ұйымға Қазақстан тарапы алғашқы жылы 43 миллион теңге бөледі. Өзге елдерге қандай сома жүктелгені белгісіз, бірақ осы шамада болатыны даусыз.

Мәжілісте сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл қаржы көп емес деп отыр.

«Республикалық бюджеттен ұйымға жылына шамамен 43 млн теңге бөлінеді. Заңнамаға сәйкес, біз мүше болған халықаралық ұйымдардағы қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ресми процедура біткеннен кейін, заңға президент қол қойғаннан соң, 6 елдің бүкіл министрі жиналып, бұл ұйым қалай жұмыс істейтіні туралы шешім қабылдайды. 2025 жылдың басында негізгі шаралар басталады. Әр мемлекет ұйымның бюджетіне қаржы құяды. Қазақстан бөлетін қаржы – 43 млн теңге. Бұл көп емес», – дейді министр.

Орыс тілі әлемдегі ең көп қолданылатын 6 ресми тілдің бірі саналады. БҰҰ жарғысы бойынша ағылшын, француз, қытай, орыс, испан және араб тілдері халықаралық қатынаста қолданылатын ресми тіл ретінде бекітілген. Бұл аталған тілдерге белгілі бір деңгейде артықшылық береді. Және осы тілді дамыту бойынша мүдделі мемлекет (сол тілдің иесі) қорлар мен кеңестер, институттар құрып, қолданыс аясын кеңітуге күш салады. Нұрбек бұл мәселе жөнінде «француз тілінде сөйлейтін 50-ден аса елді біріктіретін Франкофония ұйымы, араб тілінде сөйлейтін елдерді біріктіретін Халықаралық араб тілі кеңесі, сондай-ақ Британ кеңесі, Конфуций институты, Сервантес институтын» мысалға келтірді. Орыс тілін дамыту халықаралық тәжірибеде бар дегені.

Жалпы, орыс тілінің жағдайы ТМД аумағында насихат жасайтындай, қаржы бөліп, дамытатындай жағдайда емес. Еуразиялық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты ұйымдардың барлық жиыны тек орыс тілінде өтеді.

Олжас Сламжан

Тегтер: