Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:30

Павлодарлық жас футболшылар мінген автобус Астана маңында апатқа ұшырады: жаттықтырушы қаза тапты

автобус
Фото: Shutterstock

Ақмола облысында 18 сәуір күні жасөспірімдер футбол командасын Астанаға алып бара жатқан микроавтобус жол апатына ұшырап, жаттықтырушы қаза тапты, ал 16 бала жарақат алды.

Ақмола облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға Астана – Ерейментау – Шідерті автожолының бойында орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes маркалы микроавтобустың жүргізушісі жүк көлігін басып озу маневрін жасаған кезде көлік аударылып кеткен.

"Микроавтобуста 14 пен 16 жас аралығындағы 16 жасөспірім мен олардың жаттықтырушысы болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаттықтырушы оқиға орнында көз жұмды. Жарақат алған балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды", – делінген полиция хабарламасында.

Қауіпсіздік шаралары сақталмаған

Полиция дерегінше, бұл сапарды ұйымдастырған жеке спорт мектебі жол жүрісі туралы полицияны ескертпеген. Сәйкесінше, микроавтобусқа арнайы полиция ілесіп жүрмеген. Қазіргі таңда жол апатына байланысты тексеріс басталды.

Бұл – жас спортшылар қатысқан алғашқы апат емес. Былтырғы тамыз айында Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тас жолында орын алған жол апатынан бес жас футболшы мен үш ересек адам қайтыс болған. Олар Қарашатау ауылынан Маңғыстау облысына жарысқа бара жатқан.

Ал 2023 жылдың желтоқсанында, сол Ақтөбе облысында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді: республикалық олимпиадаға бара жатқан мұғалім мен екі оқушы жол апатынан көз жұмды. Toyota Alphard көлігі жүк көлігімен соғысқан.

Тегтер: