Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 07 Мамыр 2024

Оқушылар қызықпайтын, мұғалімдер қызықтайтын онлайн олимпиадалар

онлайн олимпиада
Фото: umnazia

Қазір оқушылар ақша төлеп қатысатын онлайн олимпиадалар жетерлік. Сайтта немесе платформада тіркеліп, төлем жасап, тест тапсырып, артынан сертификатың мен дипломыңды ала бересің.

Бір қызығы, оқушыны қадағалап, көшірмегеніне көз жеткізетін функция қарастырылмаған. Кітап ашсаң да, ғаламторды ақтарсаң да «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Осындай бәйге-сымақтардың ұстаздарға арналған нұсқасы да баршылық. Бірақ мұндай «көзбояушылық» кімге, не үшін керек?

Шын мәнінде, аталған дипломдар мен сертификаттар көбіне-көп оқушыға емес, оның мұғаліміне керек. Себебі педагогтар санаттан санатқа өту үшін өз жетістігін ғана емес, білім алушылардың жетістігін де жинақтап, өткізеді. Бұл орайда халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардан қанжығалы қайту көпшіліктің қолынан келе бермейді. Сол себептен де ұстаздар осындай онлайн байқауларға жүгініп жатады.

Танымал дегендеріне тоқталсақ – Дарын республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы өткізетін «Ақбота» интеллектуалдық марафоны, «Кенгуру» ойын конкурсы. Аталған сайыстар мақсатымыз дарынды мектеп оқушыларын анықтау, математикалық сауаттылығын арттыру және ғылым негіздері бойынша олардың білімдерін тереңдету дейді. Ол 1-10 сынып арасында ұйымдастырылады. Сол секілді мұғалімдерге, оқушылар мен психологтарға арналған Қазақстан интернет олимпиадасы әртүрлі деңгейде, форматта өткізіледі. Қатысу жарнасы оқушылар үшін – 500, мұғалімдер үшін – 1000 теңге.

Аталмыш олимпиада облыстардың жылдық рейтингін де жасаған. Алғашқы үштікте Жетісу, Жамбыл облысы мен Алматы қаласы тұрса, соңғы орындарда Түркістан, Маңғыстау, Ұлытау облыстары. Тағы «Дарын онлайн» платформасы өзінің министрлікпен серіктестігі туралы көрсетіп, онлайн турнирлер ұйымдастырып жүр. Онда 4-5 сыныптар математика, ағылшын, қазақ, орыс тілі, 9-10 сыныптар Қазақстан тарихы, биология, математика пәндері бойынша олимпиадаға қатыса алады. Осы сынды «Клевер», «Қазақстан ұстазы», «Педстарт» деген олимпиадалар танымал.

Елдегі жиі қолданылатын банктер мен терминалдар, онлайн төлем жүйелері арқылы жарнасын төлеп қатысуға болатын мұндай тесттер білімді анықтап, дарындыны танытады деп айту әбестік болар. Өйткені олимпиадаға кім тіркеліп, кім кіріп, қайсысы қалай тапсырып жатқанын қадағалайтын тетіктер жоқ. Ақша төле де ала бер... Бұл туралы онлайн олимпиадаларда «жеңімпаз» атанған оқушылар айтып берді.

«Онлайн олимпиадалардың біразына қатыстым. Соңғысы «Клевер» атты байқау. Сұрақтары мен жауап парақшасын алып, кабинетте отырып белгіледім. Тестілеу барысында жанымда басқа да оқушылар, мұғалімдер болды. Қағазға белгілеген кезде де, компьютермен немесе телефонмен тапсырғанда да еш қиындығы жоқ. Интернеттен қарап, кітаптан іздеп отырып тез-тез белгілеп тастайтынбыз. Шынымды айтсам, бұл нәрселерге маңыз беріп қарамадым да, қызықпадым да. Мұғалімдерім қатысып, диплом алыңдар деген соң қатыстық. Барлық балалар солай жасайды», – дейді 10 сынып оқушысы Әсет Ақылбай (аты-жөні өзгертілді).

Ал 11 сынып оқушысы Елдос Тоқтар (аты-жөні өзгертілді):

«Осы күнге дейін 2-3 рет онлайн олимпиадаларға қатысып, диплом, сертификат алдым. Бірақ ақшасын төлегенім болмаса, өзім тест сұрақтарын қарап, жауап берген емеспін. Бәрін пән мұғалімдері өздері тапсыратын. Сондықтан олар тест пе, әлде ашық сұрақтар ма, күрделі ме, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені ашып қарамадым. Қателеспесем, математика мен қазақ тілі пәнінен орын алған болуым керек», – дейді.

Тәжірибе үшін тест тапсыру

Біз тілдескен оқушылардың дені осы сарындас пікірлер айтты. Сөйтіп, біз де онлайн олимпиадалардың біріне қатысып көрдік. Арнайы сайтқа кіру, қажетті сынып пен тестті таңдап, төлем жасау небәрі 1 минут уақыт алды. 990 теңге төлеп, нөмірге келіп түсетін код арқылы тестті бастадық. Онда 20 сұрақ, 40 минут уақыт берілген. Оқушының қай өңірден екенін алдын ала белгіледік, ал мектеп пен басқа да қосымша мәліметтер сұралмады. 3 минут ішінде тестті белгілеп, 17 балл алдық. Артынша оқушының аты-жөнін жазып, дайын дипломды PDF форматында жүктеп алуға болады. Біз қанжығалаған 2 дәрежелі дипломда тіркеу нөмірі мен QR код, ЖШС директорының аты-жөні, қолы, мөрі, тестілеуден өткен күн көрсетілген. Тым құрыса ЖСН де қажет емес, түптеп келгенде, кім кіріп, не тапсырса да өз еркі. Қадағалау, растау деген атымен жоқ.

Онлайн олимпиадаларға қатысушылар тест сұрақтарын оқулықтар мен кітаптардан, ғаламтор желілерінен емін-еркін көшіруіне, тапсырманы оқушының орнына педагогтар орындауына кедергі болатын шаралар қарастырылмаған ба деп, ұйымдастырушыларға хабарласып көрдік. Жоғарыда аталған ҚИО өкілдері:

«ҚИО 2010 жылдан бері мұғалімдер мен оқушылар арасында олимпиадалар өткізіп келеді. Жүйеміз тұрақты түрде модернизацияланып отырады. Себебі расымен де оқушылар мен педагогтар әртүрлі бұрыс әдістермен диплом алуға тырысып жатады. Бүгінде бақылаудың ең тиімді әдісі – прокторинг жүйесі. Компьютердегі, ноутбуктағы немесе ұялы телефондағы фронталды камера арқылы видеофиксация жасау, дыбыстық бақылау мен жүйеде ашылып тұрған терезелерді бақылап отыру таптырмас әдіс. Осы арқылы ережелердің бұзылмауын қадағалап отыруға болады. Сондықтан ҚИО-ның финалдық кезеңдері міндетті түрде прокторингпен өткізіледі», – деп жауап берді.

Ал дипломдары мен сертификаттары аттестация портфолиосына жарамды Дарын республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы сауалдарды жазбаша жолдауымызды сұрады. Алайда жіберген сұрақтарымызға газет беттелгенше жауап келмеді. Аталған орталықтың «Педстарт» атты онлайн олимпиадасы бар. Онда да қадағалау жақсы деңгейде емес көрінеді. Бұл туралы педагог Жанаргүл Ғалымжанқызы айтты:

«Ақылы түрде қатысуға болатын онлайн олимпиадалар осыдан 7-8 жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда азайды. Бір кездері министрлік 514 бұйрыққа өзгерістер енгізіп, толықтырған. Ол бойынша, мұғалімдерді аттестаттаудан өткізгенде тиісті уәкілетті органдар бекіткен олимпиадалар мен конкурстардың тізімі жасалды. Соның ішінде ақылы онлайн олимпиадалар да баршылық. Бірақ олар салыстырмалы түрде азайған. Қазір, қателеспесем, Дарын республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастыратын олимпиадалар ғана қалды. Соның ішінде «Ақбота», «Кенгуру», «Педстарт». Қалғандары 514 бұйрыққа енбейді. Жеке өзім балаларды ондай олимпиадаға қатыстырмаймын, аттестациядан өткенде жетістік ретінде қоспаймын. Тек биыл ғана «Педстарт» байқауының жарнамасы жер-жерде жүріп жатқан соң байқап көрейін деп қатыстым. Ондағы мақсатым – барысын, бағытын көру болды. Сұрақтары мектеп бағдарламасымен емес, тілді ғылыми тұрғыдан қарастыратын ғылыми еңбектер мен зерттеулер бойынша келді. Алайда бетпе-бет отырып тапсырмаған соң, әрі тест уақыты шектеулі болғандықтан бұрмалаушылықтар болып кететіні жасырын емес».

Иә, 2021 жылы «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін бекіту туралы» заңға өзгертулер енгізілген. Онда жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған республикалық олимпиадалар, мамандандырылған олимпиадалар мен байқаулар, жоғары оқу орындарының олимпиадалары бар. Ал онлайн олимпиадалардың саны азайыпты, бірен-саран ғана. Десек те, тізімде қалғандарының өзі ашық сауда алаңы секілді... Аудандық, облыстық байқауларды сатып алып, «ставкамен» жұмыс істеуге үйренген біздің білім жүйесі үшін мұндай онлайн олимпиадалар не тұрады? Оқушының жетістігі арқылы оқытушының сапасын анықтауға бағытталған портфолио осылайша өз функциясын атқаруға жарамсыз болып бара жатқандай. Министрлік тым жоғары талап қоя ма, әлде педагогтар жеңілге жүгіре ме, кім білсін? Бірақ осыны көрген оқушылар «орынды сатып алуға болады екен» деген психологиямен өсіп жатыр...

Баян Мұратбекқызы