Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:50, 21 Қараша 2024

Мың күнде сан құбылған Путин мен украин солдаты

Путин
Фото: Дмитрий Азаров / Коммерсантъ

Дүниені дүрліктіріп тұрған – Ресей-Украина арасындағы майдан. АҚШ президенті Джо Байден баллистикалық-тактикалық АТАСМS зымырандарымен Ресей территориясын атқылауға рұқсат бергелі екі елдің аспанын сызғылаған зымырандар халықтың есін екеу, түсін төртеу етті.

Сәрсенбіге қараған түні ресейлік әскерилер Украина жеріне С-300 және Х-59/69 зымырандарымен «қаруланған» 122 дрон ұшырған. Украинаның әскери күшінің хабарлауынша, оның 56-сы ғана әуеде қағып түсірілген. Қалғаны діттеген межелеріне жеткен. Киев, Черкас, Чернигов, Полтава, Кировоград, Житомир, Хмельницк, Сум, Николаевка, Херсон, Донецк, Харьков, Запорожье, Днепропетровск облыстарына әуеден соққы жасалған.

Ресейдің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, осы түні Ресейдің тоғыз облысының төбесінен 44 украиналық дрон қағып түсірілген. Новгород облысында 20 дрон, Курск облысында 5, Орлов облысында 4, Белгород, Тула, Тверь облыстарында 3, Мәскеу, Смоленск облыстарында екі зымыран құлатылған. Ал Смоленск облысының губернаторы Василий Анюхин өзі басқарып отырған аймақта 7 дрон «ұсталды» деп хабарлады Телеграм каналында. Одан сәл бұрын тағы 6 дронның құлатылғанын Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищев те хабарлаған болатын. Сонымен қоса, РФ қорғаныс министрлігі ұшақ типтес өзі басқарылатын 42 құрылғы алты облыстың төбесінен құлатылғанын жазған болатын. Брянск, Орлов, Ростов облыстарына әуеден шабуыл жасалғанын да айтты.

Екі елдің аспанынан да тыныштық кетті. Өз бетімен лағып, Беларусь жеріне кетіп қалған, я Ресейдің өзіне қайтып барған зымырандар да бар. Алдағы күндері шабуылдар күшеймесе, толастамайтын түрі бар. Оны жұрттан бұрын сезгендей АҚШ Киевтегі елшілігін «қауіпті әуе шабуылы болуы мүмкін» деген себеппен сәрсенбі күні жауып тастады. «АҚШ-тың Киевтегі елшілігі 20 қараша күні қауіпті әуе шабуылы болуы мүмкін деген ақпарат алды. Елшілік қауіпсіздік шарасын ескеріп, жабылады. Қызметкерлер жансақтайтын жерлерге тығылу үшін инструкция алды. АҚШ елшілігі өз азаматтарына дабыл қағылған сәтте тығылып үлгеру үшін дайын болуын ескертеді» делінген Елшіліктің сайтына шыққан хабарда.

Ресейдің дезинформациямен күрес орталығының басшысы Андрей Коваленко: «Ресей Украинаны бір айда атқылау үшін зымыран дайындады. Х-101 зымырандары мен калибрлі, баллистикалық түрлері де жасақталып жатыр», – деді.

АҚШ елшілігі жабылғаннан кейін осылай деп отырған ресейліктер «жасырынған жерлеріңде ұзағырақ болуға дайындалыңдар, шабуыл бүгін-ертең тоқтамайды» деген ескерту сияқты әсер береді. Жан алысып, жан берісіп жатқан соғыста әзірге адам шығыны туралы сөз болған жоқ. Бұған дейін Сум мен Одессадағы атқылау кезінде қайтыс болған адамдардың саны айтылып еді.

АҚШ-тан кейін Испания, Италия, Греция да өздерінің Киевтегі елшіліктерінің жабылғанын мәлімдеді. Испан дипмиссиясы ЕҒЕ агенттігінің хабарлауынша, Бүкіл Украина жеріне әуе шабуылының қаупі болғандықтан, 20 қараша күні ешқандай қызмет көрсетілмейді деп мәлімдеген.

Украинада тұратын испандықтарға электронды хат жолданып, онда жергілікті биліктің нұсқаулығы бойынша әрекет етіп, жабық жерлерде болуын сұраған.

Италия, Греция елшіліктері де осы мазмұндағы хабар таратып, өз азаматтарының өміріне алаңдаушылық білдірген. Соңғы апта Украина қалаларының инфраструктурасына аямай шабуыл жасап, қиратып жатқан Ресей әскерінің әрекеті күллі Еуропаның есін шығарғандай.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің де қаупі зор. Американың Fox News телеарнасына берген сұхбатында, егер АҚШ жаңа президент Дональд Трамптың кезінде Украинаға беріліп жатқан әскери көмекті қиып тастайтын болса, онда соғыста жеңілуі мүмкін екенін айтқан. «Егер олар көмекті қиып тастаса, онда біз жеңіліп қаламыз деп ойлаймын. Бірақ, әрине, қандай жағдай болса да біз күресімізді жалғастыра береміз. Біздің өз өндірісіміз де бар, бірақ ол басым болу үшін жеткіліксіз. Және тірі қалуға да жетпейді деп ойлаймын. Егер Американың шешімі осылай бола қалса, біз тағы өзге шешімдер қабылдаймыз» деген Зеленский.

«Трамп Ресей президентіне ықпал етіп, соғысты тоқтата ала ма?» деген сұраққа Зеленский күмілжіп барып: «Бұл оңайға соқпайды. Бірақ АҚШ-тың бар мүмкіндігін пайдаланып, барлық тетігін іске қосса, онда – иә, ол тоқтата алады. Өйткені ол Путиннен әлдеқайда мықты. АҚШ та – күшті. Экономикасы жойқын» деп жауап берген.

Трамптың сайлау алдында «соғысты тоқтатамын» деп айғайға басқаны құр әурешілік болғанға саяды. Еліне, күшіне сенгенімен, күшті шешім қабылдау қиын. Путин түгілі, Трамптың өзі енді не істерін білмей қалғанға ұқсайды. Тоқтатамын деген соғысы күн өткен сайын қаулап, масштабы үлкейіп барады. Оны бұл жағдайын көріп отырған Зеленский де нақты ештеңе айта алмай дал. «АҚШ президентінде күш, билік, қару бар. Және энергоресурстың да бағасын төмендете алады. Мен бұқаралық ақпарат құралдарынан Трамптың энергоресурстардың, мұнайдың бағасын төмендету туралы ойланып жатқанын естіп қалдым. Солай істеу де керек» деді Зеленский тағы бір сұраққа жауап беріп жатып.

Ал әлі мерзімі аяқталмаған Джо Байден Украинаға жаяу әскерге қарсы миналарды беруге рұқсат етті. Бұл Ресей әскерінің жүрісін бәсеңдетуге көмектеседі деп ойлайды. Атын жасырған шенеунік Би-би-сиге берген хабарында, АҚШ Киевке жақын арада миналарды жеткізіп береді. Бірақ украиналықтарға бұл миналарды халық тығыз орналасқан аудандарда қолданбауды ескерткен. Бұл шешім баллистикалық-тактикалық АТАСМS зымырандарына берілген рұқсаттан кейін қабылданған. Ресей әу бастан Украина жеріне басып кіргелі бері жаяу әскерге қарсы миналарды қолданып келеді. Байден әкімшілігі бұған дейін қарапайым тұрғындарға аса қауіпті болғандықтан рұқсат бермей келе жатқан. Тек Байденнің рұқсаты емес, бұған халықаралық ұйымдар мен өзге мемлекеттерде қарсы. Бірақ Путин ондай ұйымдар мен өзге мемлекеттердің қарсылығына пысқырып та қарамаған. Пікірімен де санаспаған. Бұл бір жағы АҚШ-тың біз барлық халықаралық талаптарды соғыс кезінде де сақтап келе жатырмыз дегісі келгенді білдіреді. Әрине, қарапайым тұрғындардың өміріне бейжай қарамайтынын да көрсетеді.

Reuters агенттігі Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтату үшін келіссөз жүргізуге дайын деп жазды. «Бірақ Путин ешқандай шекара шегінісіне бармайды. Сонымен қатар Киевтің НАТО құрамына кіруіне де қарсы».

Агенттіктің жазуынша, Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарын Ресей өзінікі деп жариялап қойды. Бірақ қазір 70-80 пайызын ғана орыс әскері бақылауында ұстап отыр. Соғыстың осы линиясында тоқтам болуы мүмкін. Бірақ Ресей бұл аймақтардан түбегейлі бас тартпайды. Қазір Ресей әскерінің қарқыны соғыстың алғашқы күндерінен бері қатты күшейіп, екпіндеп барады. Харьков, Николаевка облыстарының кей жерлерінен шегінуі мүмкін. Байденнің ATACMS зымырандарына рұқсат бергені жағдайды ушықтырып жіберді. Өйткені Мәскеу бұны эскалация деп таныған.

Путиннің қарқынының қаттылығы соншалық – ядролық қаруды қолдану доктринасына да өзгеріс енгізді. 19 қараша күні қол қойған Ядролық доктринада бұған дейінгі редакциясында болмаған бірнеше пункт енген. Кей тұжырымдарға жасалған өзгерістер, тұтас мазмұн мен мағынаның да өзгерісіне әкелген.

Бұл құжаттың ресми атауы – Ресей Федерациясының ядролық ұстанымы бойынша мемлекеттік саясатының негіздері. Бұған дейін 2020 жылы редакция жасалған болатын. Жаңа құжат төрт бөлімнен тұрады. «Жалпы жағдай» (Бұл жерде ұстамдылықтың негізгі түсінігі, мақсаты жазылған), «Ядролық ұстамдылықтың табиғаты» (бұнда Ресейді стратегиялық күшті қолдануға не итермелейтіні), «Ядролық қаруға қолдануға себеп болатын жағдайлар», «Мемлекеттік биліктің федералды органдарының қызметі мен мақсаты» (Бұнда ядролық қаруға қатысы бар барлық мемлекеттік ұйымдардың тізімі).

Бұл құжаттағы ең басты өзгерістің бірі – Ресейдің егемендігі мен шекарасына айтарлықтай қауіп төнгенде ядролық қаруды қолдану құқығын Ресей өзіне қалдырып отыр. Бұрын «мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төнгенде» деген жазу болатын. Оны «егемендігі мен шекарасына айтарлықтай қауіп төнгенде» деп өзгертіп отыр.

Құжатқа өзгеріс жасалатыны қыркүйек айында белгілі болған. Ол кезде екі пункт туралы айтылған. Ядролық қаруы бар мемлекеттің көмегімен ядролық қаруы жоқ кез келген мемлекет тарапынан агрессия болса және ұшақтар мен дрондардың массалық түрде шабуылы басталғаны туралы нақты ақпарат болса, онда ядролық қаруды қолдануға болатыны туралы айтылған. Бұл екі өзгеріс те жаңартылған доктринада бар.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина жеріне басып кіргелі бері 1000 күн өтті. Ресейдің генштабының жоспары бойынша әп-сәтте басып алып, жедел жеңіске жету болатын. Бірақ 1000 күн өтті.

The Wall Street Journal басылымы батыс елдерінің барлау қызметтері мен украин дереккөздерінің мәліметіне сүйеніп, қыркүйекке дейін қаза тапқандар мен жараланғандардың саны миллионға жеткенін жазды.

Украина даласында әлі де ел мен жер үшін қиян-кескі соғыс жүріп жатыр. Осы мың күнде Путиннің жоспары мың өзгеріп, өңі құбылды. Тек Украина жерін қорғап тұрған солдаттың жүрегі бір сәтке болса да айнымаған шығар.

Оның ұраны – «Слава Украине!».

Қасым Арықбай