Қытай Ресейдің ондаған әскери технологиясын тыңшылық пен хакерлік шабуылдар арқылы көшіріп алған

Кейінгі 20 жыл ішінде Қытай тарапы Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне кем дегенде 21 тыңшылық және хакерлік шабуыл ұйымдастырған.
Сонымен қатар, Қытай тарабы Ресеймен жасалған лицензиялық келісімдерді жүйелі түрде бұзып, ресейлік қару-жарақ үлгілерін өз қажеттіліктеріне бейімдеп, оларды тәуелсіз өндіре бастаған. Бұл жөнінде ChinaPower сараптамалық орталығы хабарлады.
Қару-жарақ импорты қысқарып, көшірме көбейді
2009–2023 жылдар аралығында Қытайдың шетелден қару-жарақ импорты алдыңғы 15 жылдық кезеңмен салыстырғанда 40%-ға азайған. Бұл ретте Ресейдің үлесі 85%-дан 68%-ға дейін төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, мұның басты себептері — Қытайдың ресейлік қару жүйелерін нұсқалап шығарып алуы, сонымен қатар зияткерлік меншікті кең көлемде ұрлауы.
Аэроғарыш саласы — басты нысана
Зерттеулерге сәйкес, Қытай тарапынан жасалған 21 тыңшылық пен хакерлік шабуылдың көпшілігі Ресейдің аэроғарыштық және жоғары технологиялы әскери жобаларына бағытталған. Мәселен, 2004 жылы Қытайға құпия авиация және спутниктік технологияларға қатысты ақпарат берген жеті ресейлік азамат сотталып, айыпты деп танылған. 2021–2023 жылдары аралығында осындай төрт ірі ақпараттың сыртқа шығуы тіркелген.
Ресей қаруын Қытай қалай көшіріп жүр?
Қытайдың ресейлік қаруларды көшіріп жасап жатқаны бұрыннан белгілі. Мысалы, J-11 әскери ұшағы — Су-27 ұшағының негізінде жасалған, ал HQ-9 әуе шабуылынан қорғаныс кешені — Ресейдің С-300 зениттік-зымыран жүйесінің көшірмесі.
2019 жылы Ресейдің «Ростех» мемлекеттік корпорациясы 17 жыл ішінде Қытай тарапынан 500-ге жуық заңсыз көшірме дерегін анықтағанын мәлімдеді. Олардың қатарында авиациялық қозғалтқыштар, «Сухой» ұшақтары, кемелерге арналған истребительдер мен «Панцирь» әуе қорғаныс кешендері бар.
Қытай көшірілген қару-жарақ негізінде өз өндірісін дамытып келеді. Алайда авиациялық қозғалтқыштар саласында Ресейге тәуелділік сақталып отыр. 2017–2023 жылдар аралығында Қытай импорттаған қару-жарақтың жартысынан көбі — қозғалтқыштар болған, олардың басым бөлігі Ресейден жеткізілген.
Кейінгі жылдары Ресей мен Қытай арасындағы әскери-техникалық әріптестіктің сипаты өзгерді. Бұрын Қытай Ресейден технология алса, енді керісінше — Ресей Қытайдан қос мақсаттағы өнімдерге тәуелді болып барады. АҚШ Ұлттық барлау басқармасының мәліметінше, Қытай Ресейге жартылай өткізгіштер, дрондар, радиоэлектронды күрес құрылғылары мен ұшақ бөлшектерін жеткізуді жалғастырып жатыр.
Ерекше маңызға ие салалардың бірі — сандық басқару жүйелерімен жабдықталған станоктар, өйткені олар әскери техника өндіру үшін қажет. 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың шілдесіне дейін Қытайдан Ресейге мұндай құрылғылардың экспорты он есе өсіп, 7 млрд доллардан 68 млрд долларға жеткен.
Қытай тарапы ресми түрде Ресейге қару-жарақ немесе әскери мақсаттағы өнімдер жеткізіп жатқанын үнемі жоққа шығарып келеді. Алайда сарапшылар Қытайдың экспорттық статистикасы мен кибершабуылдар көлемі бұл мәлімдемелермен сәйкес келмейтінін алға тартады.