Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:52

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы: Ақша мен дәулетті басты байлық санайтын қоғамда мәһрдің танымал болуы заңды

Кеңшілік Тышқанұлы
Фото: Ашық дереккөз

Мешітте неке қидырған кезде сұралатын «мәһр» сыйлығының мөлшеріне қатысты қоғамда дау көп.

 Араб тілінен аударғанда «неке сыйы» деген мағынаны білдіретін бұл ғұрып Ислам елдерінде кең тараған. Бір шарты – молданың алдында қалыңдық не сұраса, күйеу жігіттің соны орындауы міндет. Интернет желісін шолсаңыз, енді-енді желкілдеп өсіп келе жатқан жас қыздар мәһрді көп талқылайды. «Мәһрге не сұрайсың?» деп әзіл-шыны аралас айтып қояды. Бірі – қымбат көлік десе, енді бірі білмеймін деп кәдімгідей ойланып қалды. Әлеуметтік желілерде тараған келесі бір бейнежазбада қалыңдық қымбат сөмке сұрады. Мұнысын болашақ жары күтпесе керек, абдырап барып, «иә» деді. Анықтап көрсек, мұндай сөмкенің бағасы 40 миллион теңге тұрады екен. Енді келесі бір видеода бір бойжеткеннің қымбат автокөлік сұрағаны жүр. Сондай-ақ қалыңдықтың тек қана кітап сұраған видеосы да бар. Молдалар бекітілген норма бойынша мәһрдің көлемі екі мысқал алтыннан кем болмауы қажет екенін айтады. 

Күні кеше Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы некеге тұрған қызға беретін «қалың мал» мен мәһр сыйлығын біріктіргені туралы ақпарат тарады. Осы тақырып төңірегінде дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлымен сұхбат құрдық.

Дін төңірегіндегі талас-тартыс ешқашан тоқтаған емес. Жүрекке зорлық жүрмесі анық. Десек те, соңғы кезде кей дін шарттары мен мәселелері ашық талқыланып, әлеуметтік дауға айналып барады. Күні кеше талқыланған мәһр мәселесі осының бір көрінісі болса керек. Қазақстан мүфтияты «қалың мал» мен «мәһрді» ресми түрде біріктіргені сөз болып жатыр. Жалпы мәһр деген не? Оның мөлшері қандай? Қалай десек те, мәһр де, басқасы да, тек отбасында ішінара шешілуі керек мәселелер сияқты.

Бұл мәселеге бір тараптан ғана баға беріп, талқыға салу аздық етеді. Жан-жақты талдау қажет ететін тақырып. Қазақ дәстүрінде, қоғамында «мәһр» бұрыннан қалыптасқан ұғым емес. Анығында, қолданыста болмады. Себебі басқа мұсылман қоғамдарына қарағанда біздің ұлттық дүниетанымымызда тұрмыс құрмаған қыздың не әйелдің статусы ерекше. Барған жерінде қайын жұрты мен өз жұртында төркіні болады. Тарихи әдет-салтқа бойлай қарасақ, әйелдің күйеуі қайтыс болған күннің өзінде, әдетте, әйелді жесір, балаларын жетім етпейтін. Әмеңгерлік жолмен болса да, сол жұртта бала-шағасымен бірге қала беретін. Ал «мәһр» деген? Күйеуі, асыраушысы қайтыс болған жағдайда әйел келесі тұрмысқа шыққанға дейін өзін қамтамасыз ете алатын, балаларын аш қалдырмайтын қаражат ретінде мәһр сыйлығы беріледі. Сол үшін де біздің қоғамда бүгінге дейін мәһр сыйлығын беру, алу туралы ешқандай тәжірибе не сөз болмады. Мәһр ұғымы ұлттық санамызға сіңісті болмай, дау туып кетуіне де осы себеп. Осы күнге дейін қанша діндар, ғалымдар өтсе де, олардың еңбектерінде мәһр мәселесі көтерілгенін байқамадым.

Бірақ қалың мал деген тақырып бізге әуелден таныс. Мәһр мен қалың мал бір-біріне ұқсамайтын ұғымдар деп ойлаймын. Қалың малды, әдетте, қыздың төркініне, ата-анасына төсек-орнын апарып беру үшін, қолдау көрсету мақсатында беретін сый. Шын мәнінде, шариғатта, қазақы танымда да екеуі екі түрлі ұғым. Алайда соңғы кезде жастардың отбасын құру барысында шектен тыс материалдық құндылықтарға назар аударып, отбасының шарты ретінде мәһр сыйлығын қоюы – екеуін біріктіруге, осындай шешім қабылдауға ықпал етсе керек. Мәһр некенің негізгі шарты емес, ер азаматының жұбайына уәде еткен сыйлығы. Мәһрдің аз мөлшері бар, бірақ оның үлкен мөлшері жоқ, мөлшерін шектей алмаймыз. Соны пайдаланып, қазір қыздар көлік әлде пәтер сұрап жататын жағдайлар бар. Сол сыйлық үшін ғана біреу тұрмыс құрып жатыр деп ойламаймын. Біреумен неке қисаң, жұбайыңыздың заттары, мүлкі сізге де тиесілі деген сөз ғой. Бұл шешім сол материалдық сананы тоқтату мақсатында қабылданып жатқан шығар деп ойлаймын.

Мәһр сыйлығын қалың малдың құрамына енгізу жайында талас-тартыс тоқтамай тұр. Мәһрді популяцияға ұшыратпау мақсатында да осындай шешім қабылдаған шығар. Десек те, қай-қайсысы да ерлі-зайыптылардың отбасында, ішінара ғана шешілуі тиіс мәселе ғой. Мәһрдің көлемін өзгертуге, келісуге де болады, қатып қалған шарт емес. Жағдайға қарай келісілген дүниеден қымбатын не арзанын да беруге болады. Шариғатта неке қию барысында орындалатын салт ретінде қабылдауға болады. Қазақ қоғамында мәһрден айналып өтетін көптеген себептер болғандықтан, некенің негізгі шарты ретінде қарастырмаған. Бірақ сен оған не сыйладың, ол саған не сыйлады деген есепке құрылмағаны жөн. Отбасы құрған күнде де «мәһрге не сыйлайсың?» деген есептің болғаны жөн емес. Ол жақсылыққа апармасы анық. Отбасы болған күнде адамгершілік – моральдық құндылықтар екі адамға ортақ. Бүгінгі қоғамда мәһр мәселесі жиі сөз болады. Біздің қоғамда алдыңғы буын «Бізде мәһр болмаған, қалың мал соның орнын жапқан» деп жүр. Әр қоғам өзінің ұстанымдары мен салт-дәстүріне қарай икемдеп алады. Ислам әр қоғамның дәстүр-салтын жоққа шығармайды. Сондықтан сәйкесінше, мәһр мәселесі де әр мұсылман қоғамында әрқилы көрініс табады.

– Мәһр деген дүниенің өзі қайдан пайда болды деген сұрақ туындайды? Мысалы, бүгінгі ислам мемлекеттері мәһр мәселесінің тігісін жатқызып, қалай шешіп жүр?

– Сый болғандықтан, қалың мал мен мәһрдің мөлшері белгіленбеген. Бірақ қазіргі таңда пендешілікке салынып, қалың мал қандай да бір мөлшерге ие деп жататындар да жоқ емес. Мәһр туралы Құранда айтылып кеткендіктен, оны орындау ер азаматқа міндет боп саналады. Мұсылман мемлекеттерінің дәстүрі мен қазақтың ұстанымдарын салыстырып көре алмаймыз. Көп жағдайда мұсылман мемлекеттерінде неке немере ағайындардың, туысқандардың арасында қиыла береді. Біздегі жеті ата сынды ұғымдар оларда жоқ. Кей елдерде, қоғамдарда төркін, қайын жұрт деген ұғымдар жоқ. Сәйкесінше, жетім-жесірі көп қоғамдарда да мәһрдің маңызы жоғары. Қалың мал бермейтін-алмайтын қоғамдарда мәһр беріледі. Сол үшін әр жағдайға қарай жауап тапқанымыз жөн шығар. Соңғы кезде жастардың мәһр мәселесін модаға айналдыруы және исламофобтардың бұл тақырыпқа жаппай шабуыл жасауы осындай шешім шығаруға түрткі болса керек. Сондықтан қалың мал талап ете алмай, тек әйелге мәһр сыйлығы берілуі мүмкін. Әр мұсылман мемлекетіндегі қолданыс әртүрлі. Біздің қоғам үшін мәһр соңғы жылдары ғана белең ала бастаған, таңсық ұғым. Ислам пайда болғалы бері неке шарттарының ішіндегі мәһр деген тармағы бар. Қалың малға біз төсек-орын ретінде қыздың жүгін апарамыз. Бізде, бәлкім, мәһр айналма жолдармен жүзеге асып жатқан шығар. Одан қандай да бір трагедия тудырып, дау жасауға болмайды.

– Бүгінде көптеген діни мәселелер өзгеріске ұшырап, жалпы халық боп талқылайтын, даулы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге айналып кетіп жүр. Бұл дүние адамның ішкі құндылығының сыртқа шығып кетуінен туындап жатқан сияқты. Оның үстіне, әйтеуір, жік-жік үнемі талқылап жатамыз. Оның себеп-сыры неде? Кейбірі дәл осы мәһр мәселесінің тым көп талқыланып, танымал болуына дін насихаттап жүрген блогерлер мен медиа тұлғаларының қатысы барын айтады.

– Әрине, кез келген жаңа ұғым, түсінік қоғамда бұл не деген қызығушылықты тудырады. Бұрынғыдай емес, қазір ашық кеңістікте өмір сүреміз. Соңғы кездері мұсылман мемлекеттеріне барушылар да, ол жақтан келушілер де көбейді. Сол жақтың тактикаларын қолданысқа енгізу мәселесі де осыдан туындайды. Одан бөлек, діни қызметтегі имам, молдалардың да түрі көп. Әртүрлі мемлекеттен оқып келгеніне байланысты бірі міндет деп санаса, бірі басқа көзқараста. Мешітте неке қиған кезде де имамдардың «Мәһрге не бересің, сұрайсың?» деген сұрақтары жиі қойыла бергендіктен, белгілі бір деңгейде, танымал боп кетті. Одан ары қарай бұл тақырыпты қоздырып, өрбітіп алып кеткен қазіргі қоғамның материалдық санасы. Бүгінгі ақша мен дәулетті басты байлық ретінде санайтын қоғамда мәһрдің танымал болуы заңды да. Елдің бәрі қалай тез байысам, қалай тез пайда тапсам, қалай жеңіп алсам, ұтып алсам деген сұрақпен жүретін заман ғой қазір. Осындай қоғамда мәһр де сұранысқа тез ие болып кетті. Жастар арасында материалдық құндылықтарға негізделген, есепке құрылған қарым-қатынас азаймайынша, мәһр дауы да жалғаса беретіні анық. Капиталистік қоғамда тәрбиеленіп жатқан жастар санасы осындай болады. Бұрын ата-апаларымыз байлығына да, басқасына да қарамай, теңін тапса тегін бер деп, қосылып кететін. Кейін бірге қалыптасқан, жоғын түгендеген, көздегеніне жеткен, үй салған, ат мінген. Қазіргі жастарды олай көндіре алмайтын сияқтымыз. Теңіңді тапсаң, екеуің бірге қиналып, пәтер жалдап жүріңдер деп айта алмайсың. Осындай капиталистік сананың қалыптасқан заманына бұл мәселе тура кеп тұр.

Сұхбаттасқан Сәруар БАҚБЕРГЕН

Тегтер: