Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:23

Қазақстан қауіпсіздік шараларын шұғыл күшейтпек

1
Фото: из открытых источников

Ресей күштері Украинаның Днепр қаласын зымыранмен шабуылдағаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен жергілікті әкімдік басшыларына қауіпсіздік шараларын нығайтуды тапсырды. Бұл туралы жұмаға ауған түні Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды", – деп жазды Уәли Facebook-парақшасына.

Уәли парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар екенін және "президент елдегі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын" айтты.

"Еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын", – деп жазды Берік Уәли.

Тоқаевтың тапсырмасынан соң Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшыларымен шұғыл кеңес өткізген, бұл туралы 22 қарашада үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

"Премьер-министр қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың стратегиялық және инфрақұрылымдық объектілерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтерін тыңдап, мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын күшейтуге бағытталған бірқатар міндеттер қойды. Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды", – деп жазылған ресми ақпаратта.