Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:22, 20 Сәуір 2025

Ережелер утопиясы: Технологиялар, ақымақтық және бюрократияға қарық болып жүргендер жайлы баян

Ерлан Ысқақов

Асылы, «бюрократияға қарық болып жүргендер» дегеніміз – кеңсе қызметкерлері, төрешіл бюрократтар емес, мына біз – қатардағы азаматтар ғой деген тұжырымға қалай қарайсыздар?

Бюрократия – бәріміз жабылып әлеуметтік желіде, кітап, баспасөз беттерінде тілге тиек етіп, талдап, сынап-мінеп жүрген мерзімді абстрактілі құбылыс емес. Қазір бюрократия адамның тіршілік ету ортасына айналған. Оған біз көндік, оған бойымыз үйреніп те кетті. Күнделікті қолданыстағы төлем шоттары, билеттердің түр-түрі, спорт (фитнес) клубтарына мүшелік карталар және осы тектес құжаттарға қоса берілетін майда қаріпті ұзын сонар мәтіндер бар емес пе... Осының бәрі «жаппай бюрократизация» дәуірінің белгілері. 

Америкалық антрополог Дэвид Гребер «Ережелер утопиясы» атты еңбегінде «бюрократия» ұғымына нақты анықтама бермеген, оның шығу тегін егжей-тегжей баяндамаған, есесіне, оның мәнін, даму жолын қағазбастылық, әкімшілік жұмыс, шенеуніктердің қызметі, ережелер мен тыйымдар жүйесі, сол жүйеге бағындыру, құжат (бланк, шарт, арыз, өтініш, өтінім ,т.б.) жасау, құжат толтыру деген сияқты мысалдарға сүйене отырып ашуға тырысқан. Бастысы, бюрократияға айтылатын сынды қай бағытта, қандай тарихи-теориялық негіздерге жүгініп өрбітсе болатынын айқындап берген.

Либерализмнің мызғымас заңы

Бүгінде әлеуметтік проблемалардың бәрін «нарықтық жолмен» шешуге деген ұмтылыс басым. Өкімет жұмысының тиімділігін арттыру жолында халыққа көрсетілетін бірқатар қызмет түрін приватизациялау науқаны жүріп, бюрократиялық жүйенің жұмысына «нарық принциптерін», «нарықтық стимулдар» мен «бухгалтерлік стимулдарды» кіріктіру белең алған.

Осы уақытқа дейін көз көріп, құлақ естіген құбылыстарды талдаудың нәтижесінде айқындалған әдепкі, қалыпты үрдістер бар, Гребер соларды «либерализмнің мызғымас заңы»деп атайды. Бұл заңға сай, өкіметтер қолға алатын нарықтық реформалардың, биліктің бюрократияны азайтып, нарықтық күштердің өріс алуына жағдай жасаймыз деген ұмтылыстарының ақыр аяғында беретін нәтижесі біреу: өкімет реттейтін қызмет, сала түрлері азаймайды, керісінше, көбейе түседі, қағазбастылық артады, өкіметте қызмет ететін бюрократтар саны да көбейеді. Кәсіпорынның пайдасы артқан сайын кәстөм киген қызметкерлер саны да көбейеді. Бұлардың бар жұмысы – сол кәсіпорында тер төгіп, бел жазбай еңбектеніп жүрген жұмысшы мамандардың қызметін бағалайтын жүйелер ойлап табу, жоспарлар мен есептер жазу, сан алуан кестелер мен формулярлар толтыру.

ХХ ғасырдың басында әйгілі француз социологы Э.Дюркгейм атап өткен бұл үрдісті уақыт өте келе өзге де ғалымдар мойындауға мәжбүр болған: шын мәнінде, нарықтар өзін-өзі реттемейді; кез келген нарықтық жүйенің қызметін дөңгелету үшін бір қора әкімші қажет! Біздің қазір «демократия» дегеніміз – нарық, ал «бюрократия» дегеніміз – өкіметтің нарық қызметіне араласуы. Қашанда осылай болған. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде ірі-ірі корпорациялардың қарқынды дамып, күшейе түсіп, қызмет ауқымының кеңеюі – сол заманғы бюрократиялық әдіс-амалдарды жекеменшік сектор жұмысында қолданудың бір көрінісі еді.

Бұл салада («жекеменшік бюрократия») өзгелерге үлгі көрсетіп, жол салған елдер – АҚШ пен Германия. Мемлекеттің бюрократиялық қызметі жекеменшік экономикалық ұйымдардың қызметінен айрықша, бұлар бір-біріне ұқсамайды деген тұжырым Еуропа елдеріне тән. Ал америкалықтардың осы орайдағы пайымдары өзгеше. Олар өкімет пен бизнестің қызметін басқарып, реттеудің жолдары бірдей деген ойды құптаған. АҚШ-тың халықаралық аренаға шығып, алпауыт мемлекет мәртебесін иеленуі америкалықтар дәріптеген «корпорация – бюрократия – капитализм» формуласының орныға бастағанын білдірді.

Бюрократиялық капитализм

Америкалықтар, шындығында, Британия сияқты еркін сауда, еркін нарық жүйесіне айтарлықтай мән бермеген. Америкалықтардың ден қойғаны – халықаралық басқару құрылымдарын жасау еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Ұлыбританияның орнын басқан жаңа жаһандық держава ретінде, АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк сынды әлемдік бюрократиялық институттарды құрады.

АҚШ – бажайлап қарасақ, барып тұрған бюрократиялық қоғам. Америкалықтарға тән көптеген бюрократиялық әдеттер мен ұстанымдар (мысалы, киетін киімі, қолданыстағы тілі, тіпті толтыратын бланкілерінің үлгілері мен кеңселерінің дизайнына назар салсаңыз) жекеменшік сектордан келіп, сіңісіп кеткен бірліктер. Әлдебір мекемеде істейтін немесе «сүреңсіз кәстөм киген адам» бейнесін суреттеген жазушылар мен әлеуметтанушылар қандай да бір министрліктің шенеунігіне емес, корпорация менеджеріне жүгінген.

Жағдайдың осылай болғанын – ірі корпорация басшыларының таптық қалауы өзгеріп, олардың бұрынғыдай жұмысшылармен одақтасудан гөрі инвесторлармен одақ құруға (акционерлердің табысын молайтуға) бет бұруының салдары деп қарастырсақ болады. Әлемге инвесторлар көзімен қарау керек деген ұран етек жайды. Нәтижесінде, 1980 жылдары газеттер еңбек қатынастары туралы жазып жүрген журналистерін жұмыстан шығара бастаған, ал теледидарда жаңалықтар кезінде экранның төменгі бөлігінде акциялар бағамы жазылған жолақ көрсетілетін болды. Жаһандану – шын мәнінде, бюрократизацияға барабар. Жоғарыда аталған әлемдік әкімшілік құрылымдардың басты мақсаты – инвесторлардың пайда табуын қамтамасыз ету.

Бұрын капитал – еңбек нәтижесі, еңбектің жемісі болса, қазір бюрократиялық капитализм дәуірінде «үлкен корпорациялардың өзі капиталға барабар, ол өзі-ақ байлық, материалдық молшылық тудырады» деген пайым үстемдік құрып тұр. Қоғамның не өндіргені емес, не тұтынғаны маңызды болғандай.

Жай ғана саяси қайта құру сипатындағы өзгеріс емес, нағыз мәдени трансформация деп түсінуге болатын бұл үрдіс қаржылық институттар мен корпорациялар ішінде пісіп-жетілген бюрократиялық амалдардың (мысалы, қызмет тиімділігін талдау, фокус-топтар, уақыт бөлу, т.б.) қоғамның өзге салаларына (білім беру, ғылым, өкімет мекемелері) дендеп енуіне жол ашты. Осылайша, бұлар біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кетті. Солай екенін тілден де байқауға болады: корпоративтік бюрократия «дертіне» шалдыққан ортада жиі қолданылатын мәнсіз, бос терминдер бар (vision – пайым, quality – сапа, leadership – көш бастау, innovation – инновация т.с.с.). Бұрын бизнес субъектілері болған компания стратегияларында ұшырасатын осындай тірек терминдер қазір тіпті мектеп, балабақша, емхана сияқты мекемелердің қызметіне қатысты құжаттардан да табылады!

Университет – корпорация

Өкімет пен қаржы саласының жақындасып, одақтасуының салдарынан небір қызық бюрократия үлгілері пайда болады. Мысалы, бірқатар елде маманның нағыз білікті, тәжірибелі кәсіп иесі болуына емес, қолында тиісті диплом, сертификат не рұқсат қағазының (лицензия) болуына әлдеқайда көп мән береді. Яғни ресми куәліктер, сертификаттар (мөрі бар қағаздар) культі қалыптасқан. Бұл құжаттар материалдық фетиштің бір ерекше түрі іспетті, оны иеленген адамға құдды бір тылсым күш даритын секілді.

Мәселен, АҚШ-та жоғары оқу орнының дипломы – елдегі жағдайы тәуір орта тап қатарына қосылу үшін қажетті кепіл қағаз рөлін атқарады. Бұрын қоғамдық маңызы бар кәсіп түрлері ішінде университет дипломын алуды қажет етпейтін кәсіптер аз емес-тін. Бірте-бірте сондай кәсіптер саны азая бастады. 1971 жылы елдегі журналистердің 58 пайызында ғана университет дипломы болған, ал қазір бұл көрсеткіш – 92 пайыз. Елдегі беделді, әйгілі деген журналистердің осы салада университет дипломы жоқ екеніне қарамастан, біраз басылым қызметкерлерінде «журналистика» мамандығы бойынша жоғары білім дипломының болуын талап етеді.

Басқа біраз салада да жағдай осындай: бұрын өнер қатарындағы, яғни кәсіби мамандар қасында жүріп, практикалық дағдыларды меңгеруді қажет еткен мамандықтар бойынша қазір бекітілген білім беру бағдарламасына сай оқу оқып, сертификат алу керек. Оқу ақысын төлеуге екінің бірінің шамасы жетпейді. Ауқаттылардың (ауқатты әулет балаларының) қалтасы көтереді, ал қалғандары университет тәмамдағаннан кейін тұрған жұмыста тапқан табысының қомақты бөлігін оқудың қарызын өтеуге жұмсайды, яғни оның ай сайынғы тапқанының бір бөлігін қаржы секторы тартып алып отырады. Білім беру саласының корпоративизациясы деген осы: оқу ақысы қазір қымбат, сол ақының біраз бөлігі университеттің әкімшілік қызметкерлерінің жалақысына, университет басшылығы мақұлдаған жобаларға жұмсалады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында өріс алған компьютерлік технологиялар әлеуметтік бақылау (адамды, оның еңбегін) қадағалау функциясының күшеюіне септігін тигізді. Сол жаңа технологиялар – ірі бюрократиялық жобалардың жемісі. Уақыт өте келе бюрократиялық мәдениет те өзгеріске ұшырады: өкімет, университеттер мен жекеменшік компаниялар арасындағы ықпалдастықтың артуы салдарынан корпорациялар әлемінде кең тараған, әбден орныққан амалдар, қағазбастылық академиялық ортаға жайылды. Университеттерде әкімшілік жұмысқа жұмсалатын уақыт күрт көбейді, әкімшілік қызметкерлердің саны артты, дегенмен оқытушылардың әкімшілік жүктемесі азаймады! Ақыры, нағыз ғылыми ізденіс пен білім берудегі емес, «біреуге бірдеңе сату» (грантқа өтінім жазу, конференция бағдарламасын өткізу, т.с.с.) бағытындағы тірлік етек жайды.

Ақымақтық және күш қолдану қаупі

Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, бюрократиялық жүйенің құрылымы мен ұйымдастырылуы сондай – іштегі қызметкерлердің басым бөлігі өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқаруға қауқарсыз. Бюрократияларды утопиялық ұйымдардың бір түрі дейтіні де содан. Мұндай жүйеде жүргендер қисынсыз стандарттар жасайды да, қатардағы азаматтардың сол стандарттарды, талаптарды түсінбегеніне «өзі кінәлі, түсінбесе – бойында бір кемістік бар» деп ақталады.

Нарықтық қатынастардың дамуын ынталандыратын саяси жүйе, яғни бюрократия кабинеттен шықпай өкім шығаратындарға иек артқанымен, бұл жүйеде биліктегілер өзгелерге қарсы күш қолданбайды деген сөз емес. Бюрократтар орнатқан ережелер мен нормалар ойдағыдай жұмыс істеуі үшін оларға бағынбайтын тараптарға күш қолдану қаупін төндіретін тетіктер болуға тиіс (бейнебақылау камералары, форма киген ерлер мен әйелдер, т.б.).

Әр қоғамда адам баласының дүниеге келуі, шаңырақ көтеруі, өмірден озуы, т.б. маңызды оқиғаларға орай атқарылатын салт-жоралғылар бар. Антрополог ғалымдар бұларды «бір күйден басқа күйге өту жоралғылары» санатына қосып, қызыға зерттейді. Өмірде өзгерістің болғанын рәсімдеп, атап өтетін ырым-кәделер, ғұрыптар қажет. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бюрократия да, мысалы, қағазбастылық нағыз әлеуметтік жоралғы. Адамның о дүниелік болуын растап, көзі тірісінде қалдырған өсиетін орындамаққа біраз қағаз толтырып, өкілетті органдарға, қызмет көрсететін түрлі мекемелерге жүгінетін жағдайлар бар емес пе... Демек, бюрократия, бюрократиялық процедуралар – қандай да бір әлеуметтік жағдайды реттеу, ұйымдастыру амалы. Бұлардың осы қалыпта сақталуына жүйенің «бағынбағандарға қарсы күш қолдану мүмкіндігі» жағдай жасап тұр. Бір қызығы, Гребердің айтуынша, ағылшын тілінде бюрократтарға тән бейқамдықты білдіретін ауызекі терминдердің көбі әскерилер жаргонынан келген (мысалы, SNAFU – «жаңалық жоқ, сол баяғы былық», Catch-22 – лажсыз жағдай, тығырыққа тірелу).

Өнеркәсібі дамыған заманауи демократияларда заңды түрде күш қолдану өкілеттігі «құқық қорғаушылар» деген эвфемизм арқылы сипатталатын тарапқа, яғни полицияға берілген. Полиция – қару ұстаған бюрократтар. Олардың қазіргі жұмысы, негізінен, – қылмысқа қарсы күресу емес, түрлі әкімшілік ережелер мен тыйымдардың (жол ережесі, қоғамдық жерде шылым шегуге тыйым салу, т.б.) бұзылмауын қамтамасыз ету, ережеге бағынуға мәжбүрлеу.

Жүйенің қолында осындай күш қолдану мүмкіндігінің болуы салдарынан қоғамда қалыптасқан жағдайды ой елегінен өткізіп, саралап, пайым шығару тәртібінің өзі бұзылған. Неге осылай деген сұраққа біз, қарапайым азаматтар ден қоятын болдық. Күш қолдана алатындар (полиция, т.б.) бұған бас қатырмайды.

Технологиялардың рөлі ақталмаған үміт

Бала кезімізде оқыған ғылыми-фантастика жанрындағы кітаптарда суреттелген ғажап технологиялар бірте-бірте өмірге келіп, қолданысқа еніп, күнделікті тұрмысымыздың бір әдепкі бөлігіне айналғандай көрінуі мүмкін. Шын мәнінде олай болмады. Неге десеңіз, ұшатын автокөлік әлі шыққан жоқ, ол сол күйі қиялдағы өнертабыс санатында. Демек, біз іске аспаған технологиялық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жүрміз. Нағыз технологиялық прогресс, болса, 1970 жылдарға дейін болған шығар (мысалы, 1958 жылы микротолқынды пешті, лазерді, одан бұрын 1957 жылы бала көтертпейтін дәрі ойлап тапқан). Ал содан бертінгі жаңашылдықтың дені ақпараттық технологиялар саласында іске асқан. Дәстүрлі өнеркәсіп құрдымға кете бастады; жұмыс орындары «төменгі деңгейде қызмет көрсетіп жүргендер мен жоғарғы деңгейде компьютер ойнап отырғандар» болып екіге бөлінді.

АҚШ-та 1970 жылдардың соңында жүргізілген зерттеулер мен жасалған әзірлемелердің көбі әскер қажеттіліктеріне арналған. Солардың ішінде жанама түрде бейбіт адамдарға пайдасы тиген технологиялар да жоқ емес, бірі – интернет. Әскери технологияларды бейбіт мақсатта қолданудың ертеректегі бір жарқын мысалы – пошта. ХІХ ғасырда Германияда пайда болған жаңа әкімшілік құрылымдарға (мемлекеттік мекемелер, кітапханалар, емханалар, т.б.) пошта ведомствосы үлгі болған. Іс жүзінде, пошта мекемесі – қызметті әскери иерархияға сай ұйымдастыру формаларын қоғам қажеттіліктеріне орай бейімдеп енгізудің алғашқы мысалы болған-ды. Өйткені бастапқыда пошта қызметі әскерлер мен империяларды ұйымдастыру (шалғай жерге хабар жеткізу, т.б.) құралы еді. АҚШ-та ХІХ ғасырдың басында пошта жүйесінде үш жүзден астам бөлімше болған, азаматтық (бейбіт) мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы поштада істеген. Америкалықтардың көбі федералдық өкімет қызметі мен пошта қызметін бірдей, барабар ұғымдар деп түсінген. Бұл саланың жұмысы 1980 жылдардан, қаржыландыруды азайта бастаған кезден бері бұзылды.

XVIII-XIX ғасырлардың тоғысында өндірісте ойлап табылған жаңа автоматтандыру құралдары біраз халықтың өнеркәсіпке бет бұрып, сонда жұмысшы мамандығын игеруіне сеп болса, кейінгі жылдары жасалған компьютерлік бағдарламалар, қосымшалар арқасында бәріміз «әлдененің, әлдекімнің әкімшісі» болып шыға келдік. Интернет шығармашылыққа, жасампаздыққа бұрынғыдан да кең жол ашып бергенімен, сол жасампаздық түбінде әкімшілік мақсат-қажеттіліктерге бағындырылды.

Қаржылық-ақпараттық технологиялардың (төлем жүйелері, банкоматтар, әлеуметтік желілер, мобильді қосымшалар) әлеуетін дұрыс бағалау керек. Бұлар адамның күнделікті өмірінің, тұрмыстық-практикалық инфрақұрылымының елеулі бөлігіне айналды. Осындай виртуалды инфрақұрылым өрістеп жатқанда, бізді қоршаған физикалық инфрақұрылымның (жолдар, көпірлер, байланыс жүйелері, т.б.) жағдайын да назардан тыс қалдырмау қажет.

Бюрократияға қарық болып жүргендер

Адам әлдебір проблеманы шешу үшін бюрократиялық жүйе құратын болса, ол өз кезегінде жаңа проблемалар тудырады, енді соларды шешу үшін тағы да бюрократиялық амалдарға жүгінуге тура келеді-мыс. Бұны қысқаша – адамдар «түк бітірмейтін комитеттер қаптап кетті ғой деп, жаңа бір комитет ашады» деген мәтелмен сипаттауға болар. Макс Вебердің пайымдауынша, бюрократтардың ықпалынан біржола құтылу үшін олардың түгел көзін құрту керек. Бірен-саран шенеунік аман қалса, біртіндеп күшейіп, қайтадан күш алады.

Соған қарамастан, Гребердің айтуынша, қанша жамандасақ та, бюрократияның біз бірден аңғара бермейтін «қасиеті» бар. Бюрократиялық процедуралардың «бейсаналы» тартымдылығы сол – бұлар қолма-қол ақша төлеп, есеп айырысқандағыдай мәмілелерге ұқсайды. Бұлар жансыз, дара сипаттардан ада, регламенттелген транзакциялар.

Бюрократияны ойынның бір түрі деңіз. Ағылшын тілінде play және game деген мағыналас сөздер бар. Дегенмен бұлар бір ұғымды білдіріп тұрған жоқ: play – ермек, ал game – ойын. Еріккеннің ермегі неге әкеп соқтыратынын ешкім дөп басып айта алмайды, ермектің артын болжау мүмкін емес. Жабық, болжап білуге болмайтын құрылым – феодалдық жүйеге айналып кетеді, яғни бір тараптың жүгенсіз жеке-дара билігі орнайды. Ал ойын – басы, аяғы, ережесі бар әрекет, бір тәртіппен жүретін ермек. Ойын ережесіне адам өз ықтиярымен бағынады, ережелер утопиясы дегеніміз де сол – ойын. «Ермек – Құдайға тән әрекет» дейді автор. Оның соңы не болатынын біз білмегендіктен, бойымызды үрей билейді. Мысықтың тышқанмен ойнағанындағыдай: біз мысықтың көңіліне, әміріне бағынышты тышқан болғымыз келмейді. Бюрократияның (ойынның) тартымдылығы сол – біз ермектен қорқамыз, сондықтан ойынға қатысуды құп көреміз.

Бір қызығы, барша тараптың ереже атаулыны басшылыққа алып, ойынды бұзбай әрекет етуі де – қол жетпес утопия, қиял, «міне!» деп, қол соза бергенде ұстатпай, ғайып болатын химера!

Адам дүниетанымына бюрократиялық әдеттер мен амалдар дендеп кіріп, үйреншікті құбылыстар кейпіне еніп жатқан бұл заманда біздің осы үрдісті неге қауіпті, жағымсыз саналатынын әрі оның пайдасы бар-жоғын айқындап, анық жеткізудің жолдарын тапқанымыз абзал.

Ерлан Ысқақов

аудармашы