Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:42

Декларация: үкімет неге айныды?

Олжас Бектенов
Фото: Жас Алаш коллаж

19 қарашада өткен үкімет отырысында жеке тұлғаларды кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсыру міндетінен босату жөнінде шешім шықты.

 Бұл ақпаратты премьер-министр Олжас Бектенов салтанатты түрде жариялап, одан кейінгі шенділер жарыса сүйінші сұрап жатты. Әсіресе әр деңгейлі әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелер бір мәтінді бір-бірінен көшіріп, ресми сайтына басып, әлеуметтік желідегі парақшасына іліп қойған. Бұл науқанға кейбір белсенді мемлекеттік қызметкерлер де қосылып кетті.

Билік бұл шешімді халыққа істеген үлкен жақсылығы, жеңілдігі ретінде көрсеткісі келетін сияқты. Қарапайым адамдар декларация тапсыруға құлықты емес екені анық. Яғни бұл жерде билік «еститін үкімет» немесе «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» рөлін сомдап отыр.

Шын мәнінде үкімет өзі қолдан жасаған проблеманы өзі шешіп, «қаһарман» болып отыр. Егер декларация тапсыру жөнінде заң қабылдайтын кезде «табысы аз қарапайым халыққа осы керек пе?» деп ойланғанда, бүгінгі құр әуре де, бос әңгіме де болмас еді.

Декларация дауы қайдан шықты?

Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болған. Бірақ декларация жүйесіне негіз болған салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы заңға президент 2020 жылғы 10 желтоқсанда қол қойды, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Қаржы министрлігі тиісті заң жобасын 2017 жылы дайындап бастаған. Ол 2019 жылы күшіне еніп, 2020 жылдан бастап белгіленген тұлғалар декларация тапсыруы керек еді. Бірақ мерзім бір жылға шегерілді. Осы аралықта қаржы министрлігін Бақыт Сұлтанов, Әлихан Смайылов және Ерұлан Жамаубаев басқарды. Соңғысы декларация тапсырудың I және II кезеңіне жетекшілік етіп, III кезеңін бастап берді.

Декларация жүйесі 4 кезеңнен тұратын. I кезең 2021 жылғы 1 қаңтарда басталды. Онда мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары табысы мен мүлкі жайлы есеп берді. Бұл кезең 580 мың адамды қамтыды.

II кезең 2023 жылы басталып, мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары декларация тапсырды. Олар 2,1 миллион адам болды.

2024 жылғы 1 қаңтарда басталған III кезеңде заңды тұлға басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсырды. Бұл кезең 3,9 миллионды қамтыды.

Ал IV кезең 2025 жылғы 1 қаңтарда басталып, барлық жеке тұлға (жеке құрылым қызметкері, зейнеткер, үй шаруасындағы әйел, студент) декларация тапсыруға міндетті болады деп жоспарланған. Нәтижесінде, декларациядан өтетін тұрғындар саны 13 миллионға жетуі керек болатын.

Бектенов үкіметінің жаудың бетін қайтарғандай марқайып отырғаны – осы IV кезеңді тоқтатып, жеке тұлғаларды декларация тапсырудан босатты. Үкіметтің есебінше, 8 миллионға жуық адам бұл міндеттен босатылыпты. Бұл – елдегі жеке тұлғалардың 90 пайызы. Ал шетелде активі бар, бір жылда құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға бұйым сатып алған және дербес салық салынатын табысы бар жеке тұлға декларация тапсырады.

Бектенов халықтың алаңдаушылығына назар аударып қапты

Олжас Бектенов декларацияға қарапайым халық наразы болып отырғанын және цифрландыру деңгейінің өсуіне байланысты азаматтарға қатысты барлық дерек қолжетімді екенін айтты. Үкімет сол үшін жеке тұлғаларды бұл міндеттен босатыпты.

«Қазір декларацияны 4 миллионнан аса адам тапсырады. 2025 жылы барлық азамат декларация тапсырады деген шешімге халық алаңдаушылық білдірді, сондықтан аталған мәселеге мемлекет басшысы назар аударды. Қазір мемлекеттік органдардың деректер базасы цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейді. Халықаралық келісімдер арқылы шоттар бойынша дерек алмасу жолға қойылған. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жеке тұлғалардың активі жөнінде барлық ақпарат бар», – дейді Бектенов.

Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, үкімет елде цифрландыру жүріп жатқанын, азаматтардың барлық дерегі электронды қорда тұрғанын қараша айының ортасында ғана білген сияқты. Әлде бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі әсер етті ме екен? 15 қарашада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Тоқаев жалпыға бірдей декларация мәселесін қайта қарауды ұсынған. Арада бір апта өтпей жатып қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Бектенов бұл ұсынысты бір ауыздан қолдап шықты.

Әйтпесе, биыл наурызда ғана Бектенов «келер жылы 13 миллион адам декларация тапсырады. Осыған дайынсың ба?» деп, Тәкиевті тергеп отырған. Ал министр «Дайынбыз. Аудандық салық басқармаларында 222 консультация беретін орын аштық. Сол жерде барлық көмек көрсетіледі. 1414 нөміріне қоңырау шалып, кеңес алуға болады. Екінші деңгейлі банктердің сервисі арқылы да декларация тапсыруға мүмкіндік бар. Ал интернеті жоқ алыс жерлерде «Қазпошта» арқылы жұмыс істейміз» деген.

Осы диалогтың өзі Бектенов үкіметі жақынға дейін халықтың наразылығын да, цифрландыруды ескермей, жеке тұлғалардан декларация қабылдауға дайындалып жүргенін білдіреді. Қарашада күтпеген жерден сөздері өзгеріп шыға келді. Жаңа шешімге сай, енді мемлекеттік қызметкерлер, коммерциялық ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор басшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ шетелде мүлкі бар, табысы мол адамдар ғана үкіметке есеп береді. Ал аз табысы отбасын асырауға ғана жететін қарапайым жұрт декларация тапсырамын деп әуреге түспейді.

Бір қарағанда бұл халықтың жүгін жеңілдеткен, тиімді қадам сияқты. Бірақ шын мәнінде солай ма? Үкімет неге аяқ астынан тонын теріс айналдырып, «халықшыл» бола қалды? Сонда 13 миллион адам декларация тапсырады деп, 4 жыл дайындалған еңбек қайда қалды, Тәкиев айтқан 222 консультация беретін орынды ашуға, қосымша қызметкер тағайындауға жұмсалған қаржы желге ұшты ма? Бұған Бектенов пен Тәкиев бас қатырмайды.

Әрбір азаматты тексермей, ұрыларды ұстау мүмкін емес

Ал экономист Жангелді Шымшықов биліктің бұл шешіміне халық қамы емес, мүдделі топтардың лоббиі әсер еткенін айтады.

Жангелді Шымшықов

«Бұл шешімнің сыры тереңде жатыр. Қазақ менталитеті бойынша бір адам басшы болса, өз ауылына және өз руына әулие болып шыға келеді. Ол бүкіл мүлкін ауылдастарының атына бөліп-бөліп жазып береді де, өз атында артық байлық жоқ, сүттен ақ, судан таза адам болып жүреді. Ешқандай салық та төлемейді. Егер әрбір азамат декларация тапсырса, мұндай қулық су бетіне шығар еді. Салық органдары шотында миллиондаған ақша бар азаматтан оның қайдан келгенін сұрай алады. Сондықтан жаппай декларация тапсыру дұрыс еді деп есептеймін.

Бірақ үкімет басындағылар, депутаттар 30 жыл бойы ұрлық-қарлықпен айналысқаны белгілі болып жатыр. Жақында «Азаттық радиосының» зерттеуі Дубай қаласының жартысы бұрынғы қазақ шенділерінің меншігінде екенін анықтады. Бұрынғы әкім, министр сияқты шенділер сол жақтан үй сатып алыпты. Егер декларация енгізіліп, әрбір азаматты тексермесек, ұрыларды ұстай алмаймыз.

Қолында билік тұрған адамдар заңды өзіне тиімді етіп, өзіне сәйкестендіріп жасап алады, мұны лобби дейміз. Соған тағы көзіміз жетіп отыр. Декларацияны жеңілдету арқылы олар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Қолында ештеңесі жоқ қарапайым адамдар бар, бірақ шотында миллиондаған қаржы жатады. Мұндайдың бар екені жасырын емес.

Шенділер «халықтың көбінде артық мүлік жоқ, тіпті кейбірінде үй-жай да жоқ. Сондықтан жұртты дүрліктірмей-ақ қояйық» деген желеумен жаппай декларациядан бас тартып отыр. Сол арқылы ұрыларды тап-таза етіп алып шықпақшы. Бұл клептократиялық биліктің қитұрқы саясатының бірі деп есептеймін. Мұның халықтың мүддесіне еш қатысы жоқ, керісінше, қарама-қарсы жасалып жатқан әрекет», – дейді ол.

Билік жалпыға бірдей декларация жұмысына білек сыбана кіріскен. Осы жүйенің арқасында әлеуметтік саясат жетіліп, көлеңкелі экономика жойылады, сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеп, бюджетке түсетін қаржы артады деп сендірген. Декларация тапсырмағандар жауапқа тартылатынын айтып, қорқытқан. Мысалы, жеке тұлға декларация тапсырмаса немесе ақпаратты дұрыс көрсетпесе, 15 АЕК (55 380 теңге) айыппұл төлейтіні айтылған.

Енді үкіметтің сол арыны қайтып, декларация шартын жеңілдетіп отыр. Мұның соңғы өзге де жеңілдіктерге ұласуы мүмкін. Мысалы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, жоғары лауазымды шенділер, яғни «А» корпусының саяси және әкімшілік лауазымын атқаратын адам, парламент депутаты, адам құқығы жөніндегі уәкіл, судья, квазимемлекеттік сектор субъектісін басқаратын адамның декларацияда көрсетілген мәліметі мемлекеттік органның ресми сайтында жариялануы қажет.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: