Даму банкі олигархтардың қалтасынан қашан шығады?

2000 жылдары елімізде Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) құрылды. Банктің әу бастағы стратегиясы экономиканың салымын ұлғайту, өндірісті тұрақты дамыту, активтерді тиімді басқару болған.
Қазір ҚДБ-ның құрылғанына 25 жыл болды. Банк осы аралықта 174 жобаны ғана қаржыландырған. Бүгінде банктің жобаларды қаржыландыруына қатысты түрлі пікірлер айтыла бастады. Қазақстанның Даму банкін мемлекеттік органдар ғана емес, президент Тоқаев та бірнеше мәрте сынады. 2022 жылы «ҚДБ белгілі бір топтың жеке банкіне айналды» деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев банкті қайта құрып, шетелге күмәнді ақша шығару транзакцияларын тексеруге тапсырмалар да берді.
ҚДБ-ның қаржыландыруға рұқсат берген жобаларына мұқият қарайтын болсақ, тізімнен таныс фамилияларды жиі көреміз. Мәселен, былтыр «Хромтау қаласында құны 178 млн доллар тұратын жел электр станциясы салынады» деп сүйіншілеттік. Жобаны «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және Қазақстанның Даму банкі жүзеге асырады. Ал енді «Қазақстан электролиз зауыты» атақты ERG тобының бір бөлігі. Оны ірі олигархтар Потох Шодиев, Мұқадасхан Ибрагимова және Машкевичтер басқарады. Бұл үш фамилия да бізге өте жақсы таныс. Бұдан бөлек, ҚДБ-дан арзан пайызбен несие алушылардың қатарында «Экокультура-Еуразия» ЖШС бар. Бұл серіктестік 2023 жылы Түркістан облысында жылыжай кешенінің жобасын салуға 25 млрд теңге алыпты. Серіктестікті басқарушы негізгі заңды тұлғалар Ғазиза Шабдарбаева, Салтанат Даутова, Александр Рудаков деп көрсетілген. Ал ашық ақпарат көздерінде Ғазиза Шабдарбаеваны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың келіні деп көрсетеді.
Банктен несие алғандардың қатарында Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұрхан, Нұржан Нығматулиндер және мыс саласында жүрген олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огай, шымкенттік олигарх Серікжан Сейтжановтардың да барын біз бұған дейін «Жас Алашта» жазғанбыз. Қазір Қазақстандағы алтын кен орнының иесі «АК Алтыналмас» және «Қаражыра» АҚ-да 20 пайыз акциясы бар кәсіпкер Владимир Жұманбаев ҚДБ-дан несие алу үшін өз кезегін күтіп жүр. Сондай-ақ танымал Pepsi, Da-da, Piala, Lipton шайларын шығаратын RG Brands АҚ-ның иесі, олигарх Қайрат Мәжібаев та ҚДБ-дан қомақты несие алмақшы.
Сонда президенттің 2022 жылы берген тапсырмасынан кейін не өзгерді?! Қасым-Жомарт Тоқаев банктің репутациясын қалпына келтіруді, несие беру саясатын өзгертуді, «таңдаулыларға» ғана арналған банк болуды доғаруды тапсырды емес пе?!
73 есе айырмашылық қайдан шықты?
Жоғары Аудиторлық палата Қазақстанның Даму банкі кейбір компанияларға бекітілген мөлшерлемеден де арзан несие беріп келгенін анықтады. Есеп палатасының берген деректеріне сүйенсек, банк кейбір қарыз алушыларға жеңілдік жасап, несиені белгіленген шекті мөлшерден де төмен пайызбен берген. Арзан несиелендірілген біраз жобаның қаржылық жағдайы нашарлаған, өнім экспорты бойынша жоспарлары орындалмаған. ҚДБ-ға төлемдер кешіктірілген. Тіпті банк қаржыландырған компаниялардың арасында экономикалық дефолтқа ұшырағандар да бар. Бұған қоса мемлекеттік аудит ҚДБ-дан алған арзан қаржыны алпауыт компаниялардың өз қожайын-акционерлеріне дивиденд түрінде төлегенін, банктердегі депозиттерге жоғары сыйақымен салып, табыс тапқанын да әшкереледі. Осыдан барып былтыр ҚДБ 25,9 млрд теңгені тиімсіз жоспарлап, 15,8 млн теңгелік пайдадан қағылған. Сондай-ақ аудиторлық палата ҚДБ-ның бюджеттің арзан ақшасын жоғары пайызбен берген сәттері болғанын да анықтаған. Банк бюджет қаражатын 0,15 пайыз мөлшерлемемен тартып, кейін оны жобаларға 9-11 пайыз мөлшерінде де қарызға берген. Осылайша бұл мөлшерлемелер 73 есеге дейін айырмашылық байқатқан. Осындай олқылықтарды анықтаған аудиторлар енді банк арқылы берілетін несие шарттарын қайта қарауды ұсынып отыр. Есеп палатасы бұдан былай ҚДБ арқылы қарыз алушы барлық компанияға жылдық мөлшері бірыңғай 7 пайызды құрайтын сыйақы бекітуді жөн санайды.
Аудиторлық палата осылай дегенімен, банк өзін-өзі ақтап алуда алдына жан салмайды. Аталмыш палатаның сынына жауап берген банктің мәлімдеуінше, мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылатын сыйақы мөлшерлемелері уәкілетті органдар бекіткен қаржы-экономикалық негіздемеге толық сай келеді. Бұл мөлшерлеме салалық министрліктер тарапынан бекітілетін шекті ставка шеңберінде қалыптасқан.
ҚДБ 2023 жылы 180 млрд теңге таза табыс тапқан. Ал 2024 жылы тапқан табысын банк әлі толық жариялай қойған жоқ. Тек 2024 жылдың І тоқсанындағы деректерге жүгінсек, банктің 38,4 млрд теңге жиынтық табыс тапқанын көреміз. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 млрд теңгеге кем.
Сарапшылар Қазақстан Даму банкінің табыс табудан гөрі қарыз алуға көп бейімделіп кеткенін айтады. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, былтыр Қытайдың құрылыс банкінің Астанадағы бөлімшесі ҚДБ-ға 500 млн доллар сомасында несие беретін болып келісімге келген. Бұл сомаға банк инвестициялық жобаларды қаржыландырмақ. Бұдан соң Қытайдың мемлекеттік даму банкі ҚДБ-ға 250 млн доллар және 2 млрд юан сомасында несие беруді көздейді. Бұл сома арқылы ҚДБ республикалық маңызы бар жолдарды қалпына келтірмек. Сондай-ақ банк Испанияның қаржы институтынан 400 млн еуро қарыз алатынын да мәлімдеді. Бұл қаражат елдегі энергетика жобаларына жұмсалады. Сарапшы осыншама қарыз алғанмен, ҚДБ-ның оны ұқсата алуы екіталай деп есептейді.
«ҚДБ Астана мен Маңғыстаудағы қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтарын салуға 200 млрд несие бермек. Бұған дейін ЭКСПО-2017 көрмесін салуға да банк арқылы қаражат бағытталған. Кинотеатр, бизнес орталықтарын қамтитын жобаларға да қаражат бөлінді. Өз басым, мұны ақылды қадам дей алмаймын. Нақ қазір өңдеу өнеркәсібіне жеңілдетілген несие беруге қажеттілік туындап отырған сәтте, мұндай ойын-сауық, қонақүй орталықтарына қаражат бөлу жөнсіз. Сондықтан жеңілдетілген қарыздарды ел экономикасына нақты үлес қосатын және мультипликативті әсер ететін өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға бағыттаған жөн», – дейді экономист.
Сондай-ақ ҚДБ инновациялық бағдарланған жобаларды қаржыландырудан гөрі жеңіл фармацевтикалық өнеркәсіп сияқты салаларды қолдауда да басымдыққа ие. Шындығында бюджеттен бизнеске бөлінетін арзан несиені алуға да көп уақыт кетеді. Себебі бюджет қаражаты банк депозитінде көп ұсталады.
Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков те бұл пікірді қолдайды. Оның пайымдауынша, күні бүгінге дейін елдегі экономикалық саясат олигархтардың мүддесіне бағытталып келді. Бұған әсер етуші құрылымның бірі Қазақстан Даму банкі болды. Бай-манаптар осы банктің шарапатын көп көрді.
«Күні бүгінге дейін олигархтар ҚДБ арқылы несиелік төлемдерінің мерзімін шегеріп, несиелік демалыс алып, банк қаржысын жеке бастарына ыңғайлы етіп пайдаланып келді. Қазақстан Даму банкін қайта құрылымдау өз алдына, оның бүкіл функциясын, басшыларын өзгерту керек. Мұндай шешімдер нақ қазір қажет. Бұл 100 пайыз үкіметке бағынып отырған банк.
2017 жылы еліміздегі түрлі жобаларға инвестиция салдық деп жүрген байлар шетелде 18 млрд долларды заңсыз ұстап отырған. Былтырдың өзінде төлем балансындағы есепшот бойынша шетелге 10 млрд доллар қаражат кетіп қалыпты. Бұл сол кездегі теңге бағамымен есептегенде 4 трлн 300 млрд теңге. Бұл дегеніңіз – халық бюджетінің 25 пайызын құрайды. Сондықтан ҚДБ арқылы жүргізілетін валюталық бақылауды қолға алу керек», – дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Не істеу керек?!
Сөйтіп, сала мамандары ҚДБ жұмысына кіріскен 25 жылда экономиканың алтын дәуірі орнамағанын айтады. Сондықтан экономистер мынадай ұсыныстар айтып отыр. Біріншіден, банк қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Кемшіліктерін анықтап, қателік жіберген адамдарды жауапқа тарту керек. Екіншіден, банктің өңірлерде филиалдарын ашып, банк арқылы шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын қаржыландыруға мүмкіндік беру керек. Егер осылай істесек, шағын бизнеске жылдық мөлшерлемені 7 пайыздан асырмай несие беруге болады. Мұндай жағдайда екінші деңгейлі банктер амалсыз пайызын түсіреді. Үшіншіден, ҚДБ қызметін қайта құрылымдау арқылы жұмысы тоқырап жатқан, қарыздан шықпайтын акционерлік қоғамдарға дем беруге болады. Мысалы, «Қазпошта» АҚ-ның жұмысын ҚДБ арқылы тірілтуге болады. Қазақстан Даму банкіне мемлекеттен бөлінетін қаражаттың бір бөлігін «Қазпошта» ұлттық операторына беріп, ауылды сол арқылы да арзан несиемен қаржыландыруға болады. «Қазпошта» АҚ-ның бүкіл республика бойынша филиалдары бар, тіпті алыс аудан-ауылдарда бөлімшелері бар. Бұл тұрғыдан оның мүмкіндіктері көбірек. Қазір банктерге корпоративтік табыс салығы өсіп жатыр. Салық өскеннен кейін банктер несие пайызын өзінен-өзі өсіреді. Мұндайда шағын кәсіпке арзан несиенің баруы қиындайды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ