Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 04 Мамыр 2024

Бүгінгі инсценировка авторлыққа талас па?

1
Фото взято с сайта tengrinews.kz. Сцена из оперы «Биржан ‒ Сара» в театре «Астана Опера».

Әдетте бір ойды бір ой қозғайды. Әлдеқалай айтылған көлденең кейбір пікірлер қоламталы мәселенің отын тұтатады.

Бұл жолы да солай болды. Өткенде жазушы, драматург Роза Мұқанова фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады, онда театртанушы, драматург Мирас Әбілдің, жазушы С.Жүнісовтың шығармасына инсценировка жасағанын, бірақ оған өзін автор ретінде жазып қойғанын айта келіп, Мирасқа инсценировка ғана жасаушы екенін, автор деп жазуға хақысы жоғын ескертеді. 

Р.Мұқанованың бұл жазбасы тағы бір түйткілді жағдайдың бетін ашып берді. Соңғы уақыттарда түрлі театрларда инсценировка жасалған қойылымдар көбейіп кетті. Кей қаламгерлер тіпті «инсценировка жасаған» деп емес, өзін автор ретінде жазатын болды. Жалпы инсценировка дегеніміз не, оның жазылу ереже, тәртібі қалай, мұнда басты неге көңіл бөлуіміз тиіс осы және өзге де сұрақтарды «Жас Алаш» жазушы, драматург Роза Мұқановаға, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, театртанушы Мәншүк Ташимоваға, театртанушы, драматург Мирас Әбілге және жазушы, драматург Әлішер Рахатқа қойып көрді.

Роза Мұқанова

Роза Мұқанова: Автордың тобығынан келмей тұрып, басына шығамын деу әбестік

Автордың идеясына қызмет ету үшін, автормен иықтас, деңгейлес, идеялас болуың шарт. Автордың тобығынан келмей тұрып, басына шығамын деу әбестік. Автормен соавтор болу үшін оның шығармаларына өз жаныңнан қосарың болмаса, оны басқа жанрға қотарумен соавтор бола алмайсың. Жаңа эпизод, жаңа кейіпкер, сюжет қосу арқылы инсценировка жасауға болады, оған, әрине, қақың бар. Бірақ оның өзінде автор бола алмайсың. Автор – түпнұсқаны тудырған тұлға. Жасыратыны жоқ, қазір әдебиетте дилетанттар жетерлік. Мысал үшін айтайық, М.Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасын жазды. Онда автор белгілі оқиғаны, аңызды өзгертті және де Жапал сияқты әдеби кейіпкер қосты. Немесе М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» шығармасын алыңыз, оның Ә.Тарази кино нұсқасын жасады. Қырғыз режиссері Б.Шамшиев фильмді түсірді. Сонда, сонау қызыл цензураның кезінде Мұқаң жерден айырылып жатқан қазақтың ұлттық трагедиясын, барынша астарлап, емеурінмен білдірген болса, кинода бұл жеріне жеткізіліп көрсетіледі. Мұқаңның идеясына бүгінгі көрермендер үшін Ә.Тарази мен Б.Шамшиев жұмыс істеді. Міне, бұл – инсценировка. Мұндай мысалдарды, әрине, көптеп келтіруге болады. Ал дайын шығарманы алып, оның жанрын өзгерту арқылы шығарманың авторын сызып тастап, өзін автор ретінде қою – әуелі авторға, онан соң көркем әдебиетке жасалған қиянат. Классикалық шығармаларға тек қызмет етуіміз керек. Кәсіби маман автордың идеясын ары қарай жалғастырып, бүгінгі көрерменге жеткізуші, инсценировкасын жасаушы.

Әдетте бір шығарманың тууы, жазылуы деген оңай шаруа емес, оған тіпті автордың тұтас ғұмыры кетуі мүмкін. Автор оған ізденісін, тәжірибесін, білімін салады. Енді осы дайын дүниені алып, драматургияға айналдырып немесе киносценарийдің инсценировкасын жасай салып, сосын оған өзін автор етіп көрсету үлкен әбестік. Мұндай сорақылық бұған дейін де болған. Кезінде кейбір режиссерлер классикалық шығармалардың «сахналық нұсқасын жасадық» деп өздерін автор ретінде жазып, өздері түсірген. Кейіннен әдебиет зерттеушілерінің, сыншыларының, кәсіби драматургтеріміздің арқасында бұған тыйым салынып, бұл дерттен құтылғанбыз. Соңымыздан келе жатқан өскелең жастар мұндай әбестіктен, мұндай білместіктен сақ болғаны жөн деп, әлеуметтік желіде пікірімді білдірдім. Бұл, әрине, біреуді тұқырту немесе біреудің көзін шұқу емес. «Мұндай келеңсіздікке жол берілмеуі керек» деген жазушы, драматург ретіндегі пікірім.

Әлемдік әдебиеттен Л.Толстойдың «Анна Каренинасын» алыңыз. Сонау 1960 жылдардан бері бірнеше фильм түсірілді. Алайда осының бәрінде қанша жерден, қандай режиссер түсірсе де, қандай сценарист жұмыс істесе де оның авторы – Л.Толстой деп көрсетілді. Мейлі кім болса да, әлде бір шығарма негізінде сценарий жазған немесе түсірген адам оған автор бола алмайды. Бұл әлемдік тәжірибе, қалыптасқан заңдылық. Бүгінде жастардың өзің жақсы көретін шығарманы алып «мына кейіпкерді былай бұрмалаймын, мына кейіпкер былай болуы тиіс, сюжеті былай болуы қажет» деп, бүйректен сирақ шығарудың қажеті жоқ, шынын айтқанда, бұл үлкен сауатсыздық. Егер оны бүгін мен айтпасам да, келешекте біреу айтады, себебі мұндайға жол берілмеуі керек.

Мирас Әбіл

Мирас Әбіл: Театрға Гераклдардан гөрі, өзіміз сияқты қателесетін адамдар керек

Роза апайдың айтқанын дұрыс қабылдадым. Тіпті сол жазбасының астына «атымды алдырып тастаймын» деп жазып жібердім. Р.Мұқанова үлкен жазушы. Кезінде Ә.Тарази ағамыздан да сабақ алғанмын, сондықтан ол кісілер не айтса да жанашырлықпен айтады деп ойлаймын. Сондай-ақ менде ешқандай комплекс жоқ, өзімді драматург санап, күпсінген емеспін. Алайда қазір көптеген театрлар ұсыныс айтады, көбісінен бас тартам. Әрине, біраз шығармалардың инсценировкасын жасадым, тіпті кейбіреулеріне «театр үшін» деп, атымды да жаздырмадым. Негізі бұл жазушы С.Жүнісовтің романы бойынша «Ақан сері туралы аңыз» деген Ақанның жастық шағы туралы спектакль, Ұланмырза Қарыпбаев есімді қырғыз режиссері қойғалы жатыр. Мұнда С.Жүнісовтің романындағы кейіпкерлердің аты бар, оның үстіне биыл жазушының 90 жылдық мерейтойы. Сондықтан онда «С.Жүнісовтің романы бойынша» деп жазылған еді. Ал егер ол жерге «Инсценировка авторы Мирас Әбіл» деп жазып қойса, онда «С.Жүнісовтің романын өзгертіп жіберіпті» деген пікір айтылар еді. Себебі онда роман кейіпкерлерінің оқиғалары жоқ, сәйкесінше, жаңа кейіпкерлер қосылды. Мысалы, Моцарт туралы әлемде көптеген фильмдер, сахналық шығармалар бар, онда Моцарттың композитор екені шындық, ал қалғаны көркемдік шындық. «Ақан сері туралы аңыз» да сол сияқты. Біз тақырыбымызды барынша зерттеп, зерделеп, өзгеше спектакль жасауға тырыстық. Жақында премьерасы болады. Көрермен көріп, төрелігін айтар.

Негізі театрға Гераклдар керек емес, одан гөрі өзіміз сияқты қателесетін, осалдығы бар адамдар керек. Неге бізге «Томирис» киносынан гөрі «Троя» жақын. Өйткені Трояның королі король болып отырмайды. Түн ішінде Ахиллестің лашығына барып, «ұлымның сүйегін бер» деп жалбарынады. Міне, бұл тірі өнер, ал тірі, шынайы өнер қай кезде де өміршең.

Мәншүк Ташимова
Мәншүк Ташимова

Мәншүк Ташимова: Инсценировканың қадірін өзіміз түсіріп жүрміз

Қазір кейбір драматургтер белгілі, танымал шығармаларға инсценировка жасайды. Жалпы қарапайым тілмен түсіндіргенде инсценировка дегеніміз не, оның ереже, тәртібі, заңдылығы қалай болуы тиіс. Мұнда қандай шарттар сақталуы қажет?

–- Инсценировканы қазақша сахналық жүйе дейміз. Роман, повест, әңгіме, т.б. әдеби шығармаларды театр сахнасындағы немесе теле және радио қойылымдарға арнап, қайта жасап шыққан пьеса. Прозалық шығармаларды сахналық жүйеге түсіру бүгін басталған жоқ, тарихы әріде жатқаны белгілі. Инсценировка – көркем шығарма. Оны жасаушы драмалық шығармаларға қойылатын талаптарға аса мән береді. Драманы сахналаудың заңдылықтарын басты назарға алатыны белгілі. Тақырып, ой-идея, сөз, оқиғаның өрбуі мен шарықтау шегі, қойылымдағы қақтығыстар назардан тыс қалмайды. Сахналық жүйені жасаған адам драматургиядан, режиссурадан, актерлік ойын шеберлігінен, тіпті сурет өнерінен хабары болғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал бұл дүниелерден толық хабары жоқ, таланты мен дарыны кемшін адамдар да инсценировкамен айналысып, болмасаң да ұқсап бақтың кебінін киіп жүрген жайы бар. Дегенмен ондай дүниелерді режиссерлер отап, жанынан қосып немесе түзеп өзгерттіріп, қайта жаздырып жататын кездер жиі болады. Драмалық шығармаға қойылатын талап пен заңдылық инсценировкаға да тиесілі.

Инсценировка жасаған адам өз атын автор ретінде қоюға құқығы бар ма? Бізде кейбір инсценировка жасаушылар автор ретінде өз атын қосып жазған жағдайлар да кездесті, мұны қалай түсінуге болады?

Театртанушы, профессорлар Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай ағаларымыз «сахналық жүйесін жасаған» деп жазу керектігін баса айтып отыратын. Тіпті сол ғалым ағалар жазған кітаптарда «инсц». немесе «сахн. жүйе» деп қысқартылып жазылып тұр және бүгінге дейін солай. Ал соңғы уақыттарда спектакльдердің бағдарламаларында инсценировка авторы деп жиі жазатындар немесе сахналық жүйе жасай отырып, өзін автор деп көрсететіндер баршылық. Қысқасы, белгілі авторлардың шығармаларына немесе түрлі фольклорлық шығарма түрлеріне автор болғысы келетіндер көбейіп отырғанын жиі кездестіріп жүрміз. Тіпті бұл мәселелер талас-тартыс, дау тудырған жағдайлар да болған. «Инсценировка авторы:» мен «сахналық жүйесін жасаған:» деген сөз тіркестерінің айырмашылығын аңғару қиын емес. Инсценировка жасаған адам өз аты-жөнін көрсетуге, әрине, құқығы бар. Бірақ бірінші негізгі автор көрсетіліп, тек содан кейін ғана сахналық нұсқасын жасаған деп көрсетілуі тиіс.

Шетелдік авторлардан инсценировка жасағанда оның түпкі ойын қаншалықты сақтаған жөн, әлде қазақы танымға бейімдеуге бола ма?

Шетелдік авторларды ең әуелі мінсіз және мазмұнды аударуға аса мән беруіміз қажет. Біздің спектакльдерде қалай болса солай, ауызекі көше сөздері мен шолақ ойлы сөйлемдер толып жүретінін байқаймыз. Сосын кім болса сол аударма жасайтын ауруға ұшырағанбыз. Тіпті кейде фамилиям тұрса болды деген қасаң да таяз түсінікті байқап қаламыз. Егер кім көрінген аударма жасай беретін болса, кәсіби аударманың қажеті қанша? Ең абзалы, кәсіби аудармашылардың жұмысын жандандыруымыз қажет. Ал қазақы танымға бейімдеуде Абайдың аудармаларындай болса қандай жақсы. Мәселен, А.С.Пушкиннен аударған «Татьянаның Онегинге жазған хатының» сөзі де, әні де қазақыланып, құлпыра түскені сияқты. Әр адам шығармашылық ізденістер жасау арқылы туынды жасайтыны, әр шығарманың жан дүниесі мен ерекшеліктеріне байланысты жүйеленіп, нәтижесінде, әртүрлі деңгейде пьесалар жасалатынын ескереміз. Жақсы аудармадан кейін ғана драматургияның заңдылықтарына сәйкестендіріп, сауатты сахналық жүйеге қадам жасалады.

Қазір сахналанып жатқан инсценировка жасалған спектакльдерді қалай бағалайсыз, артықшылық, кемшілігі неде?

Көбінесе режиссерлер өздерін толғандырған тақырыптарға драмалық шығармалар жазып, өзіне қажетті дүниелерді аударып алуға мәжбүр. Әдебиет бөлімінің қызметкерлері, жас, тәжірибесі аз драматургтер бұрын кино мен мультфильм арқылы елге танымал болған дүниелерден инсценировканы асығыс жасап, асығыс қойылып жатқанын аңғарамыз. Оның басты себебі, мазмұнды драмалық шығармалардың жетіспей жатуымен байланысты. Әсіресе бұл балалар театрлары мен қуыршақ театрларында әдетке айналған. Тіпті кейде жоқтан бар жасап жатқандарына қуанасың, саннан сапа шығарына сеніп, өзіңді амалсыз жұбатасың... Сонау алып жазушылар жасаған аудармалар мен халық шығармаларының негізінде жазылған классикалық туындылардан басталған үрдіс жалғасын тауып келеді. Ш.Айтматов прозалары түгел дерлік сахналық жүйесі жасалып, қойылды. М.Әуезовтің «Қилы заман» повесі тәуелсіздік алғаннан кейін Н.Оразалин сахналық жүйесін жазып, қойылды. Кейінгі шығып жатқан талантты, жас режиссерлер Абайдың шығармаларын, қазақтың белгілі қаламгерлерінің танымал шығармаларын жүйелеп, сахнаға шығарып жүргені қуантады. Бұл дүниелерде режиссура басым, тіпті сахналық жүйе екінші планда қалып, тек идеясы мен айтар ойы ғана қалған спектакльдер де бар. Режиссерлер тіпті сөз айтқызудан бас тартып (Реж. А.Салбан, М.Мұртаза «Текебұрқақ»), көбінесе пластикамен, музыкамен, жарықтың көмегімен шешім шығарған. Мәселен, А.Зайцев Абай шығармаларын пайдалану арқылы тамаша режиссерлік жұмыс жасап шыққан. Мұнда тіпті сахналық жүйе деуге келмейтін режиссерлік нұсқа ғана бар. Солай бола тұрса да спектакль өте терең де мазмұнды болып шыққан. Мұның өзі бүгінгі заманауи режиссурадағы ерекшеліктер екені сөзсіз.

Инсценировка жасау пьеса жазудан жалтарып, жұмысты жеңілдету емес пе, мұның ақыры ұлттық театрымызға қалай әсер етуі мүмкін?

Инсценировканың шығармашылық деңгейін түсіріп отырған өзіміз. Қадір-қасиетіне жете алмай, үстірт қарап жүрміз. Бүгінге дейін неге Ш.Айтматов шығармалары мұрты бұзылмаған күйінде қойылып келеді? Өйткені инсценировканың жасалуы мінсіз. Мұндай дүние тіпті автор жазған прозадан да мықты шығармалық деңгейге көтерілуі мүмкін екенін театр тарихындағы көптеген шығармалар дәлелдеп отыр. Сіз айтқандай, пьеса жазудан жалтарып, жұмысымызды жеңілдетеміз деп мүлдем құлдырап кетпей тұрғанда жоғарыда аталған олқылықтардың жолдарын кесуіміз қажет. Өйткені мұның артында мөлдір өнер, қасиетті қазақ сахна өнері тұрғанын әрқайсымыз адамшылықпен сезініп, әрекет еткеніміз жөн.

Әлішер Рахат
Фото: Әлішер Рахат

Әлішер Рахат: Драматургтің автор болуға толық қақысы бар

– Әлішер, сіз қандай шығармаларға инсценировка жасадыңыз, онда басты неге көңіл бөлдіңіз? Автордың айтар ойын, түпкілікті көзқарасын инсценировка жасағанда толыққанды сақтау керек деп ойлайсыз ба немесе қаншалықты өзгерткен дұрыс?

– Өзім үш романның инсценировкасын жасаппын. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегін», Тахауи Ахтановтың «Боранын», өзімнің «Параллелімді» сахнаға бейімдеп, жазып шықтым. Үшеуі де театрлар мен режиссерлер тарапынан келген тапсырыс еді. Инсценировка жасаған соң, бәрібір де түпнұсқадан толық ажырап кете алмайсыз. Дегенмен кейде сахнаға бейімдеу үшін, прозалық мәтіндерді ашу үшін, кейіпкердің күйін беру үшін қосымша кейіпкер, ситуация қосуға тура келеді. Әрі ол драматургиялық структураны сақтау керек, динамикасын жоғалтпау қажет. Ол романға да байланысты: кей роман өзі сахнаға сұранып тұрады, драматург орын орнына қоя салғанда жұмыр дүние болып шыға келеді. Кейбір шығарманы сахнадан көргенде, керісінше, қызықсыз. Сондықтан драматургтер әр шығармаға әр қырынан келеді деп ойлаймын. Кей автордың кейіпкері ғана қызық болып, бірақ жалпы роман идеясы ұнамауы, яки актуалды болмауы мүмкін. Сондай кезде драматург өзінен біраз дүние қосады. Бірақ бұл жерде түпнұсқадан алыстап, басқа шығарма болып кетпеуі де керек. Драматург инсценировка жасағанда соавтор болып кетпегені жөн, тіпті соавтордай-ақ еңбегі сіңсе де. «Ақбілектің» сахналық нұсқасын жасағанда, екі қосалқы кейіпкер қостым және оқиғалардың ретін аздап ауыстырдым. Прозада бір ауыз сөзбен берілген репликаларды ұзартуға тура келді. Сондай сәттерде романдағы автордың мәтініне (диалогына емес) назар аударып, сол жерден қосуға тура келді. Мұқаштың өлімі мен Ақбілектің босануын кульминацияда қатар қолдандым. Өйткені Ақбілектің арының тапталуына Мұқаш тікелей кінәлі еді, яғни оқиға содан басталып, өз шешімін тапты. Романның жалпы түпкі идеясы қызыл әскерден де, ақтардан да құқай көрген Ақбілек сияқты шарасыз қазақ халқының хәлі ғой. Оның сыртында Ақбілектің адам ретіндегі құқықтары мен қыз баласына деген қоғамның қысымы бар. Мен осы идеяның төңірегінде инсценировка жасадым. «Параллельде» де солай: қосалқы кейіпкер қостым, кейбір кейіпкерлерді бір образға жинақтауға тура келді, әйтпесе, сахнада оларды жеке-жеке көрсетудің еш мәні жоқ еді.

– Кейде драматург инсценировка жасау үшін бірнеше шығармаларды оқып, соны пайдаланады, тіпті өз тарапынан сахналар да қосуы мүмкін. Мұны инсценировка дейміз бе, әлде соавторлық шығарма деп атауға негіз бар ма?

– Бұл сұрақтың нақты жауабын айта алмаймын, өйткені ол материалға тікелей байланысты. Әр пьесада әртүрлі болуы мүмкін. «Ақбілектің» инсценировкасын жасарда жалпы сол кездегі қазақтың ахуалын білу керек болды. Қытайға қашқан ақтардың оқиғасы жайлы іздендім. Өйткені мұртты офицердің нақты мотивін ашып көрсету қажет. Ал енді сұраққа оралар болсақ, мұның бәрі пьесаға келіп тіреледі. Инсценировка жасаған адам оқыған көркем туындыларындағы көркем образдарды сол күйінде көшіріп жазды ма, әлде материалдарды жинақтап, өзінің кейіпкерін жасап шықты ма деген сұрақ туындайды. Әсіресе тарихи кейіпкерлер туралы пьесаларда бұл сұрақ күрделене түседі, себебі кейіпкер біреу, оның тағдыры жұртқа мәлім. Мәселе оны автор қай қырынан көрсетеді, соған байланысты. Егер материалдары толық игеріліп, ол кейіпкердің басқа көркем шығармалардағы болмысынан бөлек, өзгеше қырын ашса, басқа контексте бере алса, ешқандай авторлық құқықты бұзбаса, драматургтің автор болуға толық қақысы бар деп ойлаймын.

– Қазіргі театрларда сахналанып жатқан инсценировкалар туралы не айтасыз?

– Соңғы жылдары театрлар қазақтың классикалық прозаларын сахнаға бейімдеп қойып жүр. Бұл меніңше, керемет үрдіс. Солардың озық үлгілері Ғ.Мүсірепов театрындағы «Құлагер» қойылымы, «Махаббат, қызық мол жылдар», «Жусан иісі». М.Әуезов театрындағы «Қытайдан жеткен хат», «Махаббат пен қасірет», Қаллеки театрындағы «Алтайдан ауған ел» де назар аударуға тұрарлық деп санаймын.

– «Инсценировка жасау пьеса жазудан жеңіл жұмыс» дейтін көзқарас бар, бұған қосыласыз ба, әлде оның өз мехнаты бар ма?

– Бұл әркімге әрқалай болса керек. Маған инсценировка жасау өте қиын. Оданда өз еркің өзіңде болатын пьеса жазған оңайырақ. Жалпы пьеса жазу оңай деген сөз емес, тек өзге автордың құқығын да сақтай отырып, идеядан алыстамай, прозалық мәтіндердің ішінен реплика бола алатын сөздерді теріп, кейіпкерлерді іріктеп отырғанша, жаңа пьеса жазуды құп көремін.

Дайындаған Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: