Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:03, 07 Мамыр 2024

«Бойымдағы бар адамдық қасиетті қорладым». Бишімбаевқа қандай жаза берілмек?..

Бишімбаев пен Салтанат
Фото: из открытых источников

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты да аяқталып келеді. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған дүйсенбі күні кезекті сотта айыпталушы Қуандық Бишімбаев соңғы сөзін сөйледі.

 Бұл бар болғаны 20 минутқа созылған және осы атышулы сот процесінде үйреншікті жағдайға айналған, ешқандай дау-дамайсыз өткен ең қысқа сот отырысы болды. Соңғы сөзінде экс-министр Құдай туралы айтып, «Бойымдағы бар адамдық қасиетті қорладым», – деді. Және қазылар алқасынан шешім шығарда өзінің бұрын министр болғанын ескермеуін сұрады.

Салтанат

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырысы 11 наурыздан бері онлайн өтіп жатыр. Оны миллиондаған адам қарады, арасында шетелдіктер де бар. Бұл сот процесі қоғам арасында қызу талқыланды. Тек қоғам белсенділері, журналистер, адам құқығын қорғап жүргендер ғана емес, кез келген жерге бара қалсаңыз, Бишімбаев ісін талқылап жатқан адамдарға тап боласыз. Онлайн сот отырысы прокурорларға деген жұрттың сенімін қайтарғандай болды. Әр сот отырысында түрлі деректер айтылды, Салтанат өліміне қатысты дәлелдер көрсетілді. Бишімбаевтың әйелін аяусыз сабаған видеосы да әлеуметтік желілерге таралды. Тіпті экс-министрдің Салтанатты ұрып жатып «Баталовпен болдың ба?» деп, одан 175 рет сұрауы онсыз да резонанс тудырған қылмыстық істі одан сайын ушықтыра түсті.

1

Бишімбаевты айыптау сот ісіне қатысты АҚШ пен Еуропада тұратын қазақстандықтар «No excuse for abuse», «За Салтанат» («Салтанат үшін») дейтін ұрандармен бірнеше митинг өткізді. Ресейлік журналист Ксения Собчак Бишімбаевтың сотына арнайы келіп, қатысты. Ол туралы бір жарым сағаттық деректі фильм түсірді. Видеоны қазірдің өзінде 6,5 миллионнан астам адам көрген.

Сонымен, «драма» мен «шоуға» толы бұл іс те аяғына жетуге тақау. Басты айыпталушы, бұрынғы Ұлттық экономика министрі соңғы сөзінде алдымен жақындарынан кешірім сұрады. Ол өзіне тағылған қасақана кісі өлтіру айыбын мойындамады. «Сол күні кеште әйеліме өлім тілеген жоқпын. Кінәлімін, бірақ қасақана өлтірмедім» деп, өзінің қасақана адам өлтіру бабы бойынша келіспейтінін айтты.

Салтанат Нүкенованың туыстары, керісінше, Бишімбаевтың қатыгездікпен адам өлтіргенін соттың ескеруін талап етіп отыр. Тіпті бұл іске оның туысы Бақытжан Байжановтың да қатысы барын айтып, оған да қатаң жаза беруін сұраған. Салтанат Нүкенованың ағасының қорғаушысы Игорь Вранчев сотталушының болмысын ескі Қазақстанмен байланыстыра отырып, «осындай паразиттердің арқасында кейінгі 30 жылда еліміз алға баспады. Бұлар қалай министр, кәсіпкер болғанын білеміз. Бір адамды қатаң жазалау арқылы басқаларына сабақ бересіз» деп, соттан ол да қатаң жаза сұраған еді.

Қуандық Бишімбаев
Фото: kaztag.kz

Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін

Қазір де бұл іске қатысты түрлі сұхбаттар мен талқылаулар өтіп жатыр. Қоғамның көкейінде «Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін, әділ жазасын алса екен» деген сұрақ тұр. Тек заңгерлер мен қорғаушылар алдын ала Бишімбаевтың қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжам жасай алмайды. Себебін сұрағанымызда, алдын ала болжам жасау кәсібилікке жатпайтынын айтады. Бірақ еліміз тарихында осы іске ұқсас бірнеше сот отырысы өткен. Мысалы, БАҚ-қа берген сұхбатында экс-прокурор Хатиша Жұмағұлова Бишімбаевқа ұқсас қатыгездікпен кісі өлтірген бірнеше қылмысты айтып өтеді. Оның бірі – 2020 жылы Ақмола облысында Беляков досын басынан кірпішпен бірнеше рет ұрып өлтіргені үшін 15 жылға, Алматы облысында Тұрдыбакиев бірге тұратын әйел Злобинаны 31 рет пышақтап, айуандықпен өлтіргені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондықтан қазір көптеген заң мамандары Бишімбаевтың шамамен 20 жылға сотталуы мүмкін екенін айтып жатыр. Оның үстіне біздің заңда екі немесе одан да көп адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады екен. Бір қызығы, кейінгі үш жылда алқабилер ерекше қатыгездікпен өлтірген бірде-бір адам үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолданбапты. Тіпті алқабилердің біреуі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына қарсы болса, соттың айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруға құқығы жоқ екен. Мұны естіген қоғам Бишімбаев әділ жазасын алмай ма деп алаңдап отыр. Қазір көпшілік экс-министрді өмір бойына бас бостандығынан айыру керек деп есептейді.

Не десек те, келесі сот отырысы 10 мамыр, сағат 10:00-де өтеді. Сотта алқабилердің қатысуымен соттың шешіміне қатысты сұрақтар талқыланады. Сол кезде Қуандық Бишімбаевтың қандай жаза алғаны белгілі болады.

Тұрсынбек БАШАР