Астанада төрт бала қаза тапқан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Кеше Астанада екі қабатты үйдегі өрттен төрт бала қаза тапты. Қайғылы оқиға таңғы уақытта болған. Тұрғын үйдің шатыры өрттен жартылай опырылып түскен.
500 шаршы метр аумақ жанып кеткен. Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапты. Қазіргі күнде өрттің себебі анықталып жатыр.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің тергеу басқармасы екі қабатты тұрғын үйдегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғады.
"Балалардың өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты жеке екі қабатты тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша ТЖД анықтау бөлімі ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады", – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті тергеу қорытындысы тексеріс аяқталған соң белгілі болатынын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамауға қатысты. Бұл баб бойынша үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Қорғалжын ауданында газ жарылуы салдарынан үш адам қаза тапқан болатын. Төтенше жағдай Сабынды ауылындағы бұрынғы ауылдық мешіт ғимаратында жерлеу рәсімі өтіп жатқан жерде болды.