Әлемнен оқшау қалған Ресей спорты

Бейбіт күнде бөтен елдің берекесін алған Мәскеу әлемдік қауымдастықтың қаһарына ұшырап, жаһан жұртынан бөлек өмір сүріп жатыр.
Кейінгі 3 жылда Ресей мемлекеті ғана емес, спорты да әлемнен оқшауланып, төрт қабырғаның ішінде қамалып қалды. Ресейлік кәсіпқой клубтар, құрмалар халықаралық турнирлерге қатыса алмайды, ал жеке спортшылар белгілі шектеу астында бейтарап статуспен бақ сынап жүр. Бірақ мұндай спортшылар көп емес.
Ресей – әлемдегі спорттық державалардың бірі. 1996 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарында үздік бестіктен шығып көрмеген. Бірақ допинг дауына байланысты ол елдің спортшылары 2018 жылғы қысқы, 2021 жылғы жазғы Олимпиадаға Ресей Олимпиада комитеті командасы ретінде бейтарап тудың астында қатысты. Ал Кремль әскері Украинаға басып кірген соң бұл шектеуге саяси астар қосылып, жағдай ауырлай түсті.
2022 жылғы көктемде халықаралық спорт федерацияларының көбі арнайы санкция енгізіп, Ресейді жарыстардан шеттетті. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресейді еш жерде команда ретінде тіркемеуді ұсынды. Бұл үндеуге барлық спорттық ұйым үн қосып, FIFA, UEFA, FIBA сияқты командалық спортқа жауапты мекемелер ресейлік командалар үшін есікті тарс жапты.
Содан бері Ресей спортшылары 2022 жылғы қысқы Паралимпиада, 2023 жылғы Еуропа ойындары, 2024 жылғы жазғы Олимпиада мен Паралимпиада сияқты ірі жарыстарға қатыса алмады. Футбол, хоккей құрамалары да әлем және құрлық чемпионаттарынан тыс қалды. Атап айтқанда, Ресей футбол құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионаты мен 2024 жылғы Еуропа біріншілігіне бара алған жоқ.
Яғни 3 жыл бойы Ресей халқы өркениетті өмірден оқшауланып, өз спортшыларының әлемдік аренадағы өнеріне жанкүйер бола алмай отыр. Жанкүйерлер Чемпиондар лигасының әнұранын ұмытып, өздері ең жақсы көретін хоккей матчтарын тамашалай алмайтын болған. Тіпті әлемдегі ірі турнирлерді тікелей эфирден көру құқығынан айырылды. Мысалы, Мәскеуге 2024 жылғы Париж Олимпиадасының телетрансляциясы берілмеді. Ресей жұрты 1984 жылдан бері алғаш рет Олимпиада ойындарын телеэкраннан көре алған жоқ. Бұдан бөлек, АПЛ, NHL, NBA, Формула-1 жарыстарын Ресей аумағында заңды жолмен көру мүмкін емес.
Сондай-ақ Ресейде өтеді деп жоспарланған ірі турнирлер, матчтар күшінен қалды. Ең қызығы, қорқынышты түс сияқты естілетін осы шектеулер 3 жылда халық үшін қалыпты жағдайға айналып кетті. Солтүстіктегі көршілеріміз осының бәріне көніп, үйреніп алды, тіпті кейбір шектеуді айналып өтудің жолын тапты.
Қай спорт түрі санкцияға ұшырады?
Санкциядан футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, гандбол, регби, су добы, бенди, керлинг, Формула-1 сияқты командалық спорт түрлері ең көп зардап шекті. Мұндай турнирлерге ресейліктер аттап баса алмайды. Ал шахмат, бокс, дзюдо, велоспорт, семсерлесу қатарлы спорт түрлеріне белгілі шектеулер аясында қатыса алады. Тек 3 спорт түрі – теннис, киберспорт және ММА еш санкцияға ұшыраған жоқ. Теннисшілер Билли Джин Кинг кубогы, Дэвис кубогы сияқты құрама кездесулерінен басқа ірі турнирдің бәрінде бақ сынай алады. Киберспорт командалары өзге елге қоныс аударғанымен, Ресей туы астында өнер көрсетіп жүр. Ал UFC-де ресейлік файтерлерді ешкім маңдайынан қаққан жоқ.
Хоккей. Енді шектеуге ұшыраған командалық жарыстар туралы айтайық. Хоккей – Ресейдегі ең танымал спорттың бірі. Президент Владимир Путиннің өзі хоккейді жақсы көреді деген ақпарат бар. Қазақстанда осы спортқа мол қаржы бөлініп, «Барыс» сияқты шығыны көп клубтың құрылуына солтүстіктегі көршіміздің әсері бар екенін екінің бірі біледі. Санкция әсерінен ең алдымен ресейліктердің сүйікті спорты зардап шекті.
Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты (2023 жыл) – Санкт-Петербургте, жастар арасындағы әлем чемпионаты (2022 жыл) – Омбы мен Новосібірде, бендиден әлем чемпионаты (2022 жыл) – Сыктывкарда өтеді деп жоспарланған. Бірақ мұның бәрі күшінен қалды. Бұл жарыстарға Ресей құрамасы қатыса алмағаны екібастан белгілі.
Қазір Ресей хоккей құрамасы кездесе алатын қарсыластар қатары өте аз. Беларусь, Қазақстан сияқты «дос елдермен» ғана ойнай алады. Сондай-ақ Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын легионерлер құрамасымен матч өткізіп тұрады. Оның үстіне ҚХЛ-да шетелдік клубтар қалмай барады. 2022 жылдан кейін финляндиялық «Йокерит» пен латвиялық «Динамо» лигадан шығып кетті. ҚХЛ-да шетелдік клубтан Қазақстанның «Барысы», Минскінің «Динамосы» және номиналды қытайлық, бірақ Мәскеу маңында орналасқан «Кунлун» ғана қалды.
Баскетбол. Мұнда да жағдай осыған ұқсас. Ресей құрамасы жолдастық кездесу өткізетін қарсылас таппай жүр. Тіпті 2024 жылы масқара жағдай болған. Колумбия құрамасы күтпеген жерден Достық кубогына келуге келісім береді. Турнирге Ресей құрамасы, пермьдік «Парма» клубы және Колумбия қатысатын болады. Бірақ турнир барысында Колумбия құрамасының жалған екені белгілі болады (оны бір студент құрған көрінеді), Колумбия баскетбол федерациясы мұндай құраманы білмейтінін айтады. Сөйтіп Ресей мен Колумбия матчы өтпей қалған. Ал жалған құрама «Пармадан» 53:155 есебімен жеңіліпті.
ҚХЛ сияқты негізінен ресейлік клубтардан құралған ВТБ Бірыңғай лигасы деген турнир бар. 2022 жылдан кейін польшалық «Зелена-Гура» мен эстониялық «Калев» лигамен ат кекілін кесісті. Қазір ВТБ-да жалғыз шетелдік команда – біздің «Астана» ғана бар. Оның өзі жарытып жүрген жоқ, биылғы маусымда 44 матчтың 42-сінде жеңіліп, турнирлік кестеде соңғы орын алды. Айтпақшы, «Барыс» та ҚХЛ-да көш соңында қалып, ең соңғы сатыға жайғасқан болатын.
Футбол. 2022 жылғы Чемпиондар лигасының финалы Санкт-Петербургте өтуі керек еді, бірақ санкцияға байланысты Парижге ауысты. Ал 2023 жылы Қазанда УЕФА суперкубогы өтеді деп жоспарланған. Ол да күшінен қалды. Сондай-ақ ресейлік клубтар УЕФА Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасына қатысу құқығынан айырылды. Мұндай жағдай болмағанда Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп («Зенит) 3 жылдан бері Чемпиондар лигасына өнер көрсетіп жүрер еді.
Ал Ресей ұлттық құрамасы 3 жылда 17 жолдастық кездесу өткізді. Бірақ ол ойындарды көпшілік күлкіге айналдырып жүр. Өйткені қарсыластарының көбі Азия және Африка елдерінің құрамасы. Олардың ішінде ең мықтысы – Сербия (ФИФА рейтингінде 32-орын, матч есебі 4:0) мен Камерун (49-орын, 1:0) ғана болды. Өзгесі әлем футболының нағыз аутсайдерлері. Тіпті арасында Бруней (ФИФА рейтингінде 185-орын, 11:0), Гренада (174-орын, 5:0) сияқты экзотикалық елдер де бар.
Осы екі матч та ерекше естелігімен есте қалды. Брунейден Краснодарға кәсіби полицейлер мен әскери қызметкерлерден құралған команда келіпті. Валерий Карпин шәкірттері солардың қақпасына 11 гол соғып, мәз болған. Ал небәрі 115 мың халқы бар Гренада құрамасымен Мәскеуде ойнады. Дәстүр бойынша матч алдында екі елдің мемлекеттік туын алаңға алып шығады. Гренада құрамасының бас бапкері тудың үлкендігіне таңғалып, «елімнің мұндай алып туын ешқашан көрмеппін, президент сарайында да мұндай үлкен ту жоқ» деген көрінеді.
Сондай-ақ Куба (ФИФА рейтингінде 167-орын, 8:0), Вьетнам (190-орын, 3:0), Беларусь (98-орын, 4:0), Сирия (95-орын, 4:0) және Замбияға (88-орын, 5:0) қарсы матчтар да Ресей құрамасына абырой әперген жоқ. Оны аз десеңіз, ФИФА рейтингінде 111-сатыда тұрған Кенияны жеңе алмай пұшайман болғаны тағы бар. Түркиядағы қарапайым отельдің стадионында өткен матч 2:2 есебімен аяқталған. Осының бәріне қарамастан, матчтар ресми деп танылып, ФИФА рейтингіне ұпай қосылып жатыр. Ресей құрамасы қазір тізімде 35-орында тұр.
Ресейлік футболшылардың шетелдік клубқа ауысуына аса көп кедергі жоқ. Былтыр жазда қақпашы Матвей Сафонов «Краснодардан» франциялық ПСЖ-ға ауысты. Жартылай қорғаушы Алексей Миранчук АҚШ-та, «Атланта» сапында доп теуіп жүр. Футбол агенті Геннадий Голубиннің айтуынша, қазір Ресей футболшыларына АПЛ мен Бундеслигаға жол жабық, Италияның А сериясы мен Испанияның Ла лигасы ресейліктерді сатып алуға дайын. Ал Францияда ешқандай шектеу жоқ.
Сондай-ақ шетелдік клубтан футболшы сатып алғанда және сатқанда белгілі кедергілер бар. Мысалы, ЦСКА хорватиялық Никола Власичті Англияның «Вест Хэміне» 30 млн еуроға сатқан, бірақ осы ақшаны алуда үлкен қиындыққа тап болды. Одан бөлек, Мексиканың «Леон» клубынан жергілікті ойыншы Виктор Давиланы сатып алу үлкен проблемаға айналған. Оның трансферіне жұмсалған 5 млн долларды Мексикаға жеткізу оңайға соққан жоқ. Алдымен рубльді Мәскеуде дирхамға айырбастап, БАӘ-ге жіберді, онда ақша еуроға ауыстырылып, Венесуэлаға жетті, ол жерде долларға айналып, Чили банкіне түсті. Содан кейін ғана Мексикаға барды. Қазір ресейлік клубтар футболшы трансферіне Сербия немесе Таяу Шығыстағы делдал банктерді пайдаланып жүр.
Жеке спортшылардың жайы қалай?
Жоғарыда жеке спортшылар бейтарап статуспен халықаралық жарыстарға қатыса алады дедік. Бірақ бұған екі кедергі бар. Біріншіден, 2023 жылы желтоқсанда ХОК бейтарап спортшыларға жарысқа өз елінің туын алып шықпайды, әнұранын шырқамайды, соғысты қолдамау қажет, әскери қызметке еш қатысы болмау керек деген сияқты 6 талап қойған. Сондай-ақ кей халықаралық федерация ресейлік спортшылардан соғысты айыптайтын қарарға қол қоюды сұрайды.
Екінші кедергі Ресейдің өз ішінде. Ұлттық федерациялар спортшыларды халықаралық турнирге өзге ту астында қатыспауға шақырады. Мұны олар ХОК-тың Ресейге қарсы шешімін қолдау деп біледі. 2024 жылы сәуірде Ресей Олимпиада комитетінің (РОК) президенті Станислав Поздняков Париж Олимпиадасына қатысқысы келетін спортшыларды «иноагенттер командасы» деп атады. Ал Ресей көркем гимнастика федерациясының басшысы Ирина Винер бейтарап спортшыларды «қаңғыбастар командасы» деп кемсіткен. Тіпті Путиннің өзі ХОК-тың талаптарын мұқият ой елегінен өткізуді ұсынған.
Шенділер спортшылардың жетістікке жету үшін жылдар бойы тер төккенін, 4 жылда бір келетін Олимпиада олардың өмірінен де артық екенін түсінбейді. Соғыстың кесірінен көптеген үздік спортшы үлкен жарыстарға қатыса алмай жастық шағын өткізіп жатыр. Спортпен айналысатын уақыт шекті болады. Ресей санкцияға ұшырағаннан бергі 3 жылда талай шебердің шын мықтылығын көрсететін уақыты өтіп кетті. Тіпті Абдулрашид Садулаев сияқты саңлақтар да ірі турнирлерден тыс қалды.
РОК пен федерациялардың қысымына шыдамай, өзге елдің паспортын алған спортшылар да бар. Бірақ ресейлік шенділер оларға шетелде де тыныштық бермейді. Жақында Словакияда өткен күрестен Еуропа чемпионатында Албания балуаны Чермен Валиев топ жарды. Ресейде туып-өскен еркін күрес шебері 2024 жылы Албания азаматтығын алған. Марапаттау рәсімінде Ресей күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили балуанға агрессия танытып, спортшының мойнына медальді жұлқи таққан. Видеодан Валиевтің құлағына бірдеңе деп сыбырлағанын байқауға болады. Кейін оның балуанды «сатқын» деп айыптағаны белгілі болды. Ресейлік шенділер мұндай лас әрекеттен ешқашан арланған емес.
2024 жылғы Олимпиада ойындарында бейтарап статус алған 15 ресейлік спортшы бақ сынап, екеуі жүлдегер атанды (теннисші Мирра Андреева мен Диана Шнайдер жұптық сында күміс медаль алды). Ал өзге спортшылар Кремльдің кәрінен қорқып, Олим шыңын бағындырсам деген арманын жерлеп тынды. Ал кейбірі өзге елдің атынан өнер көрсетіп жүр.
Тіпті даңқты кәсіпқой боксшылар да Ресей туының астында өнер көрсетпейтін болған. Артур Бетербиев – Канаданың, Дмитрий Бивол – Қырғызстанның атынан шаршы алаңға шығып жүр. Азаматтығын ауыстырды. Кәсіпқой бокстағы төрт жетекші ұйым – WBC, WBA, IBF және WBO әу баста ресейлік боксшыларды рейтингтен шығарып, Ресейде чемпиондық жекпе-жек өткізуге тыйым салған. Бірақ кейін алғашқы үшеуі шектеуді алып тастады. Қазір WBO ғана бастапқы санкцияны сақтап қалды.
Ал әуесқой бокста жағдай басқаша. Ресейлік боксшылар отандасы Умар Кремлев басқаратын IBA турнирлеріне өз туы астында қатысып, әнұранын шырқап жүрді. Бірақ ХОК бұл ұйымды мойындамай, Олимпиада жолдамасын өзі таратты. Осылайша, Ресей боксшылары әлем және Еуропа чемпионатына барғанымен, Олимпиададан тыс қалды. Оның үстіне Ресей бокс федерациясы жаңа ұйым – World Boxing-ке қосылуға асықпай отыр. Демек Ресей спорты әлі біраз уақыт оқшау күйде қала беретін сияқты.
Қуаныш Қаппас