АҚШ Йемендегі мұнай терминалына соққы жасады: 60-қа жуық адам қаза тапты

Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Йеменнің "Рас-Иса" мұнай терминалына АҚШ әуе күштері соққы беріп, кем дегенде 58 адам қаза тауып, 126 адам жараланды.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеуінше, бұл нысан Иран қолдайтын хусит бүлікшілері үшін отын көзі болған және террористік әрекеттерін қаржыландыратын заңсыз табыс көзі ретінде қызмет еткен.
"Америка күштері хуситтердің террорлық әрекеттеріне жол бермеу мақсатында және оларды қаржылық мүмкіндіктерінен айыру үшін бұл соққыны жүзеге асырды", — делінген ресми мәлімдемеде.
2024 жылдың басында АҚШ хуситтерді шетелдік террористік ұйымдар тізіміне енгізгеніне қарамастан, бұл аймаққа порт арқылы отын жеткізілуі жалғасқан.
Хуситтер басқаратын Йемен үкіметі өз кезегінде "Рас-Иса" терминалының азаматтық нысан екенін және оған жасалған шабуылды "толыққанды әскери қылмыс" деп атады.
Хуситтердің "Аль-Масира" телеарнасының хабарлауынша, бейсенбі күні кешке терминалға кем дегенде 14 әуе шабуылы жасалған. Бұл шабуыл Ходейда қаласынан шамамен 60 шақырым қашықтықта орын алған.
Жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне сілтеме жасаған телеарна қаза тапқандардың көпшілігі жұмысшылар болғанын хабарлады. Сонымен қатар, бес фельдшер АҚШ-тың қайталама соққылары кезінде оқиға орнына келгенде қаза тапқан.
Куәгерлер түсірген кадрларда жанып жатқан отын цистерналары мен күйіп кеткен кемінде 10 адамның мәйіттері көрсетілген.
«Біз бұл әрекетті әскери қылмыс деп санаймыз, өйткені порт — азаматтық мақсаттағы инфрақұрылым. Қызыл теңіздегі жағдайдың ушығуына АҚШ толық жауапты», — деді хуситтер үкіметі.
Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл соққыларды «варварлық шабуыл» деп қатаң айыптады.
Шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң Израиль әскері Йеменнен атылған зымыранды тоқтатқанын хабарлады. Елдің бірнеше аймағында дабыл қосылды, бірақ зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы мәлімет берілген жоқ.
Хуситтер жетекшісі Абдул Малик аль-Хуси наурыз айының ортасынан бастап 80-ге жуық операция жүргізілгенін, соның ішінде АҚШ-тың USS Harry S. Truman әуе кемесіне 30 және Израильге 26 шабуыл жасалғанын айтқан болатын.
Айта кетейік, Йемендегі азаматтық соғыс 10 жылдан бері жалғасып келеді. Қақтығыс хуситтердің елдің солтүстік-батысын басып алуынан және халықаралық мойындалған үкіметті ығыстыруынан басталды. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы (АҚШ қолдауымен) әскери араласуға кірісті.
Қақтығыс салдарынан 150 мыңнан астам адам қаза тауып, 4,8 миллион адам үй-жайынан айырылды. 19,5 миллион адам түрлі гуманитарлық көмекке мұқтаж.
2023 жылдың қарашасынан бастап хуситтер Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы сауда кемелеріне шабуыл жасап келеді. Олар Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыста палестиналықтарды қолдау үшін АҚШ, Израиль немесе Ұлыбританиямен байланысты кемелерді ғана нысанаға алатынын айтқан. Алайда бірнеше бейтарап кеме де шабуылға ұшыраған.
Батыс күштерінің Қызыл теңіздегі кемелерді қорғау әрекеттері мен АҚШ-тың әскери шабуылдарына қарамастан, жағдай күрделене түскен.