2022 жылдан бері 6,6 мың ресейлік Қазақстан азаматтығын алған
2022 жылдың басынан 2024 жылдың қазанына дейінгі аралықта 6 665 ресейлік Қазақстан азаматтығын алған, үштен бір бөлігі яғни, 2 199-ы қандастар деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, қыркүйек айында мобилизация жарияланған. Сол жылы ресейліктер көрші елдерге, оның арасында Қазақстан да бар, ағылған еді.
ІІМ мәліметінше, 2022 жылы 1 436 ресейлік Қазақстан азаматтығын алған, 484-і қандастар. Былтыр бұл көрсеткіш – сәйкесінше 3 505 және 1 303 болған. Ал биыл алғашқы он айда 1 724 ресейлікке Қазақстан азаматтығы берілген, 412-і қандас.
"2024 жылдың 1 қараша күнгі мәліметке сәйкес, елде 90 530 ресейлік тұрақты түрде тұрып жатыр, 10 318-і – этникалық қазақ" деп жазылған ІІМ хабарламасында.
2022 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың қазан аралығында 33 677 ресейлік Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған, 5 642–і – этникалық қазақ. Жыл басынан бері 62 481 ресейлікке уақытша тұруға рұқсат берілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елде алғашқы алты айда 37 272 ресейлік жұмыс істеген. 2022 жылы Қазақстанда 37,2 мың ресейлік жұмыс істесе, былтыр бұл көрсеткіш 66 мыңға дейін артқан. Ресей азаматтарының көбі қызмет көрсету, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатыр.