Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:47

10 млрд теңгеге салынған көпірден 10 жылға толмай ақау табылды

көпір
Фото: ашық дереккөз

Біздің елде тұрғын үй, көпір, жол сияқты құрылыстардың сапасыз салынатыны жасырын емес.

Салынғанына бірнеше жыл ғана болған нысанның құлап қалғаны немесе ақау табылғаны жайлы ақпаратты көп естиміз.

Мысалы, биыл тамызда Балқаш–Бурылбайтал тасжолының 1855-1905 шақырымы бүлінгені белгілі болды. 2021 жылы ғана пайдалануға берілген жолда ойық, шұңқыр және басқа ақаулар пайда болған. Сол кезде «ҚазАвтоЖол» өкілдері «жолдың тез тозуына ыстық ауа температурасы ауыр жүк көліктерінің көп жүргені әсер етті» деп ақталған. Соған қарағанда, жол жөндеушілер трассаны салғанда Арқада аптап ыстық болатынын да, жолмен жүк тасыған ауыр жүк көліктері жүретінін де ескермеген сияқты. Егер ескерсе, тасжолды күн мен салмаққа төзімді етіп салар еді.

Дәл осындай жағдай жақында Атырау облысында болды. Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің үстінен өтетін өңірдегі ең ұзын көпірден ақау табылып, ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынды. Ал жеңіл автомобильдер көпір үстінен сағатына 20 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүріп жатыр. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, көпір ортасында жарық пайда болыпты.

«Махамбет ауданындағы облыстық маңызы бар көпірде жарық пайда болды. Соған байланысты жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Қазір аталған көпірдің жай-күйіне техникалық зерделеу жүргізу үшін өтінім берілді», – деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.

Ресми дерек бойынша аталған көпірдің құрылысы 2014 жылы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген екен. Көпірдің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 13 метр. Жүк көтеру қуаты – 180 тонна. Оның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 9,4 миллиард теңге бөлінген. Бас мердігер – «Атырауинжстрой» ЖШС.

Ал Махамбет ауданы әкімдігі көпірдің ортаңғы бөлігіне ақау пайда болғанын айтып, қауіпсіздік мақсатында ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынғанын хабарлады. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев көпірге қандай мөлшерде зақым келгені техникалық тексерістен кейін белгілі болатынын айтты.

Бұл көпірмен жергілікті автомобильдер ғана емес, Ресейден келетін жүк көліктері және Еуропаға сапар шеккен фуралар жүреді. Яғни ол облыстың транзиттік әлеуетін арттырып отырған халықаралық деңгейдегі маңызды нысан. Оның үстіне көпір әлемнің екі бөлігі – Еуропа мен Азияны жалғап тұр, екі материк арасындағы шекара осы жерде өтеді.

Көпірдің пайдалануға берілгеніне небәрі 7 жыл болған. Бөлінген қаржы да қомақты. Соған қарамастан, тура орта тұсынан көлемді жарықшақ пайда болып, Азия мен Еуропа арасында сабылған жұртқа қауіп төндіріп отыр. Облыс әкімдігі тексеріс жүргіземіз дегеннен өзге ештеңе айтпай отыр. Мұндай ақаудан кейін көпір қалпына келе ме, онымен жүру қауіпті емес пе деген сұрақтарға ешкім жауап берген жоқ. Оның үстіне, 10 жыл толмай опырылып қалған көпір үшін кім жауап беретіні де белгісіз. Мердігер компания мен көпір құрылысын тексеріп өткізіп алған шенділердің жауапкершілігін анықтау керек деп есептейміз.

Қуан Өмірхан

Тегтер: