Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:28, 16 Сәуір 2024

Журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы да аштық жариялады

а
Фото:

Талдықорғандағы тергеу изоляторында журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім тағы да аштық жариялады. Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісовке сілтеме жасап Азаттық радиосы хабарлады.

«13 сәуірде Думанға түрмеде бардым. Осы күннен бастап ол өзіне қатысты тергеу мен соттың созылып жатқанына наразы болып, қайтадан аштық жариялады. Әкімшілік қамауға алынғанын ескерсек, бір жылдан астам уақыт темір тордың ар жағында отыр. Екі айдан кейін оның негізгі қылмыстық іс бойынша ұсталғанына тура бір жыл толады. Ал сот әлі жалғасуда», - деді Нұрпейісов.

«Экстремизмді қаржыландырды» және тыйым салынған ұйымға «қатысты» деп айыпталған Мұхаммедкәрім өз құқықтарының бұзылуына наразылық білдіру үшін бірнеше рет аштық жариялаған. Адвокаттың айтуынша, аштық акциясының бір бөлігі шартты орындаумен аяқталса, басқалары денсаулығына байланысты тоқтатылған.

2024 жылдың ақпан айында Мұхаммедкәрімнің тергеу изоляторында аштық жариялағаны хабарланған.

Адвокаттың айтуынша, қазір оның қорғалушысы тамақтан бас тартып, тек су ішеді. Талдықорғандағы тергеу изоляторы (№71 мекеме) қамаудағы белсендінің жағдайы «қанағаттанарлық, ол дәрігерлердің бақылауында» деп мәлімдеді.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алу» ісі бойынша төрт жылға сотталған азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужан да биылғы жылдың 10 сәуірінде қайтадан аштық жариялаған болатын.

Фото: Күлтегін Аспанұлының әлеуметтік желісінен