Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:43, 15 Сәуір 2024

Есбол Нұрахмет. Жаңбыр басылғанша (новелла)

Есбол Нұрахмет
Фото:

Әлгінде ғана күн көзін бірде көлегейлеп, бірде сырылып көшіп жатқан ақшарбы бұлттар ұйлығыса қалды да күрт түйіліп, сіберлеп жаңбыр жауа бастады.

Алғашқыда бір жақтан күн шұғыласы қатар түсіп, екінші жақтан жел айдаған майда тамшылар сырт-сырт тама бастаған, сәлден соң батыс жақтан түнере тұтасқан алып бұлт көрінді де сіркірей жөнелді. Шашының екі жағын жұқартып, төбесін сәндеп қойған, үстіне қысқа жеңді футболка, жұқа джинсы киген, бойы ортадан сәл ғана биік жас жігіт төбесін алақанымен қалқалап, бұрылып жол шетіндегі кафеге кірді.

Бұл кіргені сыртын әйнекпен қоршаған, кафенің есігі алдындағы кең вестибюль екен. Бірнеше үстел, орындықтар тұр, жаздың күнінде мұнда қонақтар отыратын секілді. Әйнек қабырғалардың қай тұсында болсын биік өсетін әсем гүлдер қойылған, кейбірі төбеге дейін жармасып өсіп тұр. Бір шеттегі үстелде кітап оқып жас қыз отыр, басқа жан баласы көрінбейді.

Жігіт орта тұстағы үстелге отырды да көшеге көз салды. Ірі тамшылар асфальт үстін сабалай жауып тұр, бірден, екіден ғана андыздап жеңіл көліктер өтеді. Көше бойы суға тола бастаған. Өйткен сайын тамшылардың қалай түсіп жатқаны анық көрінеді...

– Сәлеметсіз бе!

Жігіт бұрылып қарап еді, даяшы келіп тұр екен.

– Заказ бересіз бе?

Жігіт тағы да сыртқа қарады, аспан жаққа көз салды.

– Кофе бере салыңыз.

– Капучино, латте, американо?..

– Капучино... жо, жоқ, латте. Латте бере салыңыз.

– Жақсы.

Қарсы соққан желден жаңбыр тамшылары әйнек сыртына соғылып, айғыздала ағып жатыр. Арғы жақтағы көріністер әлде бір шебер суретшінің ерекше стилінен туған туынды секілді көрінеді. Жігіт қалтасынан смартфнын алып шығып шұқылап біраз отырды. Айтқан кофесі де келді. Кофені қолына алып жатып анадай жерде қарсы қарап кітап оқып отырған жас қызға қарады. Қыздың макияжы да, киген киімі де қарапайым ғана және жарасымды көрінді. Қыз анда-сонда телефонына қарап қояды. Жігіт кофені бір ұрттап қайта қойған соң бұрылып далаға көз салды. Қалың жаңбыр тіпті үдей түскендей көрінді. Жігіт ебін тауып қызбен әңгіме бастағысы келді. Қыз телефонына тағы қарап қойды, мүмкін біреуді күтіп отырған шығар… жігіт қыздың қолындағы кітапқа назар салды. Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” романы.

– Жақсы кітап, – деді жігіт қызға дауысын естірте. Қыз басын көтеріп жымиып қана күлді де, қайтадан кітапқа бас қойды, – тек ештеңе оқып көрмеген жас балаларға ғана, – деп қосақтап қойды сөзінің соңын.

Қыз мырс етіп күлді.

– Адамға бірден тисіп сөйлеу мәдениетсіздік болар…

– Мен тек кітап туралы көзқарасымды айтып отырмын.

– Сізден біреу көзқарасыңызды сұрады ма?

– Сізбен қатты сөйлескім келді…

– Неге?

– Түсі жылыдан түңілме деген бар ғой, жүзіңіз нұрлы екен… жан дүниеңіз де бөлек шығар деп ойлағам.

– Ойыңыздан қайтып қалдыңыз ба?

– Қазірше үміт бар… бірден сұрақтың астынан алып тергеп кеттіңіз ғой, – деп жігіт жылы жымиды. Қыз сыңғыр етіп әдемі күлді.

– Өзіңіз ғой, әңгімені бірден жағымсыз бастап отырған.

– Сіздің өн бойыңыздан маған таныс нәрсе тек осы кітап қана екен…

– Оның өзін онша ұнатпай тұрсыз ғой…

– Бұны да оқымайтындар қаншама! Оларға қарағанда көрімсіз ғой…

– Бағамды бір жола беріп тастадыңыз ғой тіпті, – деп қыз ренжіп қалғандай боп сәл тұнжырап қалды.

– Бір жола деп ойламаймын, «адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген бар емес пе, адам бірін бірі сөйлесе келе, уақты өте келе таниды ғой, алғашқы пікірдің өзі мың рет өзгеруі мүмкін. Жалпы біреу туралы ойдың барлығы субьективті дүние, сондықтан менің бағамнан алаңдауыңыздың түк қажеті жоқ.

– Алаңдап қалдым, іхіхі, – қыз сыңғырлай күлді, бұл күлкіде сәл мазақ та жатқандай көрінді.

– Ашық-жарқын жан секілдісіз...

– Жаңа ғана өзіңіз адамдар бірін бірі уақыт өте келе таниды деп едіңіз, енді бір қылығыма бола қалайша ашық-жарқын деген баға бере салдыңыз? Мүмкін, мен сіздің алдыңызда шын болмысымды жасырып отырған шығармын.

– Адам көп жағдайда қарсы жағына ұнау үшін шын болмысын жасырады...

Қыз сыңғырлап күліп жіберді.

– Үмітіңіз зор екен.

– Үміт менде емес сізде секілді.

Қыз тағы күлді.

– Өзіңізге тым сенімді секілдісіз.

– Ақымақ қана өзіне сенімді болады...

– Онда сіздің де ақымақ болғаныңыз ба?

– Есті адамды ақымақ қылатын екі-ақ нәрсе бар, бірі ашу, бірі ғашықтық.

Қыз жігітке сұраулы көзбен тіке қарады. Кітабын жинап бір жаққа қойды.

– Сіз маған ашуланып отырсыз ба сонда?

Қыз әдейі күлді.

– Екінші нұсқаны қарастырмайсыз ба?

– Тым сенімсіз шығып тұр. Сіздей адам кісіні бір көріп сүйіп қалады деп ойламаймын.

– Неге?

– Адамның алғашқы пікірі де мың рет өзгеруі мүмкін дедіңіз ғой, оны білетін адам ұзақ ойланып, асықпай шешім қабылдайтын шығар.

– Иә, солай екені рас, бірақ бұл алғашқы сезім мүлде дұрыс емес дегендік емес қой. Мүмкін ең дұрыс сезім алғашқы сезім шығар? Кейбір адамдар өздерін алдап, алғашқы сезімге иланбай, кейінгі ақылмен қабылдаған шешімдермен өмір сүремін деп қателесіп жүрген болуы мүмкін ғой.

– Ойыңыз қызық екен.

Қыз ойланып қалғандай болды. Терезе сыртына қарады, жаңбыр құйып тұр. Суға толған асфальт үстін кесек тамшылар сабалай түседі. Жігіт те сыртқа көз салды.

– Жаңбыр адамды үнемі ойға жетелейді.

Қыз жігітке қарады. Қиылғанына көп болмаған маңдай тұсына сәл еңкейіп тұрған қара-қоңыр шашы, бұдырсыз жазық маңдайы, қою қара қасы мен жайдақтан сәл ғана шүңіректеу көзіне қарады, әдепкіден сәл кесектеу мұрыны, қалың еріні, сақал-мұртсыз таза, шығыңқы иегі – бәрі өзінше үйлесіп тұр. Бетінің әр бөлігі өзінше бөлек фигура секілді көрінді. Жаңбырлы көшеге қарап отырған ойлы жігіт бейнесі қызды қызықтырған секілді.

– Сіз не ойлап отырсыз, егер құпия болмаса? – деп жігіттің назарын өзіне бұрды.

Жігіт мырст етіп күлді.

– Айтуға ыңғайсыз. Бірақ сіздің не ойлап отырғаныңызды айтып бере аламын.

– Тым қиялшыл секілдісіз... – қыз болмашы жымиды, – Ал айтып көріңіз...

– Сіз өткеніңізді екшеп, бүгінгі сәтіңізді таразылап отырсыз...

– Олай жалпылама мен де айта аламын ғой. Мысалы сіз де сөйтіп отырсыз...

– Жоқ, мен болашақты ойлап отырмын.

– Қандай болашақты?

– Сізбен өтетін өмірімді көз алдымнан өткізіп отырмын...

– Қиялшылсыз деп айттым ғой... біз бірінші рет қана кездесіп отырмыз ғой, қалай бәрін қиялдап үлгересіз?

– Егер екінші рет кездессек, сосын үшінші, төртінші рет кездессек, бірімізді біріміз ұната түссек, махаббаттың ыстық отына күйіп, ақыры үйленсек, қалай болуы мүмкін?

– Болашақты болжайтын қабілетім жоқ, кешіріңіз, – деп қыз жымиды. Қызға жігіттің бұл сұрағы ұнап тұрғандай.

– Егер үйленсек, мен сіздің әр күні көңілді болуыңыз үшін қолымнан келгеннің бәрін жасар едім, егер сіз де мені сүйсеңіз, сіз де маған солай қызмет етер едіңіз, біз мүмкін әлемде сирек кездесетіп ең бақытты отбасы болармыз.

– Сіз тым қатты қиялдап кеттіңіз...

– Жоқ, мен бұның бәрін суық ақылмен ойлап отырмын, және бұның екінші нұсқасы бар. Біз бірімізді біріміз сүйіп, ұнатып қосыламыз, алғашқы айлар қызыққа толы болады, мен сіздің болғаныңыз үшін, сіз менің болғаным үшін шүкір айтып жүреміз. Сосын, белгілі бір уақыт өткенде, бір біріміздің кейбір ұсақ қылықтарымыз ұнамайтынын аңғарамыз. Менің кейбір адамдарды менсінбейтінім, қазір сыптай боп отырғанмен сақал-мұртымды, шашымды алмай жүріп алатын кездерім көп болуы мүмкін, кітап үстелім жиналмай, шашылып жататын болуы мүмкін. Сіздің қазір жасырып отырған мінездеріңіз сонда шығуы мүмкін, ұнамаса ұрсып тастауыңыз, қызға сай келмейтін әлде бір дөрекі қылықтар көрсетуіңіз мүмкін. Ал бұл қылықтарда сан жоқ, қате қойылған сұрақтар, түсінбей қалған сөздер, менің кейбір достарым, сіздің кейбір құрбыларыңыз, баланың жылауы, оған қалай жауап қайтаратынмыз, тұрмыстың ауырлығы, кредитке бату, жұмыссыздық. Бұның бәрі біздің қарым-қатынасымызды күрделендіре, қиындата түседі. Бірімізді біріміз түсінбейтін сәттер онан арман көбейе береді. Бұның соңы бір-біріміздің түрімізді көргенде құcқымыз келетін деңгейге жетеміз. Үйдің ішінде күнде айғай, күнде ұрыс болады. Сондай сәттердің бірінде менің қолым сізге тиіп кетуі де мүмкін, бірақ өзімді әйелге қол көтеретін адаммын деп есептемеймін. Тіпті сіз мықты боп мені сабап тастауыңыз да ғажап емес, бірақ қазіргі қалпыңызға қарап, сізді де ондайға бара алады деп ойламаймын. Ал балалар күнде осыны көріп жылайтын, қайғыратын болады, бірі сізді, бірі мені жақтаймын деп үлкендердің ісіне араласып, балалығын жоғалтады. Өмірге солай психикасы әлсіз, айналасын түгел жеккөретін бір адамды тәрбиелеп жеткіземіз... ал біз ажырасуымыз да мүмкін, одан да жаманы сол мәнсіз ұрыс-керіске толы тіршілік өзімізге ұнап қалып, бірге тұра беруіміз де мүмкін. Ал менің осы сөздерімді естіп болғанда сіз ашуланып шығып кетуіңіз де мүмкін, екінші нұсқа алдымдағы кофені бетіме шашып кетуіңіз де мүмкін... үшінші нұсқа...

Жігіттің сөзін қыз бөліп жіберді. Қыздың жүзі сәл сұрланып, өкініш, реніш табы біліне қалды.

– Не қылған мәнсіз адам едіңіз! Тек қазіргі сәтпен өмір сүруге болмай ма? Ойыңыз толған негатив... қалай өмір сүріп жүрсіз?

– Мен сізге позитивті нұсқаны да айттым ғой.

– Негативті сонша созып, қызыға баяндап отырсыз ғой.

– Бақытты ұзақ суреттей алмайсыз, бақытты айтып та бере алмайсыз, бақыт тіпті есіңізде де қалмайды. Бақыт деген сәттер ғана.

– Һім, өзіңіз сұмдық философ екенсіз ғой...

Қыз телефонына бір қарап орнынан тұра берді. Сырттағы жаңбыр да басылып қалыпты. Күн шайдай ашылыпты. Кафенің алдына бір жеңіл көлік келіп тоқтай қалды.

– Менің жігітім келді. Сау болыңыз.

Қыз жұлқына шыға берді. Жігіт мырс етті.

– Жігітіңізбен де екі нұсқаны қатар ойлаңыз.

Қыз тіпті ашуланып кетті. Бұрылып келді де жігітке төніп тұрып ұрысып тастады.

– Сіз өмірде жолы болмаған, адасқан, некеден көңілі қалған адам екенсіз. Бар ойлағаныңыз сол болса өз басыңызға келсін!

Қыз шығып кетті. Ашулана барып көлікке отырды. Көлік сәл тұрды да қозғалып кетті.